Жаңа депутаттар - әділетті Қазақстанды кешенді дамытуға қомақты серпін береді

15.03.2023



      Жаңа депутаттар - әділетті Қазақстанды кешенді дамытуға қомақты

                                                серпін береді

 

ФСДИ Жетекші ғылыми қызметкері

Омарова Г.С.

 

Санаулы күндерден кейін елімізде саяси науқан аяқталып, әділетті Қазақстанды кешенді жаңғыртып, жаңартуға серпін беретін жаңа депутаттар толқыны келеді. Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 19 қаңтарындағы Жарлығына байланысты ҚР Парламенті Мәжілісі таратылып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген болатын. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзіндік ерекшелігі бар. Парламент әр аймақтың мүддесін қорғайтын өкілдермен толығатын болды. Бұл еліміздің өңірлерін кешенді жаңғыртуға оң әсерін тигізері айқын. Осының негізінде «Күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» орнығады деп ойлаймыз. Сайлау күні жақындаған сайын саяси бәсеке күшейе түсуде. Әрине, халық өз таңдауын жасап, өздері қалаған үміткерге дауыс береді. Әділетті Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретін ел игілігіне қызмет ететін депутаттардың жаңа толқынынан халық үлкен үміт күтеді. Бұл жаңа сайланатын депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ол ең алдымен еліміздегі оң өзгерістердің орнығуына, Әділетті Қазақстанды дамытуға ұйытқы болатын халыққа адал қызмет етіп, ел сенімін ақтайтын, елдің жарқын болашаққа деген сенімін, үмітін оятатын, туған Отанға адал қызмет ететін, жақын күндерде ел тізгінін қолға алатын депутаттардың алдына күрделі мақсат-міндеттерді қойып отыр. Сонымен қатар, олар еліміздің жаңа саяси реформалары мен елдің әлеуметтік-мәдени құндылықтарын іске асыруда аса терең біліктілік пен мәдениеттілікті, адалдық пен әділеттілікті басшылыққа алып, ел ел игілігіне қызмет етеді деп үміттенеміз. Депутат халыққа жақын бола отырып, елдің әл-ауқатын жақсартуға, халықтың рухани-мәдени құндылықтарының кешенді өркендеуіне қызмет ете жүріп, қарапайым халықтың мемлекет саясатын қолдауына ат салысып халық пен биліктің арасында дәнекер болады.

Осы орайда, депутаттыққа кім лайық? – дейтін М.Дулатовтың көзқарастарына тоқтала кетсек, алаш ардақтысы М.Дулатов: «...біз қазаққа пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақ жүрек, таза болса, - жұртты алдап кетпейтін, халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін, саясат ісіне жетік, білімді, шешен, оқыған көсем болса» - дей келіп, «депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып баратын кісі болмауы керек» - дейді. Бүгінгі депутаттардың бойында М.Дулатов айтқан осы құндылықтар берік орныққан деп түсінеміз.

Әрбір қазақстандықтың дауыс беруі, таңдауы маңызды. Ортақ мақсат-мүдделеріміз бен береке-бірлігіміз, жарқын болашағымыз үшін жасаған таңдауымыз баянды болсын. Бәріміз сайлауға барып дауыс берейік.