САЙЛАУҒА НЕ ҮШІН БАРУ КЕРЕК?

23.01.2023



САЙЛАУҒА НЕ ҮШІН БАРУ КЕРЕК?

Шынар Бақытжан ФСДИ ғылыми қызметкері

Ағымдағы жылдың 19 наурызында ҚР Парламентінің Мәжілісіне сайлау өтеді. Алайда халықтың көпшілігі дауыс беруге баратынын немесе бармайтынын нақты шешкен жоқ. Олардың ойынша – халық үні ештеңені шешпейді және олардың сайлауынсыз-ақ «дайындап қойған» депутаттар жеңіске жетеді.

Халықтың бұндай көңіл-күйін түсінуге болады: бұл сайлауға бұрыннан белгілі партия депутаттары қатысады. Дегенмен, осы жолғы сайлауда біршама ерекшеліктер бар. Естеріңізде болса өткен сайлауда елдің бас қалаларында «Әділ сайлау үшін!» ұранымен бірнеше наразылықтар өткен болатын. Нәтижесінде, осы жылдың маусым айындағы референдум барысында енгізілген түзетулерге сәйкес, билік парламенттік сайлаудың пропорционалды-мажоритарлы аралас жүйесіне және аймақтар бойынша бір мандатты тікелей сайлауға жол ашып, жалпы сайлау заңнамасын реформалауға кіріскен еді. Осы орайда жаңа партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, ал Президент ешбір партияның басшысы бола алмайтын болды.  Бұл ретте қазақстандықтарға депутаттық мандатты сайлау ғана емес, кері қайтарып алу құқығы да берілген болатын. Яғни, депутат өзі сайланған аймақтың дауыс берушілерінің  үмітін ақтамаса, немесе өз міндеттерін орындай алмаса, сайлаушылар белгілі бір уақыттан кейін депутаттың орнын босатуын талап ете алады.

Осы уақытқа дейін біздің қоғамның бәрі емес, бірақ көпшілігі әдеттегідей «билік нашар, сайлау адал емес, біздің дауысымыз ештеңе шешпейді, сол үшін сайлауға бармаймыз» деген сенімсіздік позицияны ұстанып келді. Ал бұл сайлау - қоғам үшін мемлекет болашағына жауапкершілік алып, қоғамның саяси санасының есеюіне нақты мүмкіндік береді. Біздің онсызда құқығымыз көп емес. Сол аз құқықтың ең маңыздысы - сайлау құқығы. Тек саған арналаған, жеке-дара бюллетенің бар. Соны қолданайық.  Себебі, дауыс беру – бұл тек белгілі бір кандидат пен партияны таңдау емес, сонымен қатар демократияны таңдау.