12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні.

12.04.2023



12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні.

Кельдинова Айман Бауржанқызы,

Философия, саясаттану және дінтану институтының

ғылыми қызметкері,

PhD докторант

 

 

Күнтізбедегі бұл күн кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Тарихи тұрғыдан бұл мереке Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қ.И. Сәтбаевтың туған күніне тұспа-түс келеді. Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні - ғылымның қоғамдағы маңызды рөлін және туындайтын ғылыми мәселелерді талқылауға қалың жұртшылықтың қатысу қажеттілігін атап өтуге арналған.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің статистикалық көрсеткіштері бойынша елімізде жыл сайын жас ғалымдардың үлесінің арту тенденциясы байқалып отыр. Бүгінгі күні қазақстандық ғалымдардың 35 %-ын 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар тарабы құрайды. Осы үрдісті перспективалық дамыту үшін мемлекет тарапынан жыл сайын ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау және оларды ғылымға тарту шаралары да артты.

2023 жылдың 28 наурызында бекітілген Қазақстан Республикасының жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жас ғалымдардың қауымы үшін келесі бір назар аударлық мәселелерге тоқталғым келіп отыр:

Біріншіден, Қазақстан Республикасының жоғары білім берудің негізгі трендтері ретінде - массификация, цифрландыру, интернационалдандыру, академиялық артықшылық бастамалары, жоғары оқу орындарының білім беру қызметтері мен ғылыми зерттеулерінің сапасына қойылатын талаптарды арттыру, қоғамға қызмет етуге бағдарлану, университеттердің корпоративтік басқаруы мен академиялық еркіндік бағыттарын халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, басшылыққа алу.

Екіншіден, ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыруға негізделген бағыт. Бұл ретте, «Болашақ» халықаралық стипендиясын атап өту маңызды. Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында ғалымдар категориясы ерекше назарға алынып, ғалымдарға жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Бұл ғылым саласында мамандарды даярлау жүйесіндегі озық кадрлық қамтамасыз ету моделіне бағытталған үлкен қадам болмақ.

Үшіншіден, жас ғалымның әлеуметтік мәртебесін арттыру үшін ғалымдарға арналған әлеуметтік жеңілдіктер пакеті пысықталуда. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының, ғылыми-техникалық әлеуеттің, ғалымдардың, ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру үшін жыл сайын гранттық қаржыландырудың әр алуан түрлеріне арналған конкурстар өткізіліп жатыр. Жыл сайын магистратура мен докторантурада оқуға мемлекет тарапынан гранттар тағайындалуда. "Жас ғалым" жобасын іске асыру, постдокторанттар жас кадрлар ағынын арттыру бойынша бағдарламалар жүргізілуде.

Осылайша, елімізде бүгінгі күні жас ғалымдардың ғылыми идеялары мен әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатқандығын ерекшелеуге болады.