БҰЛ - ӘЛЕУМЕТКЕ ҮЛКЕН СЫНАҚ ПА ДЕРСІҢ

02.02.2024



БҰЛ - ӘЛЕУМЕТКЕ ҮЛКЕН СЫНАҚ ПА ДЕРСІҢ

 

Саясат Бейісбай,
Философия, саясаттану және дінтану институтының
бас сарапшысы

 

Жақында өткен жер сілкінісі, яғни зілзала кезінде байқағанымыз, бейқам жатқан ел аяқ астынан дүрлігіп далаға жүгіргені болды. Адамдардың көбі «Біссімілла!» деп тәубаға келіп, иманын үйірді. Жұртшылық бір сәт ойланып қалғандай. Біз осы мына жарық дүниеге неге келдік деп, адамдар өмірдің мән-мағынасына аздап үңілгендей. Асығып-аптығып көшеге шыққан адамдардың бәрінің тілегені, балаларының, туыс-жақындарының амандығын ойлаумен болды.

Қарап отырсаң, кімге керек мына жалған дүниедегі байлық пен билік? Жазатайым өмірден өтіп кетсең бәрі де қалады. Бір сәт соны ойлап тәубеге келгендер бар. Бұған дейін жіберілген қателік, кемшілік, кей адамдардың өз әрекетінен тойынып, мақтанып, есіріп кеткенінен аздап болса да ойланып, пендешілік артта қалып, содан арылудың жолдарын іздегендей... Бұл адамдарға жасалған ем-шара, яғни прививка секілді. Жансақтаудан шығып, палатаға келген адамның аман қалған соң жаны жай тапқанындай, өмірдің мәнін түсінгендей әсерде болғанындай сәт па дерсің бұл да.

Осы арада бір байқағанымыз, жаппай дүрлігіп далаға шыққан адамдардың арасында шала-шарпы киініп, баласын көтеріп жүргендердің дені өзіміздің ағайындар екенін көрдік. Ал өзге жұрт дереу алдын-ала дайындап қойған дорбасын көтеріп, сөмкесін асынып, қойнына кішкене ит, мысығын тығып алғандар болып шықты. Бұл да біздің қауіпті жағдай туа қалса қамсыз екенімізді байқатса керек.

Тағы бір байқағанымыз, кей адамдардың қалта телефонына зілзала болардан 30 секунд бұрын қатты жер сілкінеді деген ескерту хабарламалар келіпті. Артынан дереу дабыл дыбысы шыққан. Шамасы, бұл Android байланысы арқылы Қытай жақтан келіп жаста керек. Ал сондай ескертпелер бізде неге жоқ? Адамдар бір сәтте табиғат, ғалам алдында шарасыз, бейшара болып қалғанай.

Ауладағы ит-мысықтардың өзі топтасып, орын таппағандай бір жерге жиналып қалғанын байқадық. Әдетте иттер ұлып, мысықтар өзгеше дыбыс шығарып, тыпырлап кететінін естігенбіз. Мысалы, Ашхабадта болған 1948 жылғы жойқын жер сілкінісі кезінде ауладағы ит аяқ астынан үйге кіріп, құндақтаулы баланы далаға сүйреп ала қашқанын да кезінде оқыдық. Соны көрген үй иелері дүрлігіп, дереу артынан жүгіреді. Сол сәтте жер сілкінісі болып, бәрі аман қалады. Ал әзірге ғылымның алдағы болатын зілзаланы дәл болжап айта қояр қауқары мен мүмкіндігі болмай тұрған секілді.

Қалай айтсақ та, егер апатты жағдай бола қалса, қауіп-қатердің алдын алып, әлеумет әзірге бұл сынаққа тас-түйін дайын болуы керек. Ал еліміз ғылымды дамытып, ғалымдарымыз бұл құпияның себебін тауып, ізденісті тоқтатпай өркендей беруге тиіс.

 

https://www.facebook.com/profile.php?id=100058685402110