Нұрбол Қалдыбеков - ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану Институтының ғылыми қызметкері.
Бүгін елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің түпкі мақсаты барша адамзатқа ортақ құндылық саналатын – бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, дінаралық диалогты мейлінше дамыту. Біз, адамзат әртүрлі дінді ұстанғанымызбен, бәрімзіге ортақ құндылықтар жетерлік. Бізді бір-бірімізден өзгешейтін ерекшеліктерден гөрі, ортақ, ұқсас тұстарымыз көбірек.
Съезд барысында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары осы мәселені кеңінен тарқатып, ортаға салады деп күтеміз. «Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі» елімізде 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын өтіп келеді. Өткен тарихи кезеңдерде болып өткен аумалы-төкпелі саяси кикілжіңдер мен діни қырғи-қабақ қақтығыстар, көпконфессиялы, мультимәдениетті қоғамдағы проблемалар әлі де болса өз шешімін күтіп, өзектілігін жоймай келе жатыр. Сол себепті де дәстүрлі дін өкілдері бірін-бірі жатсынбай, бір үстелдің басында бас қосып, пікір алмасатын платформаның болуы ауадай қажет дүние. Себебі, пікір алмасып, бірін-бірі тану процесі жүрмеген жерде, бірін-бірі жатырқау, жатсыну болатыны анық. «Адам білмегенінің жауы» деген қанатты сөз бар. Сол үшін ұлттар мен әртүрлі мәдениет өкілдері бір-бірін танып, қоғамға ортақ мәселелерді ақыл қосып, бірігіп шешкені жөн.
Осы тұрғыдан бұл съездің өтуі маңызды. Әлемде бейбітшілік болсын!