«ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК БЕЛГІСІ»

«ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК БЕЛГІСІ»

«ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ – МЕМЛЕКЕТТІЛІК БЕЛГІСІ»

 

Автор: almaty-akshamy.kz

зерделей білсек, белгілі ғалымның осы сөзінің астарында терең мағыналы ой жатыр

Елде бірқатар саяси өзгерістер орнап, тың бастамалар көтеріліп жатыр. Осы ретте халықтың әлеуметтік тұрмысын түзеу маңызды. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажет екені айқын. Экономикалық дүмпу болсын десек, білікті маман даярлап, өндірушіден өңдеушіге айналу шарт. Қазақстан – Еуразия жүрегінде қоныс тепкен ел. Тоғыз жолдың торабында тұр. Батыс пен Шығысты жалғап тұрған магистрал. Ислам елдеріне де, Қытай, Ресей нарығына шығуға да мүмкіндік мол. Баяғы Жібек жолының басты факторы. Сауда-саттық, алыс-берісті жаңғыртуға толық негіз бар. Осыған орай Философия, саясаттану және дінтану институты бас директорының орынбасары, экономист Үлес НЫСАНБЕКТІ әңгімеге тарттық.

ТАРИХИ КЕЗЕҢ

Біз тарихи кезеңдерден өтіп келеміз. Саяси жаңару белең алды. Халық игі өзгеріс күтіп отыр. Соған талпынып тірлік етуде. Әркім өз шаруасын жасап жатыр. Мақсат – жақсы әрі жайлы өмір. Сол үшін қолдан келгеннің бәрін істеуде.

Әділетті елге айналудың бір ғана жолын бағамдаймыз. Ол – ашықтық. Халық атқамінерлердің қандай іспен шұғылданып жүргендігін бақылап отырса дейміз. Осындай шақта «бармақ басты, көз қысты» болмаса. Қарапайым шаруа ісін дөңгелете алса, еңбектене келе магнатқа айналуы қажет. Жетістікке жеткен жанға жастар сүйсінеді. Өсіп келе жатқан жас буын барлығын көріп, біліп отыр. Алғыр, бәсекеге қабілетті қазақ жастары АҚШ, Еуропада кәсіп бастауды армандағаннан гөрі, туған елінде бәрі мүмкін екендігіне көз жеткізуі қажет. Оны жасайтын бүгінгі орта мен аға буын – біздер мен сіздер. Тарихи кезең мемлекетте ауқымды іс пен оқиғалар орын алғанда болады. Ел мықты болсын десек, ең маңызды салаларды дамытайық. Тұралап қалғандарын жаңғыртайық. Қолынан іс келетін қазақ азаматтарына мүмкіншілік берейік. Сонда ғана нәтижесін көре бастаймыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабамыздың ғұмыры ат үстінде өтіпті. Үнемі жаугершілік, ұдайы соғыс, анталаған дұшпан айналшықтап шықпапты. Небір нәубетті көрсе де, ұлт болып ұйысып, қиын шақта түгел атқа қоныпты. Баһадүр бабалардың арқасында ел мен жер бүгінгі ұрпағына аманатқа қалды. Ал «аманатқа қиянат жасауға болмайды». Мұны көзіқарақты әр кісі біледі. Арманымыз – қазақ мемлекеті заманға сай, унитарлы, экономикасы, әскері қуатты держава болғай. Міне, дәл сол кезде ғана Әділетті Қазақстан орнайды.

ӨҢДЕУШІ ЕЛГЕ АЙНАЛАЙЫҚ

Осы уақытқа дейін түрлі жағдай болды. Қызыл империя тұсындағы жағдай айтпаса да түсінікті. Бәрі жоспарлы экономика-тұғын. Соның салдарынан өліп-тіріліп іс қылушы мен жатыпішер бірдей күн көрді. Яғни «күріштің арқасында, күрмек су ішті». Шаруашылыққа ептілер бағаланбады.

Кеңестік кезеңде Қазақстан шикізат көзі еді. Теміржол логистикасы солтүстіктегі көршіге бағытталды. Жердің астыүстінде қандай байлық бар, соның бәрі сыртқа кетті. Тек қана өндіруші болдық. Алтын, күміс, көмір, хром, никель және т.б. түсті металдар қазып алынды. Вагондарға тиелді де, шығарылды. Бұның арты ешқандай экологиялық талаптарға сай болмады. Қалай қазылды, кен орындары солай үңірейіп ашық қалды. Ал кейбіреуінде елдімекендердің жер астына түсіп жоқ болып кету қаупі туды. Осындай олқылықтардың орнын толтыра алмай келеміз.

