Әлеуметтік желідегі жастардың дінтанулық сауаттылығы

09.06.2023

Әлеуметтік желідегі жастардың дінтанулық сауаттылығы

Әлеуметтік желідегі жастардың дінтанулық сауаттылығы

 

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану орталығының директоры Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы

Әлеуметтік желінің түрлі бағыттарын қолдану, күнделікті өмірде пайдалану, қоғам арасында танымалдығы мен ақпараттың қысқа, нұсқа, жағымды контенттің қажеттілігі күн сайын артуда. Интернет қолданушылардың басым бөлігі жастар категориясы болуларына байланысты қазіргі әлемдегі түрлі деструктивті идеологиялардың адам санасын арбауға (ментальді сана-сезімге әсерлеу, жат ағымдар, қаржылық алаяқтық, зиянды элементтер, құмар ойындары, синтетикалық нашақорлық т.б.) тырысуда. Интернетте түрлі психологиялық әдіс-тәсілдерді меңгерген (мимикрия, фобия, нейро-лингвистикалық бағдарлау т.б.), таргет жарнамалау, заманаиу контент, «ақпараттық шабуыл» түрлерінен хабардар болған жат ағым ұстанушылары өздерінің түсініктерін жариялауға әлі де тырысуда.

Мемлекеттік құрылымдардың ресми ақпараттарында соңғы 5 жыл арасында Қазақстанның заңдарына қайшы келетін, деструктивті контент жариялаған, насихаттаған 900 000 астам сілтемелер, бейне, аудио мәліметтер анықталып, оларға бұғаттау шаралары жүргізілген. Аталып отырған жағдаяттар Елімізде, әсіресе жастарды деструктивті ағымдар туралы сауаттандыру, «ақпараттық қауіпсіздік» ережелері туралы хабардар етуді талап етеді.

Жаhандану үрдістерінің салдарынан, қысқа метражді бейне сұхбаттар, дәстүрлі исламның, зайырлы, өркениетті қоғамның құндылықтарына қайшы мәліметтерді түрлі аккаунттар мен парақшаларда жариялауда. Шетелдік уағызшылар тарапынан Еліміздегі діни қарым-қатынас ерекшеліктері, халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі исламның құндылықтарына қарамастан өздерінің деструктивті пікірлерін жариялауға тырысып бағуда. Жергілікті ерекшеліктер (мемлекеттің саясаты, қоғамдық салалар, ауа-райы, континент, құқықтық заңдар т.б.) ескермей сырттағы ортаның ықпалымен Қазақстандағы мұсылмандарға уағыз жүргізу, тарихи-мәдени факторларды ескермей түрлі пікірлер, пәтуалар айту өз кезегінде қателік болып есептеледі. Үкіметтің заңдары бойынша шетелдік уағызшылар Қазақстанның тиісті мемлекеттік мекемелердің рұқсатынсыз уағыз-насихат жүргізулеріне қатаң тыйым салынады, айтылған ақпараттарында діни алауыздық пен өшпенділік туралы мағлұмат болған жағдайда сараптама жүргізіліп, таралуына шектеу жасаланыуы ықтимал.

Қорытындап айтқанда, жастарды әлеуметтік желідегі деструктивті контенттен қорғау үшін бірқатар мәселені назарға алу керек: шетелдік уағызшылардың ақпаратын тыңдамауды ұсынамыз; діни мәліметтерді тек ресми аккаунттар мен парақшалардан оқыған/тыңдаған жөн болады; танымайтын адамдар, фейк (расталмаған) достық ұсынған аккаунттарға қабылдамау/жазылмау қажет; белгісіз мазмұндағы және бейтаныс адамдардың діни контентінің дұрыс/бұрыстығын анықтау мақсатында мемлекеттік органдардың ресми аккаунтарына хабарлама жолдау мүмкіндігі бар (din_almaty, cipr_almaty, qogam.kdr). Халқымыздың «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген парасатты сөздері, қазіргі заманда жаңа толықтыруды талап еткен секілді, «Ел боламын десең – бесігіңді, әлеуметтік желіңді түзе» деген пайым ойға келеді. «Ақпарат ғасырдағы» заман талабындағы құралды басты құндылығымызға айналмауын, бастысы зиянын ажыратуды жастар назарына ескертуіміз қажет болып саналады.

 

https://www.facebook.com/CenterForReligiousStudies/