ЕСПУБЛИКА КҮНІ – АЗАТТЫҚ ҮНІ

27.10.2023



РЕСПУБЛИКА КҮНІ – АЗАТТЫҚ ҮНІ

 

https://aqiqat.kazgazeta.kz/media/2020/08/27/image-10.png

 

Тәуелсіздікке жасалған нақты қадам

 

25 қазан күні Қазақ КСР-і форматында мемлекеттік егемендікті жариялауымен ерекшеленеді. КСРО құрамында бола отырып, Республикамыздың егемендігін мәлімдеу еліміздің нақты тәуелсіздігіне жасалған қадам болуымен құнды. Осылайша халқымыз ең жоғары заң шығарушы органдағы өкілдері арқылы ұлттық тәуелсіздікке ұмтылысын танытты. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланып, заманауи ұлттық мемлекеттілік құру ісі басталды. Келесі кезекте экономикалық тәуелсіздікті нығайту жөніндегі қадамдар жасалды. Еліміз халықаралық аренада қауіпсіздік пен тату көршілік қарым-қатынас қалыптастыру ісіне белсенді кірісті.

Егемендікті нығайту шынайы ұлттық идентификация процесінен де көрініс тапты. Соның ішінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындап беру аса маңызды қадам болды. Қазақстанның көп ұлысты және көп конфессиялы қоғамында басты қағидат: бейбітшілікті сақтау және ел тұрғындары арасындағы келісім болып белгіленді. Шын мәнінде, елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін сақтауына мүмкіндік беріліп, мультикультурализмнің сәтті моделі – Қазақстан халқы ассамблеясы және тұрақты түрде өткізілетін Әлемдік діндер және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының съезі нақты тәжірибеде іске асырылды. Бұл модель отыз жылдан астам уақыттан бері өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан реформалар арқылы жаңа саяси форматтағы қоғам қалыптастыру үстінде. Қ.-Ж.Тоқаев ұсынған «Мықты Президент – беделді парламент – есеп беруші үкімет» қағидасының мән-мағынасы барлық деңгейде әлеуметтік әділдікке қол жеткізуді көздейді. Бұның барлығы 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияның жемісі мен нәтижесі екендігі анық.

Айдар ӘМІРЕБАЕВ,

Саяси зерттеулер орталығының басшысы,

саясаттанушы

24 Қазан, 2023

 

https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/12118