Өңдеуші елге айналудың жолы бар. Ерте ме, кеш пе мұнай мен газ таусылады. Сарапшылар 15–20 жыл деп болжауда. Көрдіңіз бе, қазба байлықтың дәурені аяқталып келеді. Мәңгі ешнәрсе жоқ. Сондықтан экономика көпвекторлы болуы керек. Өзіміз жіпке дейін өңдесек, керек болса аяқкиімнің бауын да жасайық. Сонда ғана сыртқа берешегіміз болмайды. Ішкі нарықты қамтамасыз етеміз. Бұл біздің армандап айтып жүрген асыл ойларымыздың бір парасы ғана.

 

«ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ АКАДЕМИЯСЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев «Қазақтың өз академиясы болуы керек» дегенді жиі айтады. Өте дұрыс пікір. Әріректен қаузайын. Өткенде философия ғылымының докторы, академик Әбдімәлік Нысанбаевты мәңгілік сапарға шығарып салу рәсіміне қатыстық. 86 жыл ғұмыр кешіпті. Біздің институтты 21 жыл басқарған кісі. Өзі ашық-жарқын, ақкөңіл, шаруаны да шалқайта білетін кісі еді. Жаспен жас адамша, үлкенмен өз деңгейінде сөйлесе алатын. Айтпағым, алдыңғы аға буын кетіп жатыр. Одан кейінгі кісілер де азайыпты. Орта буын біз болып қалыппыз. Мүйізі қарағайдай ғалымдар қалмай барады.

Өз уақытында Мәскеуде қона жатып Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтер құрған Ғылым академиясының одан әрі кәделі өмір сүруіне әлгі тұлғалар үлесін қосты. Артынан ерген қазіргілер де қал-қадірінше пайдасын тигізуде. Айтпағым, нағыз доктор болатын біздерге жол жабық. Кандидат күйімізде қалдық. 2010 жылы асығыс-үсігіс Болон жүйесіне еніп кеттік. Баяғыдай кандидат, доктор болатын жүйе жойылды.

Қазір дәстүрлі жолмен қорғаған докторлардың соңы алпысты алқымдады, алды – қазақтың көрнекті ғалымы, академик Досмұхамед Кішібеков ағамыз ғасыр жасауда. Енді бірнеше жыл өтсе, академик бола алатын доктор болмай қалатын түрі бар. PhD докторларды академиялық дәреже деп қана мойындады. Олар академияның корреспондент-мүшесі бола алмайды. Сонда кім ғалым болуға, академик болуға қызықсын?! Бүйте берсе ешкім ғылымға келуге ынталанбайды. Сондықтан бұрынғысынша кандидат, докторлық қорғауды да қайта енгізейік. Сонда 50/50 болады. Сонымен бірге, магистр дәрежесі үшін айлығына 25–30% көлемінде үстемақы қосайық. PhD доктор ең төменгі жалақының 2 еселенгенін алса дейміз. Нақтырақ айтсақ, қазір Қазақстандағы ең төменгі айлық табыс 70 мың теңге. Осыны 2 еселесек PhD дәрежесі үшін 140 мың теңге қосымша алуы қажет. Сондай-ақ, оны ғылыми дәреже деп тану керек.

Бұл ең төменгі жалақы өскен сайын ескерілуі тиіс. Мұны Парламент заңмен бекітіп, ғылым туралы баптың ішінде көрсетілсе дейміз. Сонда ғана жастар шетелде емес, өзімізде жұмыс істеуге құлшынады. Ғылыми жаңалық ашады. Сонымен қатар, гранттық жобалар 5 жылға бекітілгені абзал. Ал жобаны ұсыну, есеп өткізу тек қазақ тілінде жүргізілгені жөн. Ғалым ағылшын, орыс тілінде қайта-қайта есеп жазып әуреленбесе екен. Скопустың да процентилі 35-ке барды. Скопустан гөрі, жазылып жатқан монография, жинақтың таралымы, жарнамасы алғы шепте тұруы тиіс.

ҰҒА ғалымы мен қызметкерлеріне жеңілдік болса екен. Яғни жылына 1 мәрте санаторий, шипажай, курорттық сауықтыру орындарына жолдама берілсе дейміз. Бұрын осындай жағдай болған. Соны қалпына келтірсе... Өйткені, ғалым ұдайы ой еңбегімен шұғылданады. Қажиды. Жыл соңында 13-жалақы, мемлекеттік мерекелерге сай жылына 3-4 реттен сыйақы, үстемақы, бонус алып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Фольклортанушы ғалым, академик Сейіт Қасқабасов «Академияның болуы – мемлекеттілік белгісі» депті. Ғалымның осы сөзінің астарында терең мағыналы ой жатыр.

