Алтын Орда және оның мұрасы

30.04.2024

Алтын Орда және оның мұрасы

Алтын Орда және оның мұрасы


2024 жылдың 25 сәуір күні Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференция өтті. Аталған жиынды өткізу туралы бастаманы ҚР Президенті өткен жылы 4 шілдеде өткен ШЫҰ саммитінде айтқан болатын. Конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Қатар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысып жатыр. Алдымен қонақтар «Фараб» кітапханасында «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Содан соң қонақтарға Түркістан туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Халықаралық жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ҚР Президентінің құттықтау хатын оқып берді. Онда «Құрметті конференция қатысушылары, сіздерді «Алтын Орда және оның мұралары» атты халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Алтын Орда орталық Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттық саяси-экономикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір, Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатта.

Ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. «Түркі әлемінің тұмарына айналған қасиетті шаһарда басталған бүгінгі жиынның тереңге кеткен тарихымызды зерделеуде маңызы зор деп есептеймін. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында Халықаралық деңгейдегі мәні жоғары жиындар көптеп өткізіліп келеді. Руханият ордасына айналған Түркістанда «Алтын орда және оның мұрасы» атты ғылыми конференцияның өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Келелі жиында маңызды мәселелер талқыланып, шешімін табады деп сенеміз. Биылғы жылды «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесін ала отырып, табысты бастап отыр. Конференцияны өткізуге мұрындық болған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне және әлемнің озық ғалымдарына алғыс білдіремін. Мемлекет басшысы «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Бұл басқосудың – тарихи шаһардың төрінде өтуі – тарихты терең тануға бет бұрудың жаңаша көрінісі деп білеміз» деді ол.

Бұдан бөлек Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн мен Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйледі. «Бүгінгі конференция жұмысы көшпелі қоғамның саяси және этноәлеуметтік институттарының негіздері мен пәнаралық синтез негізінде Алтын Орданың этномәдени құндылықтарының ерекше белгілерін зерттеуді қарастыруға бағытталған.

Эксперттер Жошы ұлысының, Ноғай Ордасының және Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық пен қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қалашығының рөлі мен маңыздылығына жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениеттерінің өзара әсері мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен түпнұсқа тұжырымдарына баға берді.

«Алтын орда және оның мұрасы» халықаралық конференцияда ФСДИ дінтану орталығының ғылыми қызметкері Мейманхожа Нұрмұхаммед «Алтын орда дәуіріндегі қоғамдағы діни дискурс» тақырыптағы баяндамада Алтын орда мемлекетіндегі дін аралық қарым-қатынастың үлгі модельдері туралы ақпарат жарияланып, ислам дінінің тарихи-мәдени құндылықтары мемлекеттік жүйедегі орны мен функциясы туралы мәліметтер жарияланды. Сонымен қатар, Алтын орда дәуіріндегі хандардың православтық шіркеу өкілдеріне епархия салынуына қолдау білдіргені туралы және де католиктік шіркеумен ресми дипломатиялық байланыстар деректері баяндама жарияланды.

 

 

ФСДИ дінтану орталығы