Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК
14.02.2023
Көріністер:  580

АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

  

Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығы «Сайлау заңнамасындағы инновациялар және сайлау комиссияларының қызметі» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткізді.

Олардың айтуынша, сайлау – еліміздің саяси жүйесін жаңартудың бастамасы. Жиынға ғалымдардан бөлек, сарапшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. «Дөңгелек үстел» отырысы басталар алдында Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі С.Сейдуманов құттықтау сөз сөйлеп, саяси шараны жаңарту процесінің негізгі тұстарын баяндады. Ол 2022 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы өткізілген жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша бүкілхалықтық қолдау алған еліміз бойынша басталған сайлау процесінің ерекшелігі оның ережелері мен нормаларын түбегейлі өзгерту болып табылатынын атап өтті.

«Біріншіден, ел Президентінің бір мәрте жеті жылдық қызмет мерзімі бекітілді.

Екіншіден, Парламент Сенатындағы президенттік квотаға шектеулер енгізілді. Жоғары заң шығарушы органда Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің өкілдігінде өзгерістер болды.

Үшіншіден, заң шығарушы органдарға сайлау форматы да өзгерді. Енді Парламент Мәжілісі депутаттарының 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, ал қалған 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады. Саяси партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдетілді: саяси партияны ұйымдастыру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарды; партиялардың Құрылтай съезін өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұлғайтылды; тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендеді; өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін азайды», – деді Серік Сейдуманов.

Жиынға жиналушылардың пікірінше, бұл инновациялар депутаттыққа кандидаттардың тізімдерін дайындау үдерістерінің сипатына және реттелетін қолжетімділік пен партиялық бәсекелестік жағдайында Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау өткізу жүйесіне айтарлықтай әсер етеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлауға қатысу мәселесі бекерден-бекер көтерілмейді, өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, азаматтардың белсенділігі, әсіресе Алматы қаласындағы көрсеткіш, өте төмен болды. Электораттың дауыс берудегі енжарлығының бірнеше себептері болуы мүмкін. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл өтсе де, авторитарлық билік пен өктем бір партиялық жүйенің номенклатуралық тәсілі өзінің инерциясын ұстап қалды. Таңдау жасау үшін де лайықты балама қажет. Сайлаушының шынайы мүддесі мен көңілінен шығатын үміткердің болмауы бұл жасанды демократиялық үрдіске деген немқұрайдылық тудырады. Біздің Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құрамын деген ниетте екені белгілі. Ислам дінінде «әділет – хақтың жолы» екендігін ескерсек, қазақстандық мұсылман жамағаты Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсенді қатысып, дауысын беріп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын», – дейді философия ғылымының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов.

Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік берілмек.

Келелі жиында сайлаудың маңыздылығы сараланып, талқыланды. Ғалымдар мен сарапшылар халықтың сайлау хақында түсінігі артып, азаматтық ұстаным қалыптасқанын тілге тиек етіп, бірқатар мәселелерді ортаға салды.

 

Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ

Газета «Аlmaty-Аkshamy» №22 (6315) 14 ақпан, 2023 жыл

 

https://almaty-akshamy.kz/uploads/files/2023/02/n22.pdf

← Тізімге қайту