Алыптардың алдын көрген

10.04.2024



Алыптардың алдын көрген

 

 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

«Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты

 

2008 жылы «Шалқар» радиосына бас редактор болып жұмысқа келдім. Сол кезде Қазақ радиосына қызмет ауыстырып, бағдарламалар директорының орынбасары, кейін Қазақ радиосының бас редакторы болып тағайындалған Саясат Бейісбай ағамен жақын танысып, қоян-қолтық араласып кеттім. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, мінезі сабырлы, кішіпейіл, жұртшылықпен тіл табыса білетін қамқор ағамның журналистік жолы да жастар үшін өте қызғылықты. Еліміз азаттығын алған сәттен бастап, әлемнің көптеген елдерін аралап, тұщымды жолсапарларын жұртшылыққа тарту етті.

Ол Қазақ­стан азаттығын жариялаған күн­нің ертеңінде – 1991 жыл­­дың 17 желтоқсанында халық­аралық «Азаттық» радиосы бас­шылы­ғы­ның шақыруымен Батыс Гер­манияның Мюнхен қаласына аттанады. Сонда бірнеше ай тәжі­рибеден өтіп, жұмыс істеп қайтады. Сол тұстағы ұлтшыл, Алаш­шыл тұлға Хасен Оралтай бас­таған азаматтармен танысып, ара­ласып, жақсы қарым-қатынаста болады.

Бұл «Азаттық» радиостан­сасының Нью-Йорктегі әкімшілігі ұйымдастырған бұрынғы Кеңес одағы мен Шығыс Еуропа елде­ріндегі журналистерге арналған жаттығу бағдарламасына орай бірнеше айлық тәжірибе алмасу іс-шарасы еді. Еліміздегі бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі әрі Қазақстан Журналистер одағының ұйға­рымымен осы са­парға шығу бақыты Сәкеңе бұйы­рыпты.

АҚШ конгресі қаржылан­дыратын «Азаттық» радиосы Шығыс Еу­ропа мен Бал­тық жағалауы елде­ріне, сон­дай-ақ бұрынғы ке­ңес­тік респуб­ли­каларға 35 тілде хабар таратып келді. Осы уа­қытта «Азаттық» ра­диосының тың­даушылары 60 миллионға жуық­тады. Он­дағы ең үлкен редакция да әдет­тегідей орыс бөлімі болды. Онда 150-дей адам жұмыс істеген. Мәселен, сол кездері Беларусьте – 7, Қазақстанда 12 адам істейтіні секілді, әр елдің салмағына қарай әр редакцияда адам саны әрқалай болды.

Бұл радиода алғашқы кезде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жат жерде қалып қойғандар істеген еді. Олар кеңестік жүйенің қатаң қыспағынан соң «Отанын сатқан опасыздар» деген жаман атқа ие болып, елдеріне орала ал­май, сол жақта құсалықпен көз жұмды. Ал олардан кейін «Азат­­­тық» радиосындағы қа­зақ қыз­меткерлерінің орнын бір кезде Шығыс Түркістаннан Түр­кияға келген қазақтар басқан. Ересектері қазақ тілінде едәуір дұрыс сөйлегенімен, кейінірек келген жастарының тілінде түрік сөздерінің, дыбысталуының ық­палы байқалады. Алайда елге деген, тілге деген құштарлық пен талпыныс бәрін жеңіп, халыққа қажетті ақпаратты тарата білді.

АҚШ әкімшілігі ұйым­дас­тырған «Азаттық» радио­стан­са­­­сындағы жаттығу бағдар­ла­масына Шығыс Еуропа мен бұ­рынғы кеңес респуб­ликаларынан жиырмашақты адам ша­қы­рылыпты. Солардың ішінде Украина, Беларусь, Грузия, Бал­тық жағалауы елдерінің азаматтары болады. Ал мұсылман елде­рінен келген жалғыз қазақ Саясат Бейісбай аға екен.

