Комитета науки министерства образования и науки Республики Казахстан
наукакз
Айтымбетов Н.Ы., ҚР БҒМ ҒК
Философия, саясаттану және
дінтану институтының
ғылыми қызметкері

Қазақ тарихын қайта жазу мен ұлттық сананы жаңғырту мәселелері


Қазақ тарихының қайта жазылу мәселесі қоғамда ұзақ уақыттан бері күрделі және қарама-қайшы пікір-таластың қайнар көзіне айналып келеді. Бұл идеяны қозғаудың басты тетігі, қазақ тарихының осы уақытқа дейін жазылу барысында әр кезеңдердегі түрлі идеологиялық бағыттардың ықпал етуі мен тарихи деректердің жетіспеушілігі, сондай-ақ оның шамадан тыс бұрмалануының нәтижесінде пайда болған олқылықтарды жоюда жатыр. Яғни, қазақ тарихын Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихы ретінде дербес көзқараспен жаза отырып, шынайы тарихи деңгейге көтеру, сол арқылы жас буынның ұлттық санасын қайта жаңғырту болып табылады. Осы орайда өткен жылы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу – өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы» атты баяндамасында ұлттық тарихтағы кемшіліктерді тізбектей келе, «Этнос көкжиегін кеңейтуді ғылыми тұрғыдан орнықтыру, бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық бірегейліктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді» - деп атап өткен болатын.

Сондықтан, тарих ұлтымыздың патриоттығы мен ұлттық бірегейлігінің негізгі қайнар көзі болуға тиісті. Жас ұрпақ тарихтан тамыр алып, ұлттық рухтың күшімен қанаттануы тиіс. Жастардың саяси санасын қалыптастыруда да ұлттық тарихтың алатын орны ерекше. Өйткені кез-келген тарих өзегінде белгілі бір ұлттың, немесе тайпаның, рудың, тіптен жеке адамың өмір тәжірибесі, мақсат-мұраты, моральдық-этникалық нормалары жатады. Осы тұрғыда «Қазіргі қазақ тарихы қаншалықты деңгейде өзінің қызметін атқаруда?» -деген сұрақ туындайды. Мен тарихшы ретінде айтар болсам, қазіргі қазақ тарихы бейтарап бағытта жазылғандықтан, көп жағдайда онда ұлттық рухтың лебі есе бермейді. Әсіресе, орта білім беру бағдарламасындағы тарих пәнінің оқулығы нақты тарихи деректердің жоқтығынан жүйелі түрде жазылмаған, соның ішінде кереғар пікірлер мен толассыз цитатталарға орын бере отырып, ақырында оқырманның санасында белгілі бір кезең туралы айқын мәлімет қалдыра алмайды. Бұл тұтас тарихтың жазылмағандығы мен шынайы, батыл тарихи көзқарастың жоқтығын аңғартады. Осы орайда қазіргі таңда отандық тарихшылардың басты міндеті еліміздегі тарихи олқылықтардың орнын толтыруға баса назар аудара отырып, тарихты зерттеуде жаңа бағытқа көшіру, яғни ұлттық мүдде тұрғысынан шынайы біртұтас тарихты қайта жазу болып табылады. Бұл идея болашақта жас ұрпақтың ұлттық идеологиясы төл тарихымыздан бастау алуы тиісті дегенді білдіреді. Өйткені сол шынайы тарих негізінде заман талабына сәйкес ұлттық сана, ұлттың жаңа дүниетанымы қалыптасады.

АНОНС