СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАР

15.09.2022



СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАР

Мейрамкүл ИСАЕВА, PhD докторанты

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құрудағы жүзеге асырылуы тиіс: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп бағдарларын атап өтті. Ел дамуындағы бұл бағдарларды жүзеге асыру үшін қажетті механизмдердің де қалыптасуына жағдай жасау қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Билікте монополизацияны болдырмау және ұсынылып отырған бір мерзіммен шектелген 7 жылдық Президент өкілеттігі аталған мерзімнің жоспарланған бағдарламаны атқару үшін мейлінше жеткілікті деп тануды ұсынды. Осы ұсыныс Парламент тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы жүзеге асатын болады

Президент өкілеттілігінің 7 жылдық мерзімі көрші Орталық Азия мемлекеттері тәжірибесінде де кездеседі: Түркіменстан Республикасының президенттік өкілеттілік мерзімі 7 жыл, ал Өзбекстан Республикасының Конституциясында (2011 жылғы конституциялық өзгеріске дейін) президенттік мерзім 7 жылдық болатын. Қазақстан Конституциясының 41-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының Президентi бес жылдық мерзiмге сайланатындығы, ал 42-баптың 5-тармағында «Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды» деп көрсетілген. Осы Жолдаудағы Мемлекет басшысының Президент өкілеттілігінің екі реттік сайлаудан бір мерзімдік сайлауға ауыстыру ұсынысының негізгі себебі елдегі билікте қалыптасқан моделді жаңарту және билік ауысына жағдай жасау болып табылады.

Мемлекет басшысы еліміздегі жүзеге асырылып жатқан реформалар қоғамның саяси және экономикалық жаңғыруына жол ашатынына және жаңа өзгерістердің қоғам игілігіне қызмет ететініне сенімін білдірді.

Газета Газета «Алматы Ақшамы»  №106 (6241) 15 қыркүйек, 2022 жыл

https://almaty-akshamy.kz/uploads/files/2022/09/n106.pdf