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕЙІК

Қазіргі жастар еңбекқор. Істің көзін біледі. Әр шаруаны дөңгелетіп әкетуге ынталы. Мұның бәрі жақсы. Жас кезде тауы шағылмауы үшін бетін қақпайық. Өзім де жүрген жерімде қолдау жасаймын. Ғылыми жобаларға тартамын. Бірақ кейде қисыны келмейді. Кейбірін 0,5 жүктемемен жұмысқа аласыз. Ал төленетіні 80 мың теңгенің айналасы. Толық 1 ставка берсеңіз, заңға томпақ келетін тұсы шыға келеді. Оның өзінде 150 мың теңгеден сәл-ақ асар. Ал алып мегаполис Алматыда мұндай қаржы жыртыққа жамау болмайды. Басында ипотекасы болса, тіптен қиын. Үйленіп, балалы-шағалы болса, мұндай қаржымен мүлдем күн көре алмайды. Көрдіңіз бе, мәселенің кілтипаны қайда жатыр?! Ауылдан келген жас азаматтың қалада нәпақасын табуы күрделеніп барады. Аядай ғана жалдамалы пәтерде күн кешеді. Бір шетінен жоғары оқу орнында, колледжде оқиды. Кемінде 2-3 жерде жұмыс істейді. Үйленейін десе, тапқаны өзінен артылмайды.

Ауылдағы отбасына қаржы салатындары да бар. Курьер, жеткізуші, даяшы, жүк тасушы сынды қара жұмысшы болып күндік ақыға жұмыс істеп жүр. Еңбекке қарсы емеспіз. Әлгі жастың ойы күн көру, бірді екіншіге жеткізу болса, қайдан қатырып теориялық білім жинайды?! Еуропалық стандарт деп университет, орта арнаулы білім орындарының жылдық оқу ақысы қымбаттап барады. Ал ол әсіресе, ауыл адамдарының қалтасына ауыр тиеді. Қаладағы ахуал да осындай. Жақында жеткізу қызметінде жүргендерге салық салу туралы естідік. Жағамды ұстадым. Әй ол күндізтүні көз ілмей мопед, велосипед, тіпті жаяу дорба арқалап тасып жүрген қазақ жастары ғой. Иә, ол бюджет жағынан алсақ оң нәрсе. Ал адами тұрғыдан алғанда олардан салық ұстау ұят. Олардың жұмыс берушілеріне салықтық бақылау күшейтілуі керек. Бірақ ол әлгі жеткізу қызметіндегілерге зиянын тигізбегені жөн. Одан да салық тетігін басқа жағынан қайта қарайық. Алпауыт өндіріс орындарының қаншалықты салық төлейтінін бағамдау маңыздырақ.

Солтүстік өңірде жер жетеді. Оңтүстік, Батыс Қазақстан аумағында халық тығыз отыр. Жастар көп, жұмыс аз. «Екі қолға бір күрек» таппай жүрген қаншама жан бар. Сырттағы қандастар елге орала алмай жүр. Бәрін Қызылжар, Кереку, Қостанай облыстарына көшіру керек. Үй, жер, қайтарымсыз көмек қарастырайық. Сонда ғана олар өздері-ақ ауыл шаруашылығын дамытып, іліп алып кетіп, өркендетеді. Негізсіз тексеру, кәсібіне кедергі келтіру атымен болмауы қажет. Құжаттық кедергіден арылайық. Бір сөзбен айтқанда, осы аталған ой-пікірлер көптен бері бұқараның базынасы еді. Біз соның бірпарасын айттық. Айтылған ойлар жүзеге асса, дамудың даңғыл жолына түстік деген сөз.

 

Әзірлеген Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

 

https://almaty-akshamy.kz/gilim-akademiyasi-memlekettilik-belgisi

13.04.2023
ПЛАНЫ УВЕРЕННОГО РОСТА

ПЛАНЫ УВЕРЕННОГО РОСТА

Джаманбалаева Шолпан,

заместитель Генерального директора

Института философии, политологии

и религиоведения КН МНВО РК

11.04.2023
Президент Парламенттің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі 8 бағытын анықтап берді

Президент Парламенттің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі 8 бағытын анықтап берді

Мейрамкул Исаева

PhD докторы

Саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері,

Қоғамдық саяси ғылымдар Академиясы (ҚСҒА) жанындағы

Жас сарапшылар платформасының қатысушысы

10.04.2023