ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕР КӨРМЕСІ

06.04.2023

ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕР КӨРМЕСІ

ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕР КӨРМЕСІ

 

Өркениеттік даму барысындағы ғылым мен техниканың және технологияның үздіксіз жетілуі адамзаттың өмірін адам танымастай өзгертті. Тіпті бүгінгі күні ғылымның дамуы нәтижесінде біздің өміріміз елеулі өзгерістерге ұшырап отыр: кезінде қиял болып көрінген компьютерлік-ақпараттық технология, ғаламтор желісі мен виртуалдық әлем нақтылыққа айналды және биотехнологиялық, нанотехнологиялық жобалар өмірге енгізілуде. Қоршаған орта туралы ақпараттың ағымы жыл сайын еселеп көбейетіні соншалық, адам бұл ақпарат ағымын жеткілікті деңгейде қабылдап үлгеруі қиындыққа айналды. Ғылыми ақпарат пен ғылыми еңбектердің көлемі де жыл сайын артуда.

Қазіргі кезде елімізде ғылымға үлкен көңіл бөлініп, оны қаржыландырудың көздері туралы мәселелер талқыланып, ғылымның қызметі мен дамуында үнемі мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы Қазақстан ғылымы, соның ішінде гуманитарлық ғылымдар өтпелі кезеңнің ең қиын жағдайында өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бірақ, қазіргі уақыт талабына сай болу үшін көптеген жаңа міндеттерді шешуге тура келді, сондықтан гуманитарлық платформа аясында қазақстандық философтарға сеніп тапсырылған ғылыми зерттеулер үлкен еңбекті қажет етті.

Философиясы жоқ халық болмайды. Руханияты мен мәдениеті жоғары халықтың болашағы да жарқын және айқын. Бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету әлемдегі адамзаттық болмыстың шынайы рухани негіздерін сақтау мәдениет пен руханият арқылы іске асатыны даусыз. Сондай дүние мен адамды қабылдау тұтастығы, ақыл мен жүрек бірлігі, ізгілік, ақиқат пен әділдіктің рухани-адамгершілік басымдықтары, мейірімділіктің ерекше түрін өз бойына қазақ философиясы сіңірген. Қазақ философиясы инабаттылық пен әдептілік принциптерін қамтып, ақыл мен жүрек арасындағы алауыздықтан аулақ, руханилық пен имандылық өлшемдерін басшылыққа алады.

Сондықтан дүниені әмбебап кейіпте танып-білуге, өрнектеуге талаптанатын философиялық дүниетаным кез келген мәдениет үшін, тарихи кезең үшін адамгершілік, гуманизм принциптерін тарататын маңызды феноменге айналды. Қазақ халқы даналыққа құштар халық, фи-лософия оның өмір сүру формасы болып табылады. Ал, енді қазақ халқының сан ғасырлық тарихында орасан зор рухани байлық, даналық тағылымдары бар екені белгілі. Сол рухани дүниені жүйелі түрде, кәсіби сараптаудан өткізе отырып келесі ұрпаққа жеткізу халқымыз алдындағы біздің рухани парызымыз. Бұрын жеткілікті назар аударылмай келген философиялық танымның ұлттық типіне барынша ыждағаттылықпен назар аударылып, тарихтың «ақтаңдақтары» болып келген көптеген жаңа ойшылдар мен шығармаларға түсініктемелер берілді. Осы орайда қазақстандық философтар қауымы бірталай жұмыстар атқарды.

«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру барысында «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы» деп аталатын 20 томдыққа халқымыздың көне заманнан қазіргі дәуірге дейінгі қордаланған даналық үлгілері, философиялық ойдың інжу-маржан-дары енді. 20 томнан тұратын «Әлемдік философиялық мұраға» Платон, Аристотель, Кант, Гегель сияқты философияның ғұламалары, әлемдік философиялық ойдың ең озық үлгілері іріктеліп қазақ тіліне аударылса, Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылығына арналған 10 томдық «Әл-Фараби мұрасы» шығармалар жинағына ортағасырлық кемеңгер ойшылдың бірнеше еңбектерінің нұсқасы енді.

Бұдан басқа да көлемді еңбектер: «Қазақ даласының ойшылдары» атты 5 томдық кітапқа әрбір тарихи кезеңдегі қазақ жерінде өмір сүрген ойшылдар туралы, рухани ахуалдың күрделі қайшылықтары, даму үрдістері аксиологиялық талдаудан өткізіліп, қазақ дүниетанымының әр түрлі қырлары айшықталды. Одан бөлек «Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)» атты 5 томдық монография қазақ халқының философиясының қалыптасуы мен дамуының мифологиялық, тарихи, мәдени негіздері заманауи құндылықтар тұрғысынан сараптаудан өткізіліп, ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ойшылдарының қоғамдық-әлеуметтік, теориялық-әдіснамалық, этикалық, эстетикалық, дүниетанымдық көзқарастарын философиялық тұрғыдан саралауға және еліміздегі ұлттық кәсіби философиялық мектептердің қалыптасуы мен дамуына дейінгі зерттеулерге арналған. Сондай-ақ, «Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер» және т.б. жарық көрді.

Осындай жүйелі және қомақты жұмыстар еліміздің рухани-мәдени тәуелсіздігін одан ары нығайтуға септігін тигізеріне, еліміздің жаһандану процесіне енуінің қажетті баспалдағы болатынына кәміл сенеміз.

 

Center for Philosophy

 

 

https://www.facebook.com/fsdi.kz