Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

ҚҰРАН МЕН ХАДИСТЕРДЕГІ ҒҰРЫПТЫҢ ОРНЫ
11.11.2022
Көріністер:  509

ҚҰРАН МЕН ХАДИСТЕРДЕГІ ҒҰРЫПТЫҢ ОРНЫ

БАҒАШАРОВ Құдайберді, PhD, қауымдастырылған профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері

Ғұрып (арабша урф) сөздікте жақсылық (мағруф), жомарттық, сыйлық, бір нәрсенің үздіксіз жалғасуы, жақсы әдет, ең ұлы нәрсе, сабыр, мойындау, адамдардың жақсы деп білгені» дегендей мағыналарды білдіреді. Фиқһи ұғым ретінде ғұрып «Ақылды, жөн білетін кісілер жасап келген әдеттер, жоғарғы ахлақ ұстындары талап еткен нәрселер» деп анықтама беріледі. «Урф» сөзі Құран мен сүннетте көбіне «мағруф» деген атаумен өтеді. «Мағруф» сөзі ақыл мен дін құптап, жақсы деп қабылдаған нәрселер деген мағынада.

Ғұрыптың түрлеріне келсек, ол дұрыс (сахих) және дұрыс емес (фасит) болып екіге бөлінеді. Сахих ғұрып: Құран мен сүннетке сай немесе ең жоқ дегенде осы негіздерге қайшы келмейтін ғұрыптар. Фасит ғұрып болса, аят пен хадиске қайшы келгендіктен исламда жарамсыз деп есептелген әдет-ғұрыптар.

Құран Кәрімде «урф» сөзі мына аятта кездеседі. «Сен кешірім жолын ұстанып, ғұрыппен бұйыр» (әл-Ағраф сүресі, 7/ 199). Бұл аятта өткен «урф» сөзіне терминдік мағынасына ең жақын түрде «мағруф және барлық діндер құптайтын, жұрт жатырқамай қабылдайтын жақсы, ұнамды істер» деген мағына берілген. Құран кәрімде «урф» сөзі түрлі мағыналарға келетіндей бірнеше жерде қолданылған.

Құран мен сүннетте кейбір мәселелер ғұрыппен реттелген. Олардың кейбіріне тоқталар болсақ, әуелгісі әйелдің нәпақасын қамтамасыз ету мәселесі. Ислам жүйесі бойынша отбасындағы әйел мен балаларды асырау міндеті ер кісіге жүктеледі. Аятта былай делінеді: «Аналардың жейтіні мен киетінін ғұрыпқа сай (бил мағруф) қамтамасыз ету, бала өзіне тиесілі әкенің міндеті. Ешкім күші жеткеннен артығына міндеттелмейді» (Бақара сүресі, 2/233). Бұл аятта әкеге жүктелген нәпақаның мөлшері міндеттелмеген.

Басқа бір аятта отағасының жағдайы да назарға алынуы қажеттігі айтылған: «Дәулетті кісі нәпақасын өз жағдайына қарай молырақ берсін. Ризығы азайтылғандар Алла өзіне бергенінен берсін» (әт-Талақ, 65/7). Бұл жағдай бойынша нәпақаның мөлшері анаға жететіндей әрі әкенің қаржылық ғұрпына сай болуы қажет (Сарахси, әл-Мабсут, Бейрут, 1398/1978, V, 181).

Балалардың нәпақасы да ғұрыпқа қарай белгіленеді. Әбу Суфиянның әйелі Хинд бинт Утба бір жолы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) келіп, Әбу Суфиянның өзіне және балаларына жетпейтіндей аз қаражат беретінін айтып, «Оған айтпай дүниесінен алуыма бола ма?» деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Оның дүниесінен өзіңе және балаларыңа жететіндей ғана ғұрыпқа сай етіп алсаң болады» деп жауап береді (Бұхари, Буюғ, 95).

Сүт анаға берілетін ақы да ғұрыппен реттелген. Аятта былай делінеді: «Балаларыңа сүт ана жалдап емізгілерің келсе, ақысын ғұрыпқа қарай беруде сендерге қандай да бір жауапкершілік жоқ» (Бақара, 2/233).

Қамқор кісі кедей болған жағдайда жетімнің малынан ғұрыпқа сай пайдалана алады. Аятта былай делінеді: «Қамқоршылардан кім дәулетті болса «жетімнің малын жеуден тартынсын. Кедей болса ғұрыпқа қарай пайдаланса болады» (Ниса, 4/6).

Сүннеттегі ғұрып турасында ең әуелгі кезекте мына белгіленген қағиданы есте ұстаған абзал: яғни мұсылмандар жақсы деп қабылдаған нәрселер ислам дінінде дәлел ретінде саналады. Хадисте бұл турасында былай делінген: «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрселер Алла есебінде де жақсы » (Ахмед ибн Ханбәл, І, 379).

Жалпы алғанда, ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) исламға дейінгі қоғамның барлық әдет-ғұрпын терістеген жоқ. Көпшілігін біршама түзетулермен қабылдады. Мысалы, Қағбаны жалаңаш күйде тауап етуге түзетулер енгізді, т.с.с.

Қорыта келгенде, әдет-ғұрыптың Құран мен сүннетте белгілі бір орны бар. Дегенмен бұл тұстағы басты талап: ислам құқық жүйесі бойынша үкімдер белгіленгенде, шариғи дәлелдер мен тәжірибелерге қайшы келмейтін ғұрыптық практикалар назарға алынады. Себебі ислам құқығында үкім берілгенде жергілікті халықтың әдеті мен ақыл иелер құптаған істерді негізге алмау адамдарға қиыншылық тудырады, ол болса ислам құқығы көздеген мақсатқа қайшы.

https://www.facebook.com/CenterForReligiousStudies/

 


← Тізімге қайту