Жұртшылықтың жаңа Парламенттен күтері көп – Саясат Бейісбай

24.01.2023



Жұртшылықтың жаңа Парламенттен күтері көп – Саясат Бейісбай

19 наурызда Парламент Мәжілісінің сайлауы өтеді

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы Саясат Бейісбай наурызда өтетін Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Өткен Парламенттің таратылуы – жұрттың бәрі білетін,  көптен күткен шара болды. Бұрынғы депутаттар өздерінің өкілеттігі бітетінін іштей сезіп, соған дайын жүрді. Енді бұрынғы халық қалаулыларының біразы тағы да бағын сынап, егер халық оларды лайық деп тапса, қайтадан сайлауға қатысудан үмітті. Оны енді негізінен өздері мүшесі болған  партиялары шешеді. Жұртшылықтың жаңа Парламенттен күтері көп. Президент атап айтқанындай, жаңа сайланатын парламенттің билігі үлкен болуы тиіс. Көпшіліктің айтуынша, егер рас болып, соған дәлел табылса, шетелге шығып кеткен қыруар қаржыны қайтаруды Мәжіліс депутаттары үкіметтен сұрап, талап етуі тиіс. Бұл халық қалаулыларының беделін арттыра түсер еді. Депутаттардың 30 пайызы  жастар мен әйелдер және  мүмкіндігі шектеулі азаматтар болатыны айтылды. Мемлекет басшысы бұл сайлау әділетті, адал өтуы тиістігін қадап айтты. Ол үшін прокуратура, басқа да қадағалаушы органдар сайлау барысын бақылауға дайын болуы тиіс, - деді Саясат Бейісбай.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы өз сөзінде, халықтың көңілінен шықпаған, лайық емес кейбір депутаттарды мандатынан дереу кері қайтарып алу мәселесі өте орынды екенін жеткізді.

Осы сайлауда халықты бұл саяси шараға  тартуда белсенділікті арттыру әрбір партияның ісі болмақ.  Қазір тіркеліп үлгерген жеті партия бар. Олар, егер  сайлауға қатысса,  өздерінің саяси бағыттары арқылы  дауыс жинауға мүмкіндік туады. Енді сол партиялардың басты мақсаты - тиісті дауыс жинау арқылы қайткенде Парламентке өту. Осы жолы  партиялар  сайлаушыларды барынша оятып, саяси науқанға белсене тартуға тырысады. Осыған дейін жергілікті мәслихат депутаттары аймақтағы өз басшыларының айтқанынан шықпай, әкімдерге жалтақтап келсе, енді өз құзіреттері арта түскен соң  батыл әрекетерге көшіп, белсенділік  танытулары тиіс. Демек, мәслихат депутаттарының да беделі арта түседі. Ендігі жерде олар барынша еркін,  батыл қимылдап, өз ойларын  батыл айта алатын депутаттар болады деген үміт үлкен.

Депутаттар арасында  Президент атап көрсеткеніндей,  елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға батыл кірісетін  білікті мамандар, әсіресе ғылым мен білімді, өндірісті өркендететін лайықты халық қалаулылары көп болуы тиіс. Сонымен, Мәжілістегі және мәслихаттағы  әр дауыс үшін шынайы әрі әділетті күрес жолындағы  саяси дода басталды.   Ендігі жерде  жаңадан сайланатын депутаттар қуатты мемлекет пен мықты азаматтық қоғам құру жолында шынайы күресер болып, еңбек етулері тиіс,- деді Саясат Бейісбай.

#мендауысберемін #сайлау2023

СМИ Зарина ЕлОрда Инфо

https://kaz.elorda.info/sayasat/28401-zhurtshylyktyn-zhana-parlamentten-kuteri-kop-saiasat-beiisbai/