Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

«БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ»
12.01.2023
Көріністер:  389

«БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ»

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Жыл басында ел Үкіметінде ауыс-түйіс болып, Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы және бес жаңа министр тағайындалды. Сарапшылар бұл өзгерістерді әртүрлі бағамдап отыр.

2023 жылдың Президент қаулысымен бес министр ауысты. Ғани Бейсембаев – Оқу-ағарту министрі, Марат Қарабаев – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Азамат Есқараев – Әділет министрі, Асхат Оралов – Мәдениет және спорт министрі, Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Жаңа министрлердің екеуі 1990 жылы дүниеге келген. Осылайша Үкіметтің орташа жасы 47 жастан 43 жасқа дейін жасарды. Сарапшылар бұл өзгерістерді әртүрлі бағамдап отыр.


«ЖАСТАРДЫҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ – ЖАҚСЫ ҮРДІС»

Депутат Айдос Сарым Үкіметтегі ауыс-түйісті оң бағалап отыр.

«Жастарды алға шығарып, олардың көзге көрінуге мүмкіндік беруі – жақсы үрдіс. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер корпусының ішінде, әсіресе жоғары тарапында бәсекелестік орнату керек. «Министрлік немесе мына қызмет сенің еншілеп алған қызметің емес, кез келген уақытта орныңа таласатын жастар да, орынбасар да бар» деген түсінік қалыптастыратын жағдай жасау керек», – дейді депутат.

Айдос Сарым Үкіметтің алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын орындау міндеті тұрғанын айтады.

«Жеті жылдың ішінде Президент халыққа берген уәдесін қалай болғанда да атқарып шығуы тиіс. Жылдың аяғында болған жиналыста Президент Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан «Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?», – деп сұраған болатын. Үкіметтегі ауыс-түйіс солардың шешімі шығар. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасады деп ойлаймын», – деді депутат.

 

 «НЕГІЗГІ МІНДЕТ –  САЯСИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ»

Ал саясаттанушы Серік Нұрмұратов Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін айтады. Ол үшін қоғамда әділеттілік негіздерін нығайту керек.

Саясаттанушы 2022 жылы елде болған саяси реформалар, Президент айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы туралы да пікір білдірді.

«Күшті президент» деген ұғым – посткеңестік елдердің барлығына тән құбылыс. Демократиялық институттар, парламенттік қауқары әлсіз елдердің барлығында Президент жауапкершілікті өзіне алады және реформаларды жоғарыдан бастап жүргізеді. Өткен жылдардың жүзінде Парламент  пен Үкімет мәселелерді кешенді түрде шешудегі ықпалдылығын толыққанды таныта алмай келді. Болашақтағы сайлаудан кейін ахуал біршама өзгереді деген пікірдемін. Өйткені жаңа форматта өтеді. Бұл алға басу деп бағалаймын», – дейді саясаттанушы.


«ЕНДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМАҒА КӨҢІЛ  БӨЛУІМІЗ КЕРЕК»

Экономист Мақсат Сералының айтуынша, Үкімет елдегі экономикалық мәселелердің себебімен емес, салдарымен күресіп келеді.

«Қазіргі таңда экономикамызға тікелей әсер етіп отырған екі фактор: макро және микрокөрсеткіштер бар. Макроэкономикалық көрсеткіштерге Ресей мен Украина арасындағы жағдай және осыған байланысты Ресейге салынып жатқан санкциялар қатты әсер етіп отыр. Оны шешу үшін Үкіметте бірқатар шара қабылданды. Соның ішінде Ұлттық банктің базалық ставкасын көтерді, арнайы экономикалық бағдарламалар дайындалды. Алайда теңгенің құлдырауы, инфляцияның өсуі – мәселенің салдары. Өйткені біз – импортқа тәуелді мемлекетпіз. Ешқандай тауар позиция бойынша ішкі нарықты 100% қамтамасыз етпейміз. Азық-түлік қауіпсіздігіміз де өте төмен көрсеткіште. Ал экономикасы тұрақты мемлекеттердің бірден-бір көрсеткіші – ішкі нарықты өз өнімімен қамтамасыз ету», – дейді экономист.

Сонымен қатар Мақсат Сералы соңғы кездері Үкіметте жағымсыз тенденция қалыптасып бара жатқанын атап өтті.

«Кез келген экономикалық, әлеуметтік немесе қоғамдық мәселе Президенттің аузынан шығуы керек. Бұл, яғни, Үкіметтің басшылыққа қарап отыруы, не айтады екен деуі – өте жаман үрдіс. Үкімет өзі сараптама жүргізіп, тиімді экономикалық реформа жасауы керек. Ұлттық экономика министрлігі реформалар енгізуі қажет. Президентке қарап, Президент айтса ғана істеп отырмауы керек. Сондықтан мен Үкіметтің жұмысына да, Ұлттық экономика министрлігіне де нашар баға қояр едім», – дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, жағдайды реттеу үшін Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашуы керек, экономиканы ынталандыруы керек, тиімді тұрғын үй бағдарламаларын жасап, оларды халыққа қолжетімді етуі керек, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз етуі қажет.

«Мұны Үкімет бір, екі, бес жыл төңірегінде шеше алмайды. Сол үшін қазір қимылдауы керек. Агроөнеркәсіп саласына тиімді экономикалық бағдарламалар жасауы тиіс. Ауыл шаруашылығын қайтадан тірілтуі керек. Онымен айналысып жатқан кәсіпкерлерге белгілі бір деңгейде заңнамалық, құқықтық, салықтық басымдық беру керек. Субсидия санын көбейтіп, ынталандыру қажет. Ауыл шаруашылығы саласы бір оталып кетсе, автоматты түрде басқа салалардың дамуына септігін тигізеді. Бұл мәселені шешпейінше, алдағы уақытта қан¬дай шара қолданса да, барлығы суға сіңіп кетіп жатады. Саяси реформаны жүргіздік, енді экономикалық реформаға көңіл бөлуіміз керек», – дейді экономист. 


«БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ»

Әлеуметтанушы Эльмиа Отар елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру керек екенін айтады.

«Жергілікті атқарушы орган мен орталық атқарушы орган арасында жұмыс істеу тәртібі өзгермесе, осы қарқынмен қала береміз. Басқару жүйесін өзгертіп, жергілікті атқарушы органдарға өзін-өзі басқару мүмкіндігін беру керек. Олардың шешім қабылдау құзыреттілігін көбейту қажет. Мәс¬лихаттарды күшейту керек. Себебі өзін-өзі басқару жүйесін жетілдірмей, елдегі әлеуметтік, экономикалық, басқа да мәселелерді шешу мүмкін емес. Қазір заң инициативасы жоғарыдан төменге қарай жүргізіледі ғой. Негізінде төменнен жоғарыға қарай жүргізілуі керек. Елдегі заң шығарушы, сот және атқарушы билік бір деңгейде емес. Соны бір деңгейге келтіру қажет. Әлеуметтік мәселелер тиімді шешілуі үшін саяси және экономикалық мәселелер дұрыс шешілуі керек», – дейді әлеуметтанушы.


«ҮКІМЕТТІҢ АЛДЫНДА ҮЛКЕН МІНДЕТТЕР ТҰР»

Ал Үкімет 2023 жылдың соңына дейін инфляция деңгейін 9,5 пайыз шеңберінде сақтауды мақсат етіп отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің биылғы алғашқы отырысында айтты.

«Халықаралық сарапшылар биыл жалпы дүние жүзінде инфляция қарқыны баяулайды деп болжап отыр. Ол бізге де әсерін тигізеді. Бірінші тоқсан шеңберінде жылдық инфляция өзінің шегіне жетеді деп ойлаймыз. Ары қарай наурыз айынан бастап инфляция деңгейі едәуір төмендейді деп күтеміз. Жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияны 9,5 пайыз шеңберінде сақтаймыз деген мақсат қойып отырмыз», – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов жыл соңына дейін экономикалық өсімді кем дегенде 4 пайызға көтеру жоспары бар екенін айтты. Сонымен қатар Үкіметтің алдағы жоспарларын бөлісті. Айтуынша, биыл индустрия саласында – жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеге 150 инвестициялық жоба, ауыл шаруашылығы аясында – 540 млрд теңгеге 265 инвестициялық жобаны іске асырылады.  Сонымен қатар Үкімет биыл 400 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрып, 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.

«Биыл да геосаяси ахуал қиын болады. Дегенмен біз әртүрлі сценарийге дайынбыз. Керек кезде экономикалық саясатты өзгертіп, тиісті шешім қабылдаймыз. Керек болса, республикалық бюджетті де нақтылаймыз», – деді Үкімет басшысы.

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61401


← Тізімге қайту