Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл. ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ, ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА ІС ҚАЛДЫРҒАН

27.08.2021



Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл

ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ, ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА ІС ҚАЛДЫРҒАН

С.Т. Сейдуманов, Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Өзбекәлі сынды тұлғаны еске түсіргенде алдымен ойға қасиетті Тайқазан оралады. Өйткені тайқазан халқымыздың құтына айналған, Тәуелсіздіктің символындай жәдігер бүгінде еліміздің мақтанышы. Ал осы тайқазанның құт болып құйылғанына 622 жылдан асыпты. Тайқазан туралы аз-кем мәліметке көз жүгіртсек, әлемдегі ең үлкен қазанның жалпы салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр болады. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа бидайын салатын болған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беруді дәстүрге айналдырған. Міне осы аса құнды жәдігер елімізге - қасиетті Түркістанға қайта оралғанына 32 жыл толып отыр. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен сонда қалдырылып, тек 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды. Бұл іске, яғни көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, халқымыздың біртуар азаматы, айтулы тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің елімізге жасаған өзге де қыруар еңбегін халқы ұмытпайды. Өзекеңнің өмір жолына үңілсек, ата-анасынан ерте айрылған, сөйтсе де бар қиындыққа төтеп беріп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға мойымай, жастайынан қара жұмысқа араласып, шымыр болып шынығып өскен, білімін де шыңдап, алдына үлкен мақсат қойып, өзін өзі қамшылап, өзін-өзі жетілдірген азамат екенін көреміз. Кеңес дәуірінде түрлі деңгейде басшылықта болған, Қазақстан комсомолын басқарған, кейін мәдениет саласында басшылық қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібековтың өмірбаяны үлгі тұтарлық. Ол сонау 1960 жылдардан-ақ Мәскеудің назарына іліккен. Өзекең қазақ халқының рухани мәдениеті мен өнерін бүкіл әлемге таныта білді. Осы жолда аянбай тер төкті. Еліміздегі көптеген мұражайларды өз қолымен жасатты. Өзбекәлі ағамыз мұражай ісінің жанашыры, әрі білгірі еді. Әз-наурыз секілді бұрын тыйым салынған мерекені қалпына келтіру жөніндегі қоғамдық бастамаларды батыл қолдаған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы болды. Әсіресе әулие кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының да құрылуына Өзбекәлі ағамыздың жасаған еңбегі ересен. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын мұражай экспозициясына қойды. Мұнда жерленгендер халқымздың ұлы тұлғалары еді. Өзінің батылдығының арқасында аз уақыттың ішінде музей экспозициясын жасап шықты. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондай-ақ, атеистік қоғамда ең алдымен елімізде әулие бабамыз — Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрысты бастаған да осы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. ХХ ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Ол кісі «Шертер», «Адырна», «Алтынай», және басқа көптеген фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамын, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» еңбектерінің авторы. Әлі есімізде, жетпісінші жылдары Өзекең Торғай облысы жаңаан құрылып, сол өңірге жастар жаппай бет алып, болашаққа деген сенім, жасампаздық сезім күшейіп тұрған шақ болатын. Өзбекәлі Жәнібековтың есімі жиі естіліп, оның бастамасы республикаға тарап жатқан кез еді. Ол кісінің мәдениетке қамқорлығы, халқымыздың ұлттық дәстүріне деген ерекше көзқарасы, жастар театрының жалындап, дүркіреп шығуы осы Торғай облысынан бастау алды. Кезінде Торғай облысында қызмет атқарғаны тұста Арқалықтағы мәдениет үйінің қабырғаларын өз қолымен әкетеп, бояп-сырлағанын естігенде, бұл кісі ұлық болсаң-кішік бол деген қарапайым болмысымен нағыз тұлға екенін танып, сүйсіне түсетінбіз. Арқадағы көне дәуір жәдігерлері туралы соншалық білгірлікпен айтылған әңгіме тарих білгірінің, ұлттық сәулет ғұламасының тұтас академиялық дәрісі тәрізді: қай ескерткіш қай дәуірдің мұрасы, қай ескерткіш қай кеңшардың аумағында тұр, оның өлшемдері қандай? Міне, Өзекең осындай көп деректі басында сақтай беруші еді. Ол кісі еліміздің әр қиырындағы мәдени орындарды, тарихи құнды дүниелерді, балбал тастарды, небір жәдігерлерді жатқа білетін, көбін аралап көрген. Өкінішке қарай қазір соның біразы қолды болуда. Байтақ еліміздің әр тұсында көне тарихтан сыр шертетін балбал тастар көп еді. Бүігнде соның көбі жойылып