АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖОБАСЫ - ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН!

14.03.2023



АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖОБАСЫ

- ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН!

 

Бақытжан Шынар

ФСДИ ғылыми қызметкері

 

Қазақстандықтардың биліктен негізгі талабы – Әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан құру жолында билік тарапынан іске асырылып жатқан саяси реформалар жылдың басынан еліміздің саяси өміріне ерекше серпін берді. Оның бірі – 19 наурызда өткелі жатқан кезектен тыс ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы.

Бұл сайлаудың айрықша ерекшелігі - аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Қазақстанда бір мандатты округтер бойынша сайлау соңғы рет тек 2004 жылы, яғни 19 жыл бұрын болған. Партия мүшесі емес, белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтар өз дауыс берушілерінің мүдделерін білдіру үшін сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Және менің ойымша бастысы – дауыс берушілерге депутаттық мандатты қайтарып алу құқығының берілуі.

Сайлаушылардың сайлауалды уәделері мен бағдарламаларын орындамаған жағдайда депутаттық мандатты кері қайтарып алу құқығын енгізу - демократиялық институттарды нығайту және депутаттардың өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

Бұл жаңалық депутаттарды өз уәделерін орындауға ынталандыруы керек. Өйткені олар енді тек мандаттың сақталуына ғана қам жемей, жалпы саясаттағы мансабына әсер ететін борышын түсініп, сол себепті депутатттарды саяси жұмыстарында халық алдында барынша ашық болуға мәжбүр етеді.

Шынында да, Қазақстандағы ағымдағы кезең - елдің саяси жүйесін жаңартумен байланысты маңызды тарихи кезең болуы мүмкін. Соңғы жылдары азаматтық қоғамның дамуы үшін қабылданған бірқатар шаралар саяси мәдениеттің өзгеруіне және азаматтық қатынастар деңгейінің жоғарылауына әкелуі керек.

Әйтсе де, саяси жүйені қайта жүктеу процесі тез және оңай емес екенін атап өткен жөн. Реформалар қазақстандық барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ғана жүзеге асып, оң жемісін береді. Сол себепті әрбір азаматтың сайлауға барып, дауыс беуі тиіс. Егер ешбір кандидат көңілден шықпаса «Бәріне қарсымын» деп белгілегеннің өзі аса маңызды. Себебі сайлау - демократиялық институттарды нығайтудағы, саяси жүйеде тұрақты дамуға жетудегі, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.