ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚ МАЗМҰНЫ

02.12.2021



ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚ МАЗМҰНЫ

<2150> Барлыбаева Г.Ғ., ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Тәуелсіздік бізге жаңа көкжиектер ашып, өз болашағымызды өз қолымызбен жасауға айырықша мүмкіндіктер берді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының айтулы кезеңі, яғни, Қазақстанның егеменді ел ретінде дамуының отыз жылдық тарихы еліміздің рухани жаңғыруы мен жаңаруының өзектілігін арттырды. Ұлттық мүдделеріміз бен рухани-адамгершілік құндылықтарымызға сай келетіндей ортақ тағдыр мен өмір сүру тәртібін айқындау мәселелерін ерекше өткірлікпен көтеріп, тәуелсіздік туралы «Тәуелсіздік бірінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.Қ. Тоқаев бұл жайлы жақсы жазған. Рухани шиеленіске, талпынысқа толы, соған сай әкелген жемісі де мол тәуелсіздік дәуірі, бұл бір мезгілде қазақстандық бірегейліктің қалыптасу заманы ретінде де қазақ мәдениетінің тарихының қайталанбас кезеңі. Тәуелсіздік Қазақстанның сыртқы тағдырында ғана емес, оның мемлекеттік болмысында және экономикалық әл-ауқатында ғана емес, бүкіл рухани келбетінде, дүниежүзілік тарихтағы орны мен маңызын анықтауда шешуші рөл атқарды. «Зар-Заман» дәуіріндегі ақындардың философиялық мұрасының негізгі тақырыбы – азаттық идеясы, өз Отанының бақыты мен тәуелсіздігі үшін күресу, отаршылдық саясаттың жойқын күшінен қазақтың ұлттық мүддесін қорғау идеясы еді. Бостандық үшін күрес адамгершілік идеал жолында қайшылықтарға қарсы шығу қабілеті ретінде, тәуелсіздік өзінің пенделік болмысына қарсы тұру және өз пенделік әлсіздігінің шегінен шығу әлеуеті ретінде «Зар-Заман» дәуірі ойшылдарының дүниетанымының негізгі белгісі болды. Алаш ойшылдарының шығармашылық мұрасының құндылықтық парадигмасы – тәуелсіздік идеясы еді. «Алаш-Орда» қайраткерлері: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар кеңестік дәуірде жолсыз жазаға тартылып, қасақана ұмыттырылса, бүгінде, тәуелсіз Қазақстанның тарихында олардың есімдері алтын әріптермен жазылып қалды. Халықтың рухани мәдениетін байытқан қазақ зиялыларының, ойшылдары мен ақындардың осынау ғажайып жұлдызды шоғырын қуғын-сүргінге ұшыратқаннан кейін, олардың бүгінгі күні аса өзекті болып отырған идеяларын да іс жүзінде қуғындалып, олардың тұтас дүниетанымдық жүйесін жоюға ұмтылыс болғанын ерекше атап өткім келеді. «Алаш-Орда» ойшылдары халықты құтқару тек білім мен ағартушылықта ғана емес, ұлттық азаттықа қол жеткізу мен өзін-өзі билеуде екенін айтты. Олар тәуелсіз ел болғаннан кейін ғана қазақ өзінің шынайы тарихын жасай алатынына терең сенді. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың көрнекті ойшылдары қоғамның ойлауын түбегейлі өзгертті, оған белсенділік, әрекетшілдік, еркіндік идеяларын енгізді. Бүкіл әлемді шарпыған жаһандану дәуірінде қазақ халқының философиялық мұрасының мәдениеттің жаһандық контекстегі сұхбатында өз орны бар. Жаңаша көзқарас пен тың серпілісті қажет ететін Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы үшін қазақ философиялық мәдениеті тұрақты маңызға ие. Қазіргі философиялық концепциялармен белсенді диалог жүргізу барысында қазақ философиясы дүние мен адамның рухани жаңғыруына бағытталған өзінің дүниетанымдық ұстанымдарының маңыздылығын, перспективасы мен өміршеңдігін дәлелдейді. Қазақ философиялық ой-пікіріндегі тәуелсіздік идеясы өз дәуірінің шекарасын ығыстырып, ұлттық болмыстың қалыптасуы мен егеменді елдің дамуы жағдайында әрдайым мәнді де құнды. Ішкі болмысы мен өзегі этика болып табылатын, Тәуелсіздік идеясы орталығын құраған қазақ философиясы адамгершілік теориясы ғана емес, сонымен қатар қазіргі рухани және әлеуметтік жаңғыртылатын Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар адамгершілік әрекеттер бағдарламасы болып табылады. Өзінің философиялық бастауларына, ежелгі дәуірден бастау алған тәуелсіздік пен бостандық идеясының тарихына деген шынайы қызығушылықтың қайта жаңғыруы қазақ халқының мәдени кодын сақтау және нығайту ретінде халықтың өзіндік санасының өсуіне, оның ұлттық болмысының қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.