Қасіретті Қаңтар оқиғасының салдары мен сабағы

04.01.2024



Қасіретті Қаңтар оқиғасының салдары мен сабағы

Бақытжан Сатершинов

ҚР БҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және

дінтану институтының бас ғылыми қызметкері,

философия ғылымдарының докторы, профессор

        Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласы жаңа Ұлу жылы басталысымен ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Мақаланың тақырыбы мен мазмұнынан еліміздің ертеңіне деген оптимистік сенім айқын аңғарылады. Қасіретті қаңтар оқиғасынан тура екі жыл өткеннен кейін берілген мемлекет басшысының сұхбатында ұлт тарихындағы бұл қайғылы айғаққа қатысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап айтылды. Қаңтардағы бұл бүліктің сипаты мен салдарлары, қаныпезер қаталдық пен азғындықтың жантүршігерлік айғақтары көптің көңілінде түйткілді сұрақтар қалдырды: билік пен халық арасы неден ушықты, неге өзара сенім азайды, наразылықты бейбіт шешудің жолы қалмады ма, бейбіт шеруге шығудың мәдениеті жоқ па еді бізде, тобырға тән инстинкттер бой алдырып кетті ме, «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген халық даналығы қайда қалды, кәнігі баскесер күштер қайдан пайда болды, олардың не мақсаты бар, қандай саяси, діни немесе кландық астарлары бар, «сақалды сәләфилердің» елдегі және сырттағы серкелері кімдер  және т.б.

     Бұл сұрақтардың бірқатарына аталмыш сұхбаттан жауап алғандай болдық. Атап айтқанда, Барыс жылының басындағы бейбіт шерумен басталып соңы қатыгез лаңкестік шабуылдармен, миллиардтаған шығын әкелеген тонаушылық әрекеттермен және жүздеген адам өлімімен сипатталған тосын оқиғаға саяси тұрғыдан баға берілді. Президенттің объективті бағалауынша, «қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды». Ал басты субъективті себептер ретінде «елімізде әбден тамыр жайған жүйеге» берік «ықпалды адамдардың» болуы және олардың саяси реформаларды «билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдауы», «өздеріне ыңғайлы бұрыңғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдауы», «жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалының болуы» және т.б.

        Билікті күшпен басып алу жоспарының, Президент тергеу мәліметтеріне сүйене отырып, 2021 жылдың ортасына таман басталғанын, алғашқы толқулардың қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болғанын, олар жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдермен бірге қимылдағанын  айтады. Осы тұста, біздің ойымызша, «әсіре діншілдер» армиясының біздің елімізде бар екенін мойындау керек сияқты және «жиырма мың лаңкес» ешқандай сырттан келген жоқ, олар бүгінгі күні кейбір серкелері темір торда отырған «беделді кісілердің» жамағатын құрайды. Мемлекет басшысы ел ішінде тағы бір аласапыран тудырмас үшін олардың атын нақты атамайды, Қазақстанның ескі кезеңінен жаңасына өтудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «сабақтастық» ұранының астарымен аса қатаң шараларға бармайды. Дегенмен, Президенттің шешуші шараларға бару қабілеті мен алысты болжайтын саяси сұңғылалығын ешкім теріске шығара қоймас.

        Ел басына күн туған осындай сын сағатында, Қазақстанның саяси тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына нақты қауіп төнген тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың табандылығына қалың көпшілік тәнті болды. Соңғы кездері қоздырушылық сипаты күшейген интернет желісінің бұғатталып, ақпараттық тапшылық орнаған кезде ресми хабар тарату көздерінен Президенттің әрбір сөйлеген сөзі мен үндеулері, сақтық пен сабырлыққа шақыруы, орынды ескертулері мен жасаған батыл қадамдары, әсіресе, арнайы комиссия құрып, халықтың талабын қанағаттандырып, айыптыларды жауапқа тартуы, жүгенсіздіктерге жол берген Министрлер кабинетін отставкаға жіберуі, Қауіпсіздік кеңесін қолына алып, өз құзыретіне сай ҰҚКҰ көмегіне жүгінуі, лаңкестермен келісімге келуден түбегейлі бас тартып, ішкі арнайы күштерді жұмылдырып, антитеррорлық әрекетті батыл жүргізуі, Төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағатты дер кезінде енгізуі, Аза тұту күнін белгілеп, Жолдау даярлауы халықтың көңілінен шығып, қоғамдық тұрақтылық пен тыныштықтың орнауына орасан зор септігін тигізді. Бұл шаралар, сөз жоқ, халық алдындағы Президенттің абыройын асқақтатты, мемлекет басшысына деген елдің құрметі мен сүйіспеншілігін арттырды.