«ЖЕЛТОҚСАН-86» КӨТЕРІЛІСІ ҒЫЛЫМИ ДЕҢГЕЙДЕ ЗЕРТТЕЛУІ ТИІС

16.12.2022



ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

«ЖЕЛТОҚСАН-86»   КӨТЕРІЛІСІ  ҒЫЛЫМИ ДЕҢГЕЙДЕ  ЗЕРТТЕЛУІ ТИІС

Саясат Бейісбай, философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы    

         

Жалпы,  халқымыз үшін желтоқсан айында қасиетті де қасіретті күндер аз болмаған. Солардың бір парасына тоқталсақ, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Алашорда үкіметі құрылғаны мәлім. Ал 1890 жылы 25 желтоқсанда  түркі әлемінің көсемі, қазақтың бостандығы мен азаттығы үшін күресіп өткен тұлға, мемлекетшіл қайраткер Мұстафа Шоқай дүниеге келген. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда 51 жасында Берлинде  жұмбақ жағдайда көз жұмды. 1986 жылы 16-18 желтоқсан аралығында Желтоқсан көтерілісі болғаны белгілі. Міне, соған 36 жыл толып отыр. Ал бес жылдан кейін Қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін жариялады.

      Баршаға белгілі, 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. Желтоқсаннан кейін барып Кеңес елінің түпкір-түпкірінде сан түрлі толқулардың болғаны, ақыры араға бес жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға белгілі.

        Алайда, желотоқсан қозғалысы тарихшы ғалымдар тарапынан да әлі күнге дейін өзіне лайықты бағасын алған жоқ. Қозғалыс – халықтың жаппай на­разылығы деген ұғымды білдіреді.

      Желтоқсан шындығы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Мемлекет басшысы айтқан Әділетті Қазақстан құрамыз десек,  осыған сарапшы ғалымдар мен философтар, тарихшылар өз тұжырымдарын ортаға салып, ойларын айтулары тиіс. Бүгінгі таңда осы күндерді Желтоқсан құрбандарын еске алу күні ретінде қарау керек.

    Сол себепті, әлі күнге дейін 1986 жылғы  қозғалысты  бі­реуіміз көтеріліс, біреуіміз оқиға деумен келеміз. Енді оқиғаға не себепті «кө­теріліс» деп баға берген дұрыс дегенге тоқталсақ. Сөз жоқ, бұл жерде ең алдымен бұл ұғымның мәнін ашып алу керек. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «көтеріліс», «ереуіл», «қозғалыс» ұғым­дары да түсіндіріледі.

      Біз жас ұрпақты отансүйгіш етіп тәр­биелейміз десек, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды үлгі етеміз десек, алдымен көтеріліске дұрыс және шынайы баға берген абзал.  Желтоқсанның болғанын жоққа шығару, тарихи маңызын бұрмалап, әлсіретіп көрсетуге болмайды. Тарихты өшіре алмайсың.

     Осы орайда біздің айтарымыз, қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқараста жаңаша жазылуы керек деген талап қойылып, ұлттық тұрғыдан бағалау қолға алынып жатқаны белгілі. Президент Қ.Тоқаев 1990 жылғы 25 қазанда  еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданғанын, сол күнді басты мереке ретінде атап өту керектігін бекер айтқан жоқ.

      Биыл Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  25 қазан – Республика күні мерекесі қайтарылатындығын айтты.

    "Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Көп кешікпей  Мемлекет басшысының айтқаны  жүзеге асты.

    "Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн Мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деді Мемлекет басшысы.

    Негізінде, еліміздің дербестігі сол 1990 жылғы Егенмендік декларациясында айқын көрініс берген. Кейбіреулер күбірлеп, біз тәуелсіздік алуда КСРО елдерінің соңында қалдық дегені қисынсыз. Егер сол 1990 жылғы 25-ші қазандағы егемендік туралы декларация қабылдағанымызды ескерсек, Балтық  жағалауы елдерін есептемгенде азаттық үшін талпынып, батыл қадам жасаған алдыңғы қатарлы елміз. Ал осының бәрі 86-шы жылғы желтоқсан көтерілісінен бастау алған.

     Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты әділетсіз бұрмаланған фактілер мен оқиғаларды қайтадан зердеден өткізіп, жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қайта қарап, түзету енгізіп, сонан соң оның нақты саяси-құқықтық статусын анықтап, тарихи бағасын беру, желтоқсаншылардың мәртебесін анықтау секілді тағы басқа толып жатқан мәселелерде бір мәмілеге тоқталатын уақыт жетті. Осыған орай Мәскеуде, Алматы архивтерінде құпия жатқан көп деректер бар екені айтылады ғалымдар мен тарихшылар. Солар ашылмай  толыққанды баға беру мүмкін емес.

      Желтоқсан көтерілісін қорытып, қайта бағалауда бізде туындап отырған негізгі қиыншылық — «Желтоқсан қозғалысының» іргелі ғылыми деңгейде зерттелмей отырғандығы. 

       Желтоқсан құбылысын зерттеп, ұлттық дүниетаным тұрғысынан жаңаша байлам жасап, бағалау үшін оған мемлекет өзі тапсырыс беруі керек. Басқаша түсіндіргенде, тарихшылар мемлекеттік тапсырыспен батыл да пәрменді  жұмыс істеуі тиіс. 

      Желтоқсан ақиқатын жазуға, құжаттарды жариялауға ғалымдар, әсіресе тарихшылар мен саясаткерлер атсалысуылары керек. Демек,  бұл мәселеде философтар мен әлеуметтанушылар, тарихшы ғалымдардың арасында өзара бірлестік, түсіністік, үйлесім табуы тиіс.

     Желтоқсан көтерілісінен кейін 1987 жылы шілде айында ОК-нің Саяси бюросы «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулы қабылдады. Кейін  1989 жылы Саяси бюро осы қаулыны алып тастады, бірақ, кешірім сұраған жоқ. Саяси бюро оны жылы жауып қоя салды. Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы деп аталатын алып империяның ыдырауын жеделдеткен тарихи көтеріліс. Оны кейін 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде  КСРО-ның бірінші әрі соңғы президенті М.С.Горбачевтің өзі мойындаған. Сөйтіп, олар көтерілісті «тек Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ірі тарихи құбылыс» деп атап көрсетіп, «бұл жаңа кезеңнің басталуы» деген баға берген болатын.

      Осы орайда, Желтоқсан құбылысын әлемдік деңгейге көтеріп, жұртшылықтың ниетін оған бұруда америкалық Хельсинки тобының еңбегі ерекше екенін айта кетуіміз керек. Олар көтерілісті «тек Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ірі тарихи құбылыс» деп атап көрсетіп, «бұл жаңа кезеңнің басталуы» деген баға беріп, мойындаған. Осылайша, Алматыдағы  желтоқсан жаңғырығы Сумгайт, Баку, Тбилиси, Вильнюс қозғалыстарына жалғасып, одақ деңгейіндегі оқиғаларға  ұласты. Оның аяғы Еуразиялық сипат алып, тіпті  әлемдік социалистік формацияның түпкілікті күйреуіне алып келді. 

        Жалпы, тарихты көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар зерттеп  жасайды, одан тағылым алу ұрпақ   үшін керек. Желтоқсан - қазақ тарихының қасіретті де қасиетті беттерінің бірі болып қала береді. Бұдан былай  қазақ тарихының қайғылы беттері қайталанбауы үшін, тәуелсіздікке тәу ететін  ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. 

      Сонымен, әйгілі желтоқсан көтерілісінен бастау алған 16-шы желтоқсан –Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын! Еліміздің ынтымағынан асқан береке жоқ, Тәуелсіздіктен асқан мереке жоқ!