БІЗДІҢ БОЛЖАМ ЖОБАҒА ЖАҚЫН

30.03.2023



                             БІЗДІҢ БОЛЖАМ ЖОБАҒА ЖАҚЫН

  

Саясат Бейісбай,

Философия, саясаттану және

дінтану институтының бас сарапшысы

 

Осыдан аз күн бұрын бір топ азаматтармен, ғалымдармен пікір алмасу барысында жаңа жасақталған Парламент депутаттары қызметіне кіріскен соң Үкіметті қайта жасақтайтынын, алайда доғарысқа кеткен Үкіметтің дені, атап айтқанда жетпіс пайызы өз орнында қалады, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та жұмысын одан ары жалғастырады деген болжам айтқан едік. Сол жобамыз жүзеге асты. Оған негіз де жоқ емес, өйткені Әлихан Асханұлының әу бастағы қызметі статистикалық саладан бастап жүріп өткен жолы көз алдымызда. Ол осы кезге дейін мол тәжірибе жинады. Мінезі біртоға, іскер, білімдар, тәжірибесі мол азаматтың ел дамуына қосар үлесі қомақты дейміз.

Қазір Қазақстанда көптеген саяси өзгерістер орнау үстінде. Былтырдан бері жаңарған, әділ қоғам ұстанымы қолға алынды.   Елімізде әділетті Қазақстанды орнатып, соны нақты жүзеге асыру үшін азды-көпті тәжірибесі бар іскер азаматтардың мүмкіндігін барынша пайдалану керек. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі Үкімет құрамында негізінен тәжірибелі мамандар баршылық. Біздің болжам бойынша, Үкіметтің жетпіс пайызы өз орнында қалуы мүмкін. Олар еліміздің дамуы жолында аянбай іске кірісіп, тың серпінмен қызметтерін жалғастырады деген үміт бар.

Ендігі жерде Қазақстанда өндіріске жан бітіріп, ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығын мейлінше өркендету басты назарда болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қадап айтқанындай, аграрлық салаға басым бағыт беру керек. Әсіресе тозып кеткен ауылды қалпына келтіріп, шекаралық аудандарға назар аударып, шалғайдағы елді мекендерге көңіл бөлетін кез жетті. Ауыл дамыса, азық-түлік те, егін де, мал шаруашылығы да молая түседі. Ал соған жан бітіретін сала мамандары, жастар елге бет бұрулары тиіс. Бұл іске Парламент депутаттары да, қайта жасақталған Үкімет те осыған баса назар аударады деген сенімдеміз.