Бірлік пен береке - басты құндылығымыз

30.04.2022



Бірлік пен береке - басты құндылығымыз

<2517> Ошақбаева Ж.Б., Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолын көрсетіп келеді. Әйтсе де, бұл қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние емес. Қазақ халқы өткен замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен келген басқа жұртты бауырына басты. Қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілікке тұрақтап қалды, өсіп-өніп, ұрпағын жалғастырды. Қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекет¬тің барша азаматының ұйысуына ұйытқы болды. 1 мамыр – халықаралық ынтымақ күні ерекше мереке болатын, бала күнімізден осы күнді асыға күтетін едік. Жалпыхалықтық мерекеге айналған бұл мейрам санамызға бірлікті, ынтымақты, достықты сіңірді. Енді, бұл күнді заман талабына сай етіп, Қазақстан халқының бірлігі күні деп жаңаша атап жүрміз. Бұл да тәуелсіз ел үшін аса қажет мереке екені анық. Ата-бабамыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті, азаттықты, бақытты ел болуды аңсады. Бірлік - қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтастықтың, үйлесімді келісімнің, ел болуға ұмтылудың басты белгісі болып табылады. Ұлттық бірліктің басты қағидасы ретінде ұлт рухын нығайтып дамыту біріктіруші және нығайтушы негіздер ретінде белгіленді. Рухани негіз – ұлтты біртұтас етіп біріктіретін күш. Халық рухы күшті болған сайын оның мемлекеттілігінің болашағы да жоғары. Бұл тарих пен біздің тағдырымыздың басты қозғаушы тетігі. Ұлт рухы кез келген ел келбетінің қайталанбас қасиетін айқындайды, бағытын анықтап, дамуына екпін береді. Біздің ұлттық рухымызды көтеру мақсатында: дәстүрлер мен патриотизм рухы, жаңару, жарысу және жеңіске жету рухы; дәстүрлі құндылықтарға сүйену, яғни тіл мен мәдениетке деген құрмет, имандылық, отбасы, ұрпақтар байланысы, патриотизм және төзімділік - қоғамның рухани негізі болуы тиіс. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар еліміздің ашық аспаны мен көк туының астында бейбіт өмір кешуде. Бұл халқымыздың кеңдігін, бірлігін, ұйымшылдығын, ынтымақтастығын білдіреді. Бәрімізге белгілі кең байтақ еліміз Қазақстан - алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақ елі. Сол үшінде біз туған отанымызды мақтан етеміз.