ЕҢБЕКҚОР ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҮЛГІСІ студентік құрылыс жасақтарынан бастау алады

25.05.2023

ЕҢБЕКҚОР ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҮЛГІСІ студентік құрылыс жасақтарынан бастау алады

ЕҢБЕКҚОР ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҮЛГІСІ

студентік құрылыс жасақтарынан бастау алады

 

Саясат БЕЙІСБАЙ, 1975-1980 жылдардағы ҚазҰУ-дің студенті. Журналист. Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы.

 

Кешегі тарихқа көз жүгіртсек, алпысыншы, жетпісінші жылдары елімізде алғашқы студенттік құрылыс жасақтары шыға бастапты. ҚазҰУ-де бірінші жасақ 1963 жылы құрылса керек. 1970 жылы Қазақстанда алғашқы «Аэлита» кыздар құрылыс жасақтары жұмыс істепті. 

Сол тұстағы Қазақтың ұлттық университетінде жастарды құрылыс жасақтарына тартып, студенттерді еліміздегі жоғарғы оқу орындарының алдыңғы қатарына шығарған проректор Сырлыбаев деген азамат болған еді. Сол үшін жастарды құрылысқа қамтып, ұтымды ұйымдастыра білген проректор Сырлыбаевқа «Жигули» маркалы автокөлік сыйға тартылды. Ол кісі жазғы демалыста сол жеңіл көлігімен солтүстік облыстың біріне сапарлап бара жатып, жол апатына түсіп қайтыс болғанын білдік. Өкінішті. Кейін ел тізгінін қолдарына алып, белгілі қоғам қайраткерлеріне айналған тұлғалар кезінде студенттік құрылыс жасқтарының белді мүшелері болған.  

Біз де1975 жылы студенттік құрылыс жасақтарының құрамында болып, КазҰУ-дің журналистка факультетінің бір топ студенттері Кеген ауданынағы Қарқаралы елді-мекеніне екі айға барып, шаруашылықтарда бірнеше үй, мал қораларын салдық. Үстімізде арнайы формамыз бар еді. Соны әсіресе жаз айларында Алматы көшелерінде киіп жүретінбіз. Командиріміз қазіргі Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев болды. Құрылыс аяқталғаннан кейін қомақты қаражат тауып, көңілді қайтқанымыз есте.

Жалпы, сол жылдары Қазақстанға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жүздеген мың студент ағылатын. Елімізде тың жерлерді игеруге және басқа аймақтардағы құрылыс алаңдарына жиналатын. Бұл шараға ҚазҰУ-дің мыңдаған студенттері белсенді атсалысып, құрылыс жасақтарының қозғалысына тартылған еді.

Құрылыс жұмыстарына жастарды тартуда денсаулық жағдайына -айрықша назар аударылатын. Студенттің медициналық тексеруден өткені туралы анықтама тапсыруы талап етілетін. Жастар жазғы демалыс айларында босқа жрмей, ебек етіп, табыс тауып, әрі шынығып, шымырланып шығатын. Студенттік құрылыс жасағы – үлкен тұлғаларды тәрбиелейтін өмір мектебі болды.

Студент-жастардың сол жылдардағы өмірінің барлығы қызықты әрі көңілді өткенін ескерсек, құрылыс жасақтарының маңызы зор еді. Отыз, қырық жыл бұрын студенттік өмірді құрылыс жасағынсыз көзге елестету мүмкін емес болатын. Бұл - жастардың мінезі қалыптасып, еңбекқорлығы тәрбиеленетін еңбек майданы. Біздің топтағы курстас қыздарымыз сол жылдары еліміздің батыс өңіріне барып, жеміс-көкөніс, қауын-қарбыз жинап, қызу еңбек етті. Сол жолы көршілес Астрахань, Волгоград облыстарында ел аралап, әйгілі Мамаев қорғанына сапарлап, жүздеген соғыс құрбандары болған жерлерге тағзым етті. Кезінде өрімдей жас, шетінен әдемі қыздарымыздың сол кездегі суреттеріне қарап, өткен күндерді сағынышпен еске аламыз.

