Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында 2024 жылдың 22-25-қазан күндері Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдер ғалымдарының V Форумы өтіп жатыр. Аталмыш шара посткеңестік кеңістіктегі ғылыми зерттеулер мен технологиялық жетістіктер талқыланатын мейлінше ірі алқалы жиын болып табылады. Форумның жұмысына ТМД елдеріндегі ұлттық ғылым академияларының, ғылыми орталықтардың, жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекші ғылыми қызметкерлер қатысты. ТМД елдерінің гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қорының қолдауымен Тәжікстан ұлттық ғылыми академиясы ұйымдастырған басқосуда ғалымдар фундаменталды ғылымдар дамуының негізгі трендтерін, қазіргі ахуалы мен келешегін, заманауи техникалық ғылымдардағы өзекті мәселелерді, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы көкейтесті бағыттарды талқыланды.
23-қазан сәрсенбі күні Тәжікстанның Ұлттық кітапханасында өткен пленарлық мәжілісте лауазымды тұлғалар мен мәртебелі меймандардың қатарында қазақстандық делегация атынан философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов құттықтау сөз сөйледі. Форум жұмысын Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің фундаменталдық ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің XII отырысы жалғастырды және осы Кеңес жанынан Жас ғалымдар Кеңесі құрылып, оның Бірінші отырысы өткізілді.
Форумның келесі күні үш дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қазақстандық ғалымдар - А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан барған ғылыми қызметкерлер сөз сөйлеп, пікірталасқа белсене қатысты. ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Б.М. Сатершинов «Қазіргі қоғамдағы ғылым мен дін арақатынасының мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасады. Қорытынды жиналыста ұсыныстар айтылып, Қарар қабылданды. Мұнан кейінгі алтыншы Форум Қазақстанда өтілетін болып келісілді.
Бақытжан Сатершинов
Философия, саясаттану және
дінтану институтының бас ғылыми қызметкері,
философия ғылымдарының докторы, профессор.