Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сұхбаттары

18.09.2022



Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сұхбаттары

Нүсіпова Г.И. - Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD

Еліміздің астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өз жұмысын аяқтады. Мұндай әлемдік басқосудың біздің елімізде өткені Тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі деп айтуға болады. Бұл басқосуға Рим Папасымен бірге көптеген діни көшбасшылар қатысты. Олардың арасындағы ортақ сұхбаттар көптеген мәселелерді көтерді.

Рим папасы Франциск «Бізге рухани байлық пен өркениетті кеңейту қажет. Абай айтқандай жан тіршілігін рухымызбен ұштастыру керек» деп қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың өркениет пен мәдениет түсініктерін діни тұрғыдан көрсете білген ойшылдардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияның ең үлкен континентінде орналасқан көпір екенін айта келе, Қазақстанның Туы мен Әнұранының ерекшелігіне тоқталды.

Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты Рим Папасы: «...әрбір адамның жүрегінде бейбіт өмірге деген сұраныс болу керек. Шынайы адам үшін ең негізгі еркіндік – ол діни еркіндік» деп әлемде бейбітшілік пен достықты, татулықты орнату үшін атсалысатынын айтты.

Сондай-ақ, Әл-Азһар Ислам университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб бүкіл әлем бейбітшілікке мұқтаж, сондықтан әлемдегі діни қызметкерлердің арасында татулық орнатылып, діндерді бір арнаға тоғыстыру қажет деп, тамырымызға балта шабатын дүниелерден бойымызды аулақ ұстауға шақырады. Израильдің Бас Сефард раввині Ицках Иосифте бейбітшілік үшін құлшылық етуден артық дүние жоқ екенін ескере отырып, адам дінге қалай сенсе, адамға да солай сену қажет екенін, сонда ғана адамдардың арасында сүйіспеншілік пайда болатынын атап өтті.

Бұл отырыста бұдан да басқа көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, қазіргі жастардың түрлі теріс бағыттарға түсіп жатқаны, сондықтан діни сауаттылықты арттыру, олардың адасуының алдын алу сияқты бірқатар мәселелер талқыланды. Съезде 35 тармақтан тұратын декларация қабылданып, онда қазіргі заманғы жаһандық мәселелер жан-жақты қамтылды. Декларацияның маңызды бағыттары қазіргі әлемнің өзекті мәселелеріне ортақ шешім табуға, өркениетаралық және дінаралық сұхбатты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз.