Нұрмұратов Cерік Есентайұлы - философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының жетекшісі.
Соңғы уақытта елімізде әділетті қоғамды қалыптастырудың өзіндік табысты әрекеттері анық байқала бастады. Соның кейбіреуі ғылым саласына да келіп жетті. Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Т. Ешенқұловтың білім мен ғылым саласындағы ғылыми дәрежелерді беру қағидаларына өзгертепелер енгізіп, біршама нақтылаулар жасауы ұлттық зиялы қауымның талқылауына түсіп, біршама соны ойларды туындатты. Әрине, қазіргі жас маман компьютерлік техниканы толық игеруі керек және халықаралық тілдерді меңгеруі ғылым саласында қызмет атқаруы үшін шарт. Әсіресе, ағылшын тілінің шоқтығы биік екені белгілі. Сондықтан министрлік ғылым сапасын арттыру үшін, халықаралық трендттерден оқшауланып қалмау үшін біздің жас мамандарымыз үнемі ғылыми ықпалдасуда болуын талап етеді.
Ғылыми дәрежелердің беру қағидаларында осы екі принцип жетекші рөл атқаратынын атап өте аламыз. Ал енді, гуманитарлық ғылымның кейбір бағыттары үшін икемді және қажетті нұсқада талаптар қойылуы орынды деген ойдамыз. Мәселен, Педагогикалық ғылымдар және Өнер және гуманитарлық ғылымдар дайындық салаларының – Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдерін даярлау, Тарих педагогтерін даярлау, Филология, Философия мен этика және Тарих білім беру бағдарламалары топтарының – қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім бағдарламалары бойынша қорғауға жіберу бойынша баламалық нұсқа ретінде Басылымдар тізбесіндегі журналдарда кемінде 5 мақала, олардың бірі ағылшын тілінде және халықаралық ғылыми конференцияларда ауызша немесе стендтік баяндамамен 2 сөз сөйлеу деген сипаттағы өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл айтулы өзгерістер және этникалық сипаттағы ғылыми ізденістер үшін оңды өзгеріс.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алған жас мамандар өздерінің ғылым саласындағы мүмкіндіктерін толық паш ете алады. Сондықтан ұлттық руханияттың әртүрлі қырларын айшықтаумен айналысып жүрген азаматтар енді барынша шығармашылықтың өзіндік ішкі әлеуетін ашуға талаптануы тиіс. Әрине, халықаралық журналдар мен басылымдарға белсенді түрде жарияланымдар жасауды бәсеңдетуге болмайды. Әсіресе, қазақтың ұлттық болмысын әлемге танытамыз десек, онда ағылшын тілді журналдардың авторлары болу қажет. Осы бағыттағы белсенділікті арттырудың механизмдерін күшейтуге ғылым мен білім министрлігі барынша талаптануда. Соның бір айғағы - постдокторантура мен дара гранттық жобалардың үйреншікті тетікке айнала бастауы жатады. Көптеген өркениетті елдердің ғылыми орталықтарында жас мамандарымыздың кәсіби тағылымдадан өту практикасы өзінің оңды нәтижесін беретін маңызды әрекеттер қатарына жатады. Бұл жерде әрбір жаңашыл қадамның тиімділігін арттыру да маңызды. Өзінің кәсіби біліктілігін арттырып келген мамандар міндетті түрде өзінің алған білімін еліміздің білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық салаларында қолдануы парыз.
Диссертациялық Кеңестерге қойылатын талаптар да Министрлік рапынан біршама күрделендірілген. Бірақ осы қадамдардың өзінен оның ар жағында ғылыми стратегиялық мақсат пен нақты прагматизм негіздері бар екені байқалды. Ғылым саласындағы Хиршасы көп мамандар ғылыми кеңістігімізде көбейген сайын халықаