Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылға арналған ғылыми және атаулы даталарды бекіту туралы іс-шаралар жоспарына сәйкес мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «525 жылдық» мерейтойына байланысты ағымдағы жылдың 18 маусымы сағат 11.00-де ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты «Мұхаммед Хайдар Дулатидің діни-философиялық көзқарастары» тақырыбында ұлттық симпозиум өткізді.
Аталған ұлттық симпозиум «Қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы әділеттілік мазмұнына және оны қазақстандық қоғамда іске асырудағы заманауи концептуалды тәсілдер» ғылыми іргелі зерттеулерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Академигі, «Ұлттық ғылым академиясы» Президентінің міндетін атқарушы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Сейдуманов Серік Тұрарұлы ұлттық симпозиумның қатысушыларына кіріспе сөз айтып, ғылыми іс-шараның маңыздылығын, мақсаты мен міндеттерін жариялады. Мұхаммед Хайдар Хұсайынұлы Дулати (1499-1551) – әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнаме» дастанының авторы. Көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың – тұңғыш тарихшысы, философы, ғұлама ақын, дипломат, әскери қолбасшы және ол қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі – ойшыл ғалым. «UNESCO» шешімі бойынша 1999 жылы М.Х. Дулатидың 500 жылдығына арналған арнайы конференция өткізілгенін жеткізді.
ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы ұлттық симпозиум аясында «Мұхаммед Хайдар Дулати және Қазақ хандығы тарихының деректік мәселелері» баяндамасында Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» шығармасының Қазақ хандығының құрылуы мен тарихи маңызды оқиғалары туралы бірегей құнды еңбек ретінде бағалады, аталған тарихи еңбектің мазмұны нақты тарихи оқиғаларды баяндайды, екінші мазмұны мәдени антропологиялық сипаттағы мәліметтерді қамтитынын жариялады.
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА Корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Н.Л. Сейтахметова «Тюркский духовно-этический компонент в творчестве М.Х. Дулати» баяндамасында «Тарихи-Рашиди» шығармасының мазмұнды негіздеріне тоқталып түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасына қатысты деректер жинағы ретінде екендігіне тоқталып өтті. Фәлсәфалық мағынадағы «бірегейлік», мәдени құндылықтар, сана, парадигма тәрізді ұғымдар шеңберінен қарастырылғанда аталған еңбектің терең мағыналы құрылымы туралы тоқталып өтті.
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Б.М. Сатершинов «Мұхаммед Хайдар Дулатидің дін көзқарастары мен қайраткерлігі» баяндамасында Мұхаммед Хайдар Дулатидің жеке өмірбаянына байланысты деректерді жариялады («үйсін» тайпалық топтары туралы тарихи деректерді көрсетіп), сонымен қатар, «Тарихи-Рашиди» еңбектегі діни категориялар туралы хабардар етіп, Үндістанның Қашмир өлкесіндегі діни топтар мен ағымдарға сараптау мәліметтер жайында деректермен бөлісіп, кең көлемді ғылыми талқылауға үндейтін мағлұматтармен хабардар етті.
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының философия орталығы директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор С.Е. Нұрмұратов «Бұқаралық санадағы халықтың батырлар жырларының айшықталуы» баяндамасында рухани антропологиялық сипаттағы адам құндылықтары қатарында эпостар, жырлардың тәрбиелік мағынадағы рөлінің ауқымдылығын айтып, жастар арасында мазмұнды құндылық ретіндегі маңыздылығына тоқталып айтты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі (тарих), докторант Ж.М. Белтенов «М.Х. Дулатидің дүниетанымы және осы заманға берер өнегесі» баяндамасында тарихи деректердегі дүниетанымдық парадигмалардың мысалында түркі әлемінің ойшыл, қайраткерлердің осы заманға берер өнегелік мұрасы туралы ақпараттар жариялады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасы аға оқытушысы, PhD доктор М.А. Жүзей «Мұхаммед Хайдар Дулатидің діни көзқарасы» тақырыптағы баяндамасында қазіргі таңдағы әділеттілік ұғымдары мен идеялық мазмұндарының тарихи санадағы маңызды мысалдары ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірбаянындағы білім алу кезеңдері, діни көзқарастарын қалыптастырған ұстазы жайында деректерді жариялады. Бүгінгі күнгі жаhандану үрдісінде дәстүрлі мәдени парадигма аясында жастардың білімді, отаншыл, белсенді қоғам өкілдері ретінде қалыптасулары үшін ортағасырлық мысалдағы аталған тұлғаның өмірлік жолы үлгі боларлық екендігін жеткізіп өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Н.Ә. Атығаев «Мухаммед Хайдар Дуглат және оның Тарих-и Рашиди шығармасы» баяндамасында аталған еңбектің түпнұсқасы парсы тілінен аударылғандағы бірқатар мәселелерді айтып, аудармаға қатысты ақпаратпен бөлісті. Түпнұсқадағы парсы тілінен орыс және қазақ тілдеріне аудармадағы кейбір орын алған ұғымдар туралы нақты деректер парсы тіліндегі түпнұсқада өңірлер мен тарихи орындар туралы баяндалғанын хабардар етті.