Тоқсаныншы жылдары «Азат­тық» радиостансасының Қа­зақ редакциясы тәуелсіз мемле­кет ты­нысын жан-жақты көр­се­те бас­таған. Кез келген ма­ңыз­ды оқиға, елді елең еткізер жаңалық назардан тыс қалмай, тыңдарманға жедел жеткізіліп отырады. Сол тұста Мюнхеннен тарап жатқан әуе толқынындағы хабарларында қазақтың белгілі ғалымы Рахманқұл Бердібай, жазушы-драматург Қалтай Мұха­меджан, жазушы Шерхан Мұртаза, бас­қа да көрнекті қайраткерлер мен халық депутаттарының, тіпті МХК-нің лауазымды қызмет­керлерінің де сұхбат, әңгімелері естіле баст­ай­ды. Бұл, сөз жоқ, Сәкеңнің қолтаңбасы, еселі еңбегі екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.

Еліміз тәуелсіздікке қолы жетіп, азаттығын жария­лаған соң бұрын хабарын да естуге жүрек дауаламайтын «Азат­тық» радиостансасының енді та­бал­дырығын аттап, төріне шығып дегендей, тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Сол кезде Саясат Бейісбай аға «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі еді. Басшысы бүкіл елге сыйлы әрі танымал тұлға, жазушы Шерхан Мұртаза болды. Алыстағы Ба­тыс Германиядан, Мюнхен ша­һа­рынан Сәкеңе шақырту келгенде Шерағаң ұлтжанды, көкірек көзі ояу, көзіқарақты, батыл адам ғой, ешбір күмілжіп, ойланбас­тан рұқсат береді. «Азаттық» радиосы империалистік жүйеге қарсы, басқыншылықты сынап, бүкіл әлемге талай жылдан бері хабар таратып отыр ғой. Жаңа заман туып келеді. Қа­шанғы оқшауланып отырамыз. Батыстың журналистика­сынан үйренетін де нәрсе бар шы­ғар. Барып қайт, бәлкім, пайдасы тиер», деп батасын береді.

Мюнхенде жүргенде Сая­сат аға сондағы Хасен Оралтай ағамыздың қамқорлығын көп көреді. Хасен аға: «Сен осында қал, бізге қазақ тілін білетін тә­жірибелі журналист керек. Ай­лық еңбекақың жеткілікті болады. Жақсы үй тауып береміз, «Азат­тық» радиосы пәтерақыңды төлеп тұрады. Отбасыңды кө­шіріп аласың. Бала-шағаң Аме­рика мектебінде тегін оқиды дегенді бірнеше рет айтады. Неміс жері жақсы ғой, алайда Сәкең аз ғана күн өтісімен елді сағына бастайды. Кейін тіпті елге қашан қайтамын деп, күн санаумен жүреді. Сосын Сәкең: «Аға, маған қанша ақша тө­ле­сеңіздер де қала алмаймын», деп белгілі уақыттан бір апта бұрын елге тартып отырады.

Хасен Оралтай қазақтың мүд­десін қорғап, сөзін сөйлеу керек деген ұстанымда өткен ағамыз ғой. Ол кісінің өзі айтпақшы,  «нағыз ұлтшыл» азамат болатын. Радиодан бері­летін әр хабар, сұхбат, әңгімелер қа­зақтың мүддесіне қызмет етіп, титтей де болса пайдасы тие­тін болуы керек деген сөзін ұмыту мүмкін емес-ті. Сол үшін де Алаш үкіметінің маңызына ерек­ше көңіл бөліп, Алаш арыс­тары, жалпы Алаш туралы жа­зылған еңбектерді іздеп тауып, оның авторларын ерекше жақсы көріп, әңгімеге тартып, солармен мақсаттас, пікірлес, дос болып кететін. Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатұлының, Оспан батырдың, Шығыс Түркістандағы ұлт-азат­тық жолындағы шайқастарды, Жел­тоқсан көтерілісінің жай-жап­сарын, қазақтың қағажу көрген тіл мәселесін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын бір сәт назардан тыс қалдырмай, радио арқылы әуе толқынынан бер­гізетін. Соны басқа­лардан да талап ететін. Сәкең үшін бұл үлкен мектеп болып, сол сүр­леумен жүрді. Сол үшін де асыл ағаның талай рет алғысына бөленді.

