ЖОЛДЫ КЕҢЕЙТУ ОРНЫНА КЕРІСІНШЕ ТАРЫЛТПАҚ ПА!?

08.12.2023



   ЖОЛДЫ КЕҢЕЙТУ ОРНЫНА КЕРІСІНШЕ ТАРЫЛТПАҚ ПА!?

 

Соңғы күндері қала көшелерінде веложолдарды салу жиі сөз болуда. Сол үшін көшелердегі жолды тарылтып, онсыз да қысылып, қымтырылған көліктердің жолын қыса түспек. Барған сайын самокат деген жаяу жүргіншілер көлігі көбейе түсуде. Оларға да жол керек әрине. Ал осыны пайдаланып, онсыз да тар көшені веложолдар үшін тағы да қыса түсу көп адамға түсініксіз.

Осының сыры неде? Бұған кімдер мүдделі болып отыр? Бұл бұрынғы ұрлықтың ізін жауып, қылмысты заңдастыру емес пе? Бұған халық қалаулылары, депутаттар не дейді? Мұндай заңды қабылдап жіберсе не болады. Ал оған жеке кәсіпкерлер әбден қарсы тұруы мүмкін. Себебі, жекешелендірілген жерлерінен айрылады.

Жылдан жылға көбейе түскен автокөліктер мегаполис көшелерінде сыймай барады. Онсыз да көлігін қайда қоярын білмей бас қатырып, ақылы автотұрақтар іздеп жүргендер жетерлік. Бұған қоса тар көшелерден орын таппай, әрі өте алмай жүрген көліктер өз алдына, егер құтқару техникалары, өрт сөндіруші, жедел жәрдем, су құбырларының жарылуы, жоғары вольтті кабельдерді қазып жедел жөндеуге, басқа да апаттық жағдайларда техника қалай өтпек?

Жақында ғана Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жерді цифрландыру мәселесі бойынша жиын өткізді. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына қатысты комиссияның жұмысы талқыланды. Сонда біраз кемшіліктердің бетін ашылды. Онда бөлінген жер учаскелерінің айқын көрініс табуы, жер қорына қатысты барлық ақпаратты азаматтар еркін біліп отыруы айтылған. Сараптама талдауларының нәтижесінде әкімшіліктер тарапынан цифрлық мәліметтер талапқа сай еместігі анықталды. Премьер-министр осы кемшіліктер 2024 жылдың 1-ші қаңтарына дейін жойылып, заңға сай жүзеге асырылсын деп атап өтті. Бұл әр аймаққа қатысты мәселе.

Ал енді Алматыда қала жолдарын тарылту арқылы веложолдар саламыз деген желеумен ұрлықты заңдастыруға жол беруге бола ма? Егер бұл ұсыныс мақұллданса, депутаттар тарапынан ондай заң қабылданып кетсе, демек, бұл бұрынғы заңсыздықты жабудың жақсы амалдары болмақ. Аудан, қала әкімдері, жеке кәсіпкерлер үшін ондай заңсыздыққа жол беруге болмайды. Бұл да бір ұрлықтың қитұрқы амалы секілді. Мұны тиісті орындар тексеруі тиіс. Оған инвестолар да жол бере қоймас. Өйткені, олардың қарауындағы жер аумағы тарылып кетеді.

Онсыз да жаз бойы Алматыдағы таспадай тартылған, еш кемшілігі жоқ, әп-әдемі кең даңғылдарды қайта қопарып, қыруар миллиардтар шығындалып, кептелісті одан ары көбейтіп, халықтың жүйкесін жұқартты емес пе! Әп-әдемі жиектастар ауыстырылып, тротуарлар қиратылып, қайта төселді ғой. Енді келіп көлік жүретін көшені тарылтса не болады? Осының бәрі депутаттардың жіті назарында болуы тиіс.

 

Саясат Бейісбай,

Философия, саясаттану және дінтану институтының

бас сарапшысы