ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

29.03.2023



ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

 

         

Нұрмұратов Серік Есентайұлы – философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының жетекшісі

 

2023 жылдың 29 наурызында өткен VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының ашылуында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау қажет» деген тұжырымдарды ортаға салды. Былтырдан бері қоғамдық кеңістікте біршама саяси реформалар жасалынды. Енді осы қомақты реформалардың тиімділігін арттыра түсу үшін еліміздегі тұтастай алғандағы экономика мен ғылымның әр қилы саласын бір-біріне жақындата түсу қадамы батыл жасалуы қажет. Осыған орай еліміздегі Ғылымды дамыту туралы жаңа заңға қажеттілік туындап отыр. Осы ойды жүзеге асырғанда ғана еліміздегі адам капиталы мен әлеуметтік өмірдің сапасы арта түседі, ұлттық инфрақұрылым өзінің біртұтастығын таныта алады.

Әзірге біздің барлығымыздың мойындайтын қоғамдық мәселе – елімізде ғылым мен өндірістің өзара әлеуметтік серіктестігі жоғары деңгейде орнықпай отыр, ғылыми зерттеулердіен қоғамға тиімді, экономиканы дамытатын қомақты нәтижелер өте аз екендігі байқалады. Шындықты айтқан жөн. Өзіміздің ғалымдар жасап, өндіріске енгізілген, әлемді дүр сілкіндіретін дүниелермен жарқырай алмай жатырмыз. Сондықтан осы күрделі мәселенің түпкі тамырларын пәрменді түрде айқындайтын, дамудың тиімді жолдарын ұсынатын тетіктерді барынша жүйелі түрде енгізетін кез келді. Мәселен, өндіріске енгізілген жаңалықтар үшін үлкен сый ақылар берілгені дұрыс.

Қазақстан Республикасының Ғылым мен жоғары білім министрлігі жыл сайын әр түрлі ғылыми конкурстар өткізіп, жаңа гранттық жобалар мен ғылыми бағдарламалардың жүзеге асуына ұмтылуда. Ал енді ғылыми жобалар конкурста жеңіп шығу үшін міндетті түрде олар негізінен шетелдік сарапшыларға беріледі. Сөйтіп, көптеген авторларымыздың соны идеялары басқа мемлекеттердегі мамандарының алақанына түседі және олар өздерінше жобаны объективті бағалауы тиіс. Біздің пайымдауымызша, осы маңызды үдерісте өзіміздің ғалымдарымызға деген сенім төменгі деңгейде болмау керек. Жауапкершілікті отандық мамандарға бұрудың жолын анықтау қажет. Онсыз үнемі шетелдік мамандардың аузына қарап отырамыз. Шетелдік ғылыми конкурстарға біздің елдің мамандары онша көп тартылмайды. Ғылым туралы заңда көптеген мәселелер жаңаша өрнектелетініне үміттіміз. Бірақ өкінішке орай Парламент Мәжілісінің жаңа құрамында ғалымдардың аз санды екені белгілі болып отыр.