Бұдан бұрын, яғни 1980-2001 жылдар аралығында, яғни 21 жыл бойы алдымен «Социалистік Қа­зақ­стан», кейін «Егемен Қазақ­­­стан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқар­ған Сәкеңе тың тақырып – ұлт мүддесі өмірінің өзегіне айналған.

Осыдан кейін Алматыға ора­лып, «Азаттық» радиосының Қа­зақ­стандағы тілшісі қызметін атқарды. 1993 жылы Алматыда «Азаттық» радиосының бюросы ашылып, кейін он жылға жуық бюро жетекшісі болды. Радио Германияның Мюнхен қаласынан 1995 жылы Чехияның астанасы Прага қаласына қоныс аударды. Мюнхендегі бұрынғы тілшілер сонда қалуды жөн санап, Прагаға Қазақстаннан оншақты азамат қызмет атқаруға барды.

Ел Тәуелсіздігін жариялаған соң халқымыздың рухани еңсесі кө­теріліп, болашаққа үл­кен үміт­­пен қарап, жарқын күн­дерге сенді. Сол кездері орын ал­ған кемшіліктер де назар­дан тыс қалған жоқ. Осы оншақты жылдың бедерінде үлкен ға­лымдар мен ұлтшыл тұл­ғалар «Азаттық» эфирінен күн құр­ғатпай сөйлеп тұрды. Осы­лайша, халықаралық радионың эфирін ұтымды пайдаланып, ел дер­бестігі мен бостандығы үшін хал-қадерінше қызмет атқар­ды. Осы тұлғалармен өзекті де өткір сұхбаттарын Сәкең бүгінде сағынышпен еске алады.

«Азаттық» радиосынан кейін екі-үш жылдай Қазақ радиосын­да бас редактор қызметін атқарды. Қазақ радиосы Астанаға қоныс ау­дар­ған соң, 31-телеарнада жеті жылдай шеф-редактор қыз­метін атқарып, зейнет демалысына шық­ты. Ол жерде қазақ тілінің мәр­тебесі үшін біраз еңбек етті. Сол жылдары Мәскеуде отыр­ған те­леарнаның қосымша бас­тық­тарына әр апта сайын скайп арқылы бір сағат бойы қазақ тілін үй­ретіп, сабақ берді. Осыдан кейін жағдай едәуір түзелді. 31-телеарнада жаңадан қазақ тіліндегі тың жобалар көбейіп, көрерменге жол тарта бастады. Қазақ тілі курсына қа­тысушылар соның оң нәтижесін көре бастады.

Сәкең соңғы жеті жылда Фило­софия, саясаттану және дін­тану институтында бөлім меңге­рушісі, институттың бас сарапшысы қызметтерін атқарды. Өзі жақын араласқан айтулы азаматтар туралы сыр шертіп, естеліктер жазды. Өмірдің өзінен алынған, көңілдің түкпіріне түйген тағылымды да танымдық мәселелерді ор­таға салды. Кейбір қызықты деп тапқан, негізінен болған оқи­ғаларды көр­кемдеп, қазақы хикаят­тары мен новеллаларын кітап етіп шығарып, оқырман қа­уымға «Бір жұтым ауа» деген атпен ұсынды. Сондай-ақ «Ұлы­лыққа тағзым», «Жанымның жа­­лауы» атты еңбектері ұлт бол­мы­­сындағы өзекті мәселелерге арналды.

Халықаралық Жамбыл Жа­баев атындағы сыйлықтың лауреаты, Мәде­ниет қайраткері, ардагер жур­налист Саясат Бейісбай өмірі мен шығармашылығының жаңа белесінде оқырманға талай еңбек ұсынады деп сенеміз.

 

 

«Egemen Qazaqstan» газеті № 68 (30797) 9 сәүір

 

https://egemen.kz/article/361804-alyptardynh-aldyn-korgen?fbclid=IwAR2r0LzWR5A6_Dtb3Rwa5VLdrneDhKC9ih3iZBEqfkwbUbzXY2WD41S_Mjg_aem_AU7N3Gom6fTMaGsIZCxIcz438rlv-N2T4K9Iu9jy037pRbE27vpdGJpxD-t_cTvnjTHvDXF4h0MnVYxmS8ajoNSM