Журналистка факультетінің студенті болғандықтан газет, телевидение, радио салаларында әр аймақта тәжірибеден өтуші едік. Сол жылдары солтүстік өңірлердегі Қарағанды, Павлодар облысының газеттерінде екі айдан аса қызмет істегеніміз бар.

Әлі есімде, екінші курс студенті болған тұста жаз айларында босқа жүрмей, сол кездегі КазПИ-де оқитын жолдастарыммен бірлесіп, студенттердің жолсеріктер жасағына қосылып, поезда үш айға жуық жолсерік болғаным бар. Екі мәрте Мәскеу бағытындағы, кейін Петропавл, Қостанай, Новосібір бағыттарында жолсерік болудың сәті түсті. Оның да өз қызықтары мен қиындықтары болды. Сол жылдары поезда орын тапшы болғандықтан, билетсіз жүретіндерді мінгізіп алу секілді жағдайлар жиі кездесетін. Әсіресе Өзбекстаннан келетін, жеміс, көкөністерін теріскей өңірлерге, Сібірге апарып саудалайтындар ауыр жүгімен поезға көп мінетін. Тексерушілер де көп болды. Вагондарды таза ұстау, жолаушыларға қызмет көрсету, шайы мен төнесінштер беру секілді жұмыстарды атқаратынбыз. Әрине, поезда табыс жаман емес еді.

Бүгінде сол қырық жылдан астам уақыт бұрынғы студенттердің құрылыс жасақтары мен ауыл шаруашылығы саласындағы жастардың еңбектерін сағынышпен еске аламыз.

Өткенге бір сәт көз жүгіртсек, жетпісінші жылдары Қазақстаннан Болгарияда, Польшада, Германияда, Венгрияда жұмыс істеген алғашқы интернационалдық студенттер құрылыс жасағы құрылыпты. СҚЖ сарбаздарының ҚазҰУ қалашығын тұрғызудағы үлестері көп. Оған өзіміздің де қосқан үлесіміз бар. ҚазҰУ қалашығының ең алғашқы тұрғыны болып, екі айдай жарықсыз, сусыз жатақхана тұрғыны ретінде күзетші болдық. Келесі жылы жазда ҚазГУград автотұрағының үстіне бетон құю жұмысын атқардық.  

Университеттің студенттік құрылыс жасақтарының сарбаздары Қазақстанның қалалары мен ауылдарының, астық жинау науқанында элеватор мен фермалардың, сондай-ақ автомобиль жолдары мен темір жолдарды, өндірістік, мәдени нысандардың құрылысын салуға көмектесіп, Ресейге, Украинаға, Молдавияға, Белоруссияға, Қырғыстанға және Өзбекстанға шыққаны есте.

Қазір де оқу орындарында сондай отрядтар мен жастардың жұмысшы топтарын ұйымдастыруға әбден болады. Өткен тәжірибеден сабақ алып, құрылыс жасақтарын құру әр тұста байқалады. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінгі заман талабына әбден лайық. Аймақты көгалдандыру және құрылыс жұмыстарына жоғары оқу орындарының 16 мыңнан астам студенті жұмылдырылатындығын хабарлайды елдің Жоғарғы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. Қазір студенттердің құрылыс топтарының жұмысын ұйымдастыру үшін республикалық штаб жасақталған. Ал, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарында студенттердің құрылыс жасақтары құрылуда және   сондай   топтарға қатысуа тілек білдірушілер де аз емес.

Әлімсақтан адамзаттың бүгінгі күнге дейінгі жетістігінің барлығы қажырлы еңбекпен келгендігін ескерсек, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа баулудың, жұмысқа деген құштарлықтарын арттырудың маңызы зор. Сондықтан, елдің абыройын биікке самғататын, жұмысқа бейім тұратын ұрпақ тәрбиелеу еліміздің басты міндеті болып табылады.

34393.jpg