Жаркент мешіті

05.04.2023

Жаркент мешіті

Жаркент мешіті 

Шағырбай АЛМАСБЕК,

ҚР БҒМ Ғылым комитеті философия,

саясаттану және дінтану Институты дінтану орталығының директоры,

PhD доктор

 

1887 жылы мұсылман қауымының бір бас қосу жиыны қала жұртшылығынан жиналған қаржы есебінен мешіт құрылысын бастауға келіскен. Мешітті салу жауапкершілігін жоғары дәрежелі көпес Вали Ахун Юлдашев өз мойнына алды. Оның ықпалды жағдайы озық құрылыс шеберлерімен, тәжірибелі сәулетші Хон Пикті шақыруға мүмкіндік берді. Үлкен құрылыс жұмысына жүзден астам ұлт өкілдерінің ең үздік сәулет шеберлері тартылады. Олардың ойдағыдай қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше түркі тілін білетін екі тәржімеші тағайындалады. Мешіт белгіленген жоба – сызбасыз салына бастағанымен, жоспарлануы мен архитектуралық ерекшелігі жалдаушы мен бас шебер арасында күні бұрын келісіліп алынған болатын.

Мешіт салу жұмысында негізгі құрылыс материалы ретінде ағаш пайдаланылады. Ақсу мен Кетпен тауларынан Жаркентке әкелінген Тянь – Шань шыршалары кептіріліп, біркелкі мөлшерде өңделіп, ою – өрнектермен әшекейленіп, болашақ құрылыс бөлшектері дайындалынды. Құрылыс алаңына таңдалынып алынған жер ұзақ уақыт нығыздалып, темірдей берік табан тұғыр тұрғызылды. Өте үлкен колонналар қос – қостан жегілген өгіздердің күшімен қойылады. Құрылыстың ағаш бөліктерін құрастырып тұрғызу жұмысы бір маусымда аяқталып, 1892 жылы мешіт комплексі негізінен салынып бітеді. Мешіттің кіре беріс порталы Орта Азия мен Қазақстан сәулет өнеріне тән үлгілер – сүйірленіп келген орталық үлкен аркамен, екі жақ бұрышқа орнатқан мұнара іспеттес гүлдесте колонналармен, иммитациялы мұнаралармен, күмбезді шатырлармен жасандырылып, ғанышқа түсірілген әсем нақышты араб жазуларымен, оюлармен өрнектеліп салынуымен ерекшеленеді. Мұнда Шығыс сәулет өнерінің қалыпты дәстүрі құрылыс салудың жергілікті тәсілдерімен байытыла дамытылып үйлесімді шешім тапқан. Мешіттің сырт көрінісінде құламалап келіп жоғары қарай қайырыла біткен шалқайма шатыр сипаты, цилиндр тәрізді колонналар галереясы, үлкен көлемді ернеулер сияқты архитектуралық элементтерді айқын көруге болады.

Мешіт соншалықты шеберлікпен қиюластырылған 122 бағанадан тұрады. Ғажайып ғимарат шегесіз салынған. Ернеулеріне әсем ою, келісті өрнектер жүргізілген ағаш шатыр алыстан көз тартады. Биік қақпа мен дуалдың жиегі де нәзік нақышты, табиғи өң беріп тұратын оюлармен көмкерілген. Әсемдік түсті ою – өрнектер арасында сымбат өнеріне тән жабайы және қиялдан жасалынған жан – жануарлардың, құстардың, балықтардың бейнесі молынан кездесіп отырады.

Мешіттің тағы бір өзіндік ерекшелігін бағаналарының кендірмен оралып, қызыл жосамен сырланып, үстіне лак жағылған колонналар айқындай түседі. Колонналардың бұлайша әшекейленуі бағаналарды желініп, мүжілуден сақтаумен қатар, архитектуралық ансамбльге әсемдік көрік беріп тұр. Колонналар тас тұғырға орнатылған. Колоннаның үстіңгі ернеуінің орнына геометриялық және өсімдік тектес астарлы өрнектермен әшекейленген сызықшалар салынған.

Жалпы шеберлердің ою – өрнек, бояуға деген талғамдары сәулет нақыштарынан ғана емес, музейдің экспозициялық залындағы көптеген қолөнер бұйымдарынан да айрықша байқалады. Шырағдан, михраб пен қоршаулардың тосын қию – құрылымдары көрермендерді қызықтыра баурары сөзсіз. Себебі олардың әшекейленіп, көркемделуінде ақ, қара, қызыл, сары, жасыл түстердің асқан талғампаздықпен үйлесім тапқанын көруге болады.

Мешіт порталының екі бүйіріне дәрісхана орналасқан, оған жалғастырылып медресе оқитындардың жатақ үйі тұрғысында құжыралар салынған.

Мұсылман мерекесі күндері мешітке ойын – сауықшыл өнерпаздар келеді екен. Ол күні таңертеңмен қақпа үстіндегі мешіт мұналары басынан елді құлшылық етуге шақырған дауылпаздардың дүбірлі үні жар салып, барлық қақпалар мен есіктер айқара ашылып тасталынатын болған.

1910 жылы Жаркентте қатты жер сілкінісі болды. Қаланың көптеген үйлері қирап, үйінділерге айналды. Мешіттің де порталы қатты бүлінді: декоративті екі мұнара құлап, күмбез қалқандарының қақ жарылуынан күмбездің төбесі жерге құлап түскен, төбеге шығатын баспалдақтар бітеліп, үлкен қақпа арқылы мешітке кіру тоқтатылған.

Мешіт құрылысына 130 жыл тарихы болғанымен, 26 жыл көлемінде ғана мешіт ретінде жұмыс істеген. 1918 жылы кеңес үкіметі орнаған уақытты мешіт астық қоймасы, кинотеатр, пәтер ретінде, ал үлкен «Жұма залы» әскери жатақханадан бастап, ат байлайтын қораға дейін пайдаланылған. Осының нәтижесінде мешіт ғимараты күтімсіздіктен тоза бастады.

1948-1949 жылдары тұңғыш рет мешітке жан – жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сәулет өнерінің осы бір баға жетпес көне ескерткіші мемлекет қарамағына алынды. 1967-1978 жылдары негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң «Жаркент мешіті» сәулет – көркемөнер музейі келушілерді қабылдай бастады.

 

#Мешіт_Жаркент_2023жыл


https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=pfbid02TjFp9WabvgyEyi7FAixZkdq4mioBBj8HVEHrp7NkwAxZMYQjet8z8x2CR5XWgsfEl&id=100004349614617&mibextid=qC1gEa

 339900108_613948653590594_8408515281395297197_n.jpg