Institute of Philosophy, Political Science and Religious Studies

Institute of Philosophy, Political Science and Religious Studies

Institute of Philosophy, Political Science and Religious Studies

Institute of Philosophy, Political Science and Religious Studies

АЗАТТЫҚТЫҢ БАСТАУ АЛҒАН КҮНІ
08.09.2022
Views:  227

АЗАТТЫҚТЫҢ БАСТАУ АЛҒАН КҮНІ

    Тоқсаныншы жылдардың соңында елімізде демократияның дүмпуі сезіліп, дербестікке ұмтылған халқымыз азаттықтың самалын сезіне бастады. Бұрынғы одақтың шаңырағы шайқалып, тоқырау шегіне жете бастаған тұс еді бұл. 1990 жылы 25-қазанда Жоғарғы Кеңес Төрағасы болған  Ерік Асанбаев осыған орай  депутаттар алдында кең көлемді баяндама жасайды. Президенттің қолдауымен  сол жолы еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміз тарихында маңызды   құжатқа қол қойылды. Осылайша  25-ші қазанда Қазақстан өзінің егемендігін, яғни суверенитетін қабылдаған болатын. Сол кезеңнен бастап  еліміз тәуелсіздігінің алғашқы белгілері байқала бастаған-ды. Бұл тарихи оқиғаның маңыздылығы сонда – 25 қазан Қазақстан өзінің Егемендік декларациясын қабылдаған күн ретінде мейрам болып  белгіленді.

    Сонда бір қызықты жағдай болды, деген еді Ерік Мағзұмұлы. Мен парламент алдында мынандай ұсыныспен шықтым. Біз егемендігімізді 25-ші қазан емес, 6-шы қазанға белгілеу керек деген мәселе қойдым. Оның екі себебі бар еді – біріншіден, 1920-шы жылы  4-12 қазан аралығында  Орынбор қаласында Қазақстан Кеңестерінің құрылтайы өтті. Сол 6-шы қазан күні оған қатысқан делегация мүшелері  Қазақ автономиясын құру туралы Үкім шығарды. Біздің бүгінгі егемендігіміздің ең алғашқы нышандары сонда көрініс тапқан. Ол былайша айтқанда календарлық күн ғой. Негізінде сол 1920-шы жылы Ленин, Сталин, Свердлов секілділер қылыштарынан қан тамып тұрғанда ештеңеден қаймықпай, тайсалмай, қазақтың жерін қорғауға  шыққан біздің сол тұстағы арыстарымыздың батылдығы мен батырлығы еді. Олардың  қазақ елінің дербес мемлекет болуына қажетті дәлелдері сондай мықты болған. Қазіргі Ресей құрамына өтіп кеткен алғашқы астанамыз Орынбор қаласы мен облысы және 1936 жылы Өзбекстанға беріп жіберген Қарақалпақстан аймағы сол тұста Қазақ елінің құрамында еді. Сонда құжаттарды жинап, бұлтарпас дәлелдер келтіріп, Мәскеудегі қызыл басшыларға қарсы батыл  шығып, ол ежелден қазақтың жері деп, ақыры сол үшін жандарын пида етіп өткен арыстарымыздың еңбегі ересен болатын. Сол тұстағы тұлғаларымыздың батылдығы болмаса, қазіргі Қазақстан осы күнгі территориясына ие болар ма, болмас па еді. Ол бір Аллаға ғана аян.

    Сондықтан сонау жиырмасыншы жылдардағы қазақ  елінің территориясын  қорғап қалған осындай арыстарымыздың ерен ерлігін, көзсіз батырлығын құрметтей отырып, 6-шы қазанды  Егемендігіміз қабылданған  күн ретінде жариялайық деген ұсыныс та жасалған болатын биік мінберден. Сол мәселені көтерген ағаларымыз артынан бәрі ұсталып, айдалып, атылып кетті. Екіншіден, 6-шы қазан деген жиын-терімнің аяқталып, астықты қамбаға толтырып, күзгі жұмыс, науқанның бәрін бітіріп, арқаны кеңге салып, алтын күздің мамыражай, шуақты шағында алаңсыз дем алып, жұрт жайбарақат күйге енгенде  егемендікті еркін тойлауға мүмкіндік болар ма  еді...

    Асанбаев Қостанай  өңірінің Амангелді ауданында туған.  Сол өңірден Әліби Жанкелдин, Байқадам Қаралдин деген белгілі адамдар шықты. Қаралдинді отызыншы жылдардың басында  атып жіберген. Ол патшалы заманда үлкен білім алған адам. Ол өзге сасық байлар сияқты жиған-тергенін тығып жанталаспаған, өзінің байлығын тиімді пайдаланып, қысты күндері Торғай үйезінде жұртқа бал таратып, жазды күндері ақсүйектік ғұмыр кешіп, халықпен етене араласқан. Осындай дүниеге қызықпайтын азаматтар ісімен де, өнегесімен де кейінгілерге үлгі болса ғой, шіркін.

