ТАТУ ЕЛДІҢ ТУЫ БИІК, ТҰҒЫРЫ МЫҚТЫ

27.09.2022



ТАТУ ЕЛДІҢ ТУЫ БИІК, ТҰҒЫРЫ МЫҚТЫ.

Нүркен АЙТЫМБЕТОВ, Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, саясаттанушы:

– Соңғы жылдары Қазақстанның бейбітсүйгіш елдер рейтингіндегі көрсеткішінің тым төмендеп бара жату себебін бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Біздің байқағанымыздай осы көрсеткішке көбіне елдегі әртүрлі ішкі факторлар әсер етіп отыр деген байлам жасауға негіз болып отыр.

Ескеретін жайттың бірі елдегі орын алатын ауыр қылмыс деңгейі. 2021 жылы әлем елдеріндегі ауыр қылмыс деңгейі бойынша статистикаға сәйкес Қазақстан Мексикадан кейінгі 40-орынды иеленді. Бұл көрсеткішке сәйкес елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың қаншалықты деңгейде екені айтпаса да түсінікті. Қылмыстың жоғарғы деңгейі халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Кез келген елде ауыр қылмыстардың өсуінің басты себептері жұмыссыздық, құқық қорғау органдары жұмысының тиімсіздігі, сыбайлас жемқорлық және тағы басқалар болып табылатыны белгілі.

Сыртқы факторлар Қазақстанның көрсеткішін төмендете алмайды, керісінше абыройын асқақтата түседі. Себебі, посткеңестік елдердің бірқатарында бүгінгі күні орын алып отырған территориялық даулар Қазақстанда жоқ. Қазақстан көрші елдермен барынша тату-тәтті қарым-қатынас орнатуға тырысады. Көршілес елдер арасындағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге мүдде танытады. Тіпті, қақтығыстарды шешуге тікелей араласып, өзара татуластырушы ел ретінде де қатысып отырады. Әлем елдерімен халықаралық байланыстары да жақсы жолға қойылған. Көптеген алдыңғы қатарлы елдермен дипломатиялық жақын қарым-қатынаста, кейбірімен экономикалық-әріптестік байланыс күн санап артып келеді. Тек бейбітсүйгіш ел көрсеткішінің төмендеуіне елдегі ішкі тұрақтылық мәселелері өзінің жағымсыз ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта өз ішіміздегі шешімін таппаған күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді түбірімен шешуге бар күшті жұмылдыру керек.

Заң газеті, №76

https://zanmedia.kz/wp-content/uploads/2022/09/Zan-76-1-8.pdf