Ұлттық симпозиум жұмысының негізгі ғылыми бағыттарына сәйкес, баяндамашы ғалымдардың, зерттеушілерді жан-жақты баяндамаларында келесі тақырыптар аясында қорытынды мәліметтер қарастырылды:
1) Мұхаммед Хайдар дәуіріндегі діни-философиялық ұстанымдардың негізгі идеяларын зерттеудің әдіснамалық мәселелері – «Тарихи рашиди» (турашыл жолдағылардың тарихы) және «Жаханнаме» шығармаларда 15-16 ғасырлардағы Азиядағы діни-философиялық бағыттар қатарында сопылық бағыттары, шииттік сенімдер мен Азияның Үндістан еліндегі діни топтардың көріністер мен қоғамдық келісімге байланысты ықпалдары қарастырылған. Адами құндылықтар қатарындағы мейірбандық, мейірімділік, сенімділік, өркениет пен мәдени нышандар туралы хабардар етілген мәліметтер қамтылды. Шығармалардағы Жаратушы мен жаратылыс адамның байланысы, рухани, мәдени аксиологиялық, танымдық ұстындар жайында бірқатар ой-толғамдар туралы талқылау өткізілді.
2) Қазақ хандығының құрылуындағы алғашқы тарихи деректерді зерделеудің өзекті мәселелері - аясында Керей мен Жәнібек хандардың тарихтағы орны, беделді саясаткер рөліндегі халыққа жасаған еңбектері туралы нақты деректер талқыланды.
3) Әлемдік мәдениет пен өркениетке қосылған түркілік ойшылдың үлес хақында - Мұхаммед Хайдардың тарихи тұлғасы Орталық Азиядағы, Үндістан, Моғолстан тәрізді орта ғасырдағы жазба, тарихи, ғылыми, поэзиялық әдебиеттер туралы деректер жинағы және әмбебап әдебиет ретінде жарыққа шыққан құнды еңбектің авторы болып табылады. Қазіргі Өзбекістан, Тәжікістан, және шетелдік зерттеушілері «Тарихи-Рашиди» еңбектеріндегі тарихтағы оқиғалар мен хандық, сұлтандық, дәуірлердің ерекшеліктерін зерттеуге қолғабыс болатын еңбек деп бағалайды.
4) Әділеттілік қағидатының түркі-қазақ рухани дискурсындағы сабақтастығы – бірнеше бағыттар аясында қарастырылғаны анықталған, әлеуметтік әділеттіліктің басты шарттарының бірі заңдылық қағидаттардың жүзеге асырылуы, діни-философиялық тұрғыдағы әділеттіліктің жүзеге асырылуы үшін діни сенім еркіндігі, дін аралық қақтығыстар мен шиеленісті жағдайлардың алдын алуға арналған мемлекеттік, құқықтық тұрғыдан ереже-қағидалардың жүзеге асырылғаны қажет. Мұхаммед Хайдар Дулатидің мемлекеттік басқару тәжірибесі мен дипломатиялық, әскери-саяси қабілеттері мен шетелдік тәжірибесінде поликонфессиялық қоғамдағы Үндістан мысалында қоғамдық әділеттілікті нығайтуға арналған шаралар мен басқару тәсілдері кеңінен пайдаланылғанын аңғаруға болады.
ФСДИ Дінтану орталығы