       Жер сату туралы өзінің пайымдаларын да Асанбаев ортаға салған еді. Жерді түбінде сатуға шығару керек. Бірақ оның алдында үлкен дайындық болуы тиіс еді. Мысалы, бұл мәселеде тәжірибесі мол шетелдерде  орта ғасырдан бері жекеменшік жерлер қалыптасқан. Алайда үкіметтің иелігінде де жер мол болуы тиіс. Ал жекемешік адамға жер сатылғанда көп талаптар қойылады. Айталық, жерді сатқанда  сол адамнан міндеттеме алады. Егер сол жерді игеретін болсаң, жермен жұмыс істейтін мамандығың болуы керек. Болмаса  әу бастан жерді игере алатын маманды жалдайсың. Бір сөзбен айтқанда, жерді тиімді пайдалана білуің керек. Ал бізде ондай тәжірибе жоқ, демек, өзгелердің артынан далақтап шаба берген дұрыс емес. Бірақ та қазақтың қасиетті жерін шетелдіктерге ешқашан сатуға болмайды!

      Қазақстанның жері байтақ, асты байлыққа толы  болғанымен егін салып, ауыл шарауашалығы үшін пайдаланатын аумағы аз.  Алайда иелігіміздегі жерді ешкімге бермей, пайдаланбай босқа ұстап отыру да тиімсіз. Сондай уәдемен ғана жерді сатқан абзал. Сосын мемлекет тарапынан әлгі жерге бақылау орнату керек. Ол жер не болып жатыр, топырағы тозып, эрозияға ұшырап жатқан жоқ па?  Ал шет мемлекеттердің көбінде  халық көп, тиісінше жер аз. Сондықтан олар жердің қадірін біледі, бағасын түсінеді.

       86-шы жылы желтоқсан көтерілісі кезінде Асанбаев ОК-де ғылым білім бөлімін басқарып жүрген. Сол кездері тыным көрмей,түнделетіп қонып та жатқан. Осы күндері кеудесін соғып, мен бүйтіп едім, сөйтіп едім деген көкірегін ұрып жүрген бір қазақты - интеллигенция өкілдерінің біреуін таба алмаған болатынмын. Біреуі ауырып қалыпты, біреуі саяжаға кетіп қалыпты, біреуі алыста жүр... Артынан жастарды оқудан жаппай шығара бастады. Біздің ЖОО ректорлары өздерінің басын қорғау үшін шаш ал десе бас алып, қаншама қазақтың  балаларын қудалауға түсірді. Колбинге жағымпазданып өз бастарын арашалап, талай жасты тектен текке оқудан шығарып жіберген кезді көрдім.   Бір жыл бойы сондай зобалаң туды.Соның куәсі болдым.  Мен сол балалардың ата-аналарын қабылдап, біразын қайтадан орналастырдым. Көп кешікпей мен  де орнымнан кеттім. Қазір сондайлардың өтірік әңгімесін естігенде жыным келеді. Солардың бәрі тығылып, жан сауғалалап, бастарын ала қашты деген еді.

       Асанбаевтың айтуынша, қала халқы осы заманның қитұрқы жағдайына тез бейімделіп алды. Елдің көбінің мінез-құлқы өзгеріп, бас пайдасын ойлап, мансапқұмарлық пен билікке ұмтылып бара жатқаны байқалады. Ауыл халқы да азып-тозып, ұлттық игі дәстүрден ажырап бара жатқандай. Талан-таражға түскен дүние, тәртіп болмаған соң жемқорлық пен сыбайластық белең алып, заман өзгеріп барады деген болатын соңғы сұхбатында.

      Асанбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы қызметінде болғанда өзін «мен төраға емеспін, мені Председатель деп айтыңдар!» деген еді зілдене. Бұл орысша өсіп, орысша оқып, тәрбие алған адамның көзқарасы болатын. Сол жылдары  Орталық комитеттегі басшылар алдында республикалық газеттің атауын бас редактор Шерхан Мұртаза  «Азат Қазақстан» деп атайық дегенде шошып кетіп, бұл не сұмдық, атама деп шоршып түскен ғой. Сол жолы  Шерағаң амалсыз басылым атауын басшыларға тым болмаса «Егеменді Қазақстан» деп атайық әзер көндіргені бар.

      25 қазан – күздегі жиын-терімнің аяқталған, еңбектегі жүрттың арқаны кеңге салған жаяма-шуақ шағы.  Ұлық мерекені тойлауға тіпті келмейтін, теріскейдегі қақаған қыстың бет қатарпайтын аязы емес. Кейбіріміз  Қуаныш пен Қасірет ұғымдарын шатастырып алғандаймыз. Қазақ үшін сөз жоқ, Тәуелсіздіктен асқан мереке жоқ, отбасының ынтамығынан асқан мереке жоқ. Ал енді келіп, осындай киелі де қасиетті мерекені қасірет күніне әкеп қосақтап, былықтырып отырмыз. Тіпті осы күні кейбіреулер Егемендік декларациясы, яғни Тәуелсіздік жарияланған күн деп елді алдарқатып жүр. Ал сонда 1990 жылғы 25 қазанды қайда қоямыз? Ол күн тарихымызда тайға таңбас басқандай жазылып тұр ғой!

    Демек, еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді ұмытпайық! Бұл біздің жүріп өтккен жолымыз. Отыз жыл бұрынғы тарихымыз. Қасиетті кезеңіміз.

Саясат БЕЙІСБАЙ, Философия, саясаттану және дінтану    институтының бас сарапшысы


← Back to list