Бақытжан Сатершинов
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор
2024 жылдың 08-15 қарашасы аралығында Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк және Нью-Джерси қалаларында іссапармен болдым.
Нью-Йорктің Манхеттен ауданында орналасқан Журналистер және Жазушылар Қорының (JWF) шақыртуымен Қазақстан тарапынан менен өзге көрнекті қоғам қайраткері, жазушы-журналист Марат Тоқашбаев және белсенді блогер әрі ақын Саят Қамшыгер де болды. Қазақстандық медиа саласында өзіндік із қалдырған танымал ғалым әрі журналист Ахмет Аляз мырза да осы жиынға шақырылған екен. Қордың Президенті Мехмет Кылыч Жаһандық Серіктестердің Үйлестіру Жиналысын өткізді. Кездесу барысында бізге және басқа қатысушыларға Қордың болашақ іс-шаралары туралы толық ақпарат берді. Атап айтқанда, күн тәртібінде: Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) арналған конференция, БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясы (CSW), Әлемдік конфессияаралық келісім апталығы (WIHW), жас журналистерге арналған медиа және журналистика вебинарлары, Жаһандық жастар көшбасшылығы бағдарламасы және БҰҰ-дағы адам құқықтарын қорғау шаралары бар екен.
Ғылым және жоғары білім саласының өкілі ретінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы реформалардың барысын әңгімеледім. Еліміздің ғылыми мекемелеріндегі, оның ішінде біздің Институтымыздағы зерттеу жобалары туралы, академиялық бағдарламалардың сапалы білімге әсері жөнінде ой бөлістім. Бейбіт және инклюзивті қоғам құру жолында БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ғылыми орталықтар мен бейресми ұйымдар да күш жұмылдыруы қажет. Әлеуетті ынтымақтастық пен серіктестікті дамытудың жолдары мәселесі көтерілді. Журналистер және Жазушылар Қорының (www.jwf.org) жаһандық серіктестерімен бірге өткізген конференциялары мен іс-шаралары туралы SDGs Conference – www.unga-reception.org сайтынан көріп танысуға болады.
Сапар барысында Нью Джерси қаласында орналасқан «Peace Islands» институтында, «Pioneer» академиясында, Адам құқықтарын аяққа таптау айғақтарын әшкерелейтін арт-музейде, «The Fountain» кітап фирмасында кездесулер өткіздік. Бұл басқосулардағы сөздің өзегін қазіргі әлем мен жалпы қоғамдағы бейбітшілікті сақтап, күш көрсетпеудің азаматтық бастамасын көтеру, соның барысында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосу, бүгінгі цифрландыру заманының ұсынған мүмкіндіктерін пайдаланып, жаһанданушы әлемнің келешегіне үлкен үмітпен және сеніммен қарауға шақыру және т.б. мәселелер құрады.
Әрине, ресми кездесулерден босаған кездері Нью-Йорктегі Бостандық мүсінін, Орталық паркті, Таймс сквер, Бруклин көпірін және т.б. көрнекі жерлерді аралаудың сәті түсті. Демократия мен еркіндік елінде адам мен азамат құқықтарымен бірге заң мен тәртіптің қатаң сақталатынын байқадық. Тұрғылықты халықтың басым көпшілігі тегі мен түрінің, терісі мен тілінің әр алуандығына қарамастан отансүйгіштігі аңғарылады, қарапайым қатынаста үнемі ризашылығын айтып, кешірім өтініп жүретін сыпайы да ізетті, ақжарқын әрі жылыжүзді келеді екен.