кеткен, деп күйінетін Өзекең. Әркім тасып әкетіп, тағылықпен құртылуда. Өз тарихымызды өзіміз тонап жатырмыз. Мәдениеттегі дүмшелер – ең қатерлі жау. Соларды көргенде күйініп кететін Өзекең. Халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлы тұлға туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, Тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаның сіңірген еңбегі ерекше» десе, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Өзбекәлі Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол - киелі адам» деп бағалады. Ол бүкіл саналы өмірінде қазақ халқының дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін дәлелдеумен өтті»- деп, бағасын берді. Ғалым Мырзатай Жолдасбеков Өзбекәлі Жәнібеков жайында: «Ол ел тарихы мен мәдениетінің білгірі, қасиеттің тұнып тұрған тұнбасы, ойдың тереңі халқымыздың кескіні менен келбеті, қайраты менен айбаты еді, арысы еді, дара тұлғасы еді, елінің асылы, баршаның жақыны еді, қайыспайтын қара нары, шалыс баспайтын кержорғасы еді, бойын жасырған тұлпар еді. Заманымыздың Бұқар жырауы, Төле биі еді» деп, ерекше бағалған екен. Ол 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана ол Мәдениет министрі, содан кейін Орталық Комитеттің хатшысы болып сайланды. Кезінде оған Михаил Есенәлиев: «Жәнібеков өз бетінше ойлай білетін, біреуге жағыну дегенді білмейтін тұлға еді, жағымпаздығы жоқ турашыл адам болды. Ол мансап іздемеген адам еді» деген сипаттама берген. Кезінде еліміздің астанасы болған Алматыда қазақ тілділердің аздығын, сол аз қазақтың біразы ана тілінде оқымайтынын сылтау етіп, қазақ тілінде кешкілік газет шығаруға кедергі келтірушілер жеткілікті болған. Міне осы кезде жұртшылықтың талап-тілегін батыл қолдап, қазіргі «Алматы ақшамы» газетінің шығуына тікелей көмек көрсеткенде Өзбекәлі Жәнібек болатын. Айтулы тұлғаның алпыс жасқа толысымен, 1991 жылы күзде қызметсіз қалғаны өкінішті. Өзекең қай жерде, қай салада жүрсе де жастарға жігер беріп, жұмысқа жігерлендіріп, әрбір іс-әкрекетіне назар аударып, қызметкерлерін қанаттандырып отыратын. Өзбекәлі Жәнібеков - қазақтың майдайалды, аса көрнекті қайраткері. Ол кісіні әрі саяси, әрі мемлекеттік, әрі мәдени қайраткер десе болады. Әсіресе ол біздің ұлтымыздың тарихын, мәдени мұрасын, өнерін, өткен әдебиетімізді зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан адам. Ол кісі жәй ғана зерттеп қойған жоқ, көптеген жәдігерлерді іздеп жүріп ашып, оларды насихаттап, зерттеуге барынша күш салды. Өзбекәлі Жәнібеков халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, асқақтаған әні мен күмбірлеген күйін, мың бұралған биін, талғамы мол қол өнерін танытып, насихаттауға мүмкіндік береді. Өзекең жұмыста талапшыл болған. Қарапайым киінетін алайда, тап-тұйнақтай таза жүретін. Конфернциялар мен түрлі жиналыстарға жан-жақты дайындалып, мән-жайды мейлінше зерттеп, баяндаманы өзі жазып отыратын. Ол кісі қандай лауазымды қызмет атқарса да, тіпті министр, орталық комитет хатшысы болса да осы қасиетінен айныған емес. Дарынды тұлға, ұлтын жан-тәнімен сүйген, сол үшін қалтқысыз қызмет істеген азамат өзінің өсиеті бойынша туған топырағы Отырар жерінде - Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы, баптардың бабы Арыстанбаб әулиенің кесенесі жанындағы қорымға жеренді. Ал бүгін Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғадан тәлім алған Тәуелсіз елдің ұрпақтары оның өнегелі еңбектерін одан ары жалғастырады. Ұлттық рух, дәстүр мен салт, тіл мен әдебиет жөнінде ұзақ кеңес құратын. Толып жатқан іш пыстырар ұзақ-сонар басқосуларда ел есінеп, қалғып-мүлгіп отырар құлақты жауыр еткен қысыр кеңес емес, Өзағаң өткізген жиындарда халықтың, ұрпақтың қамын жеп, болашағын болжаған кемел ойлар, көреген пікірлер ортаға түсетін. Көп сөйлемейтін, қатаңдау көрінетін кісі алысты аңғаратын ақылгөй аға кейпінде ашылып сөйлейтін. Қазақстан мәдениетін басқарған азаматтардың арасында Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтың даңқы мен дақпырты басылмай келеді. Сол тұлғалар сынды Алашқа атағы жайылып, ұлттық деңгейдегі көсемге айналған тұлға осы Өзбекәлі Жәнібеков болды. Айтулы тұлғаның толып жатқан игі істерімен қоса, айтыстың аяғынан тұрып кетуіне де үлкен үлес қосқан азамат қой. Өзекеңді құрмет тұтатын азаматтар жолы түскенде Арыстанбаб кесенесіне барып, арнайы Өзекеңнің басына тәу етіп, Құран бағыштап, құрмет көрсетуден жалықпайды. Бүгінде дара тұлғаның туғанына тоқсан жыл толуда. Осындай халық құрметіне бөленген азаматты ұмытуға бола ма? Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артын іс қалдырған. https://egemen.kz/pdfs/2021/08/19/19082021_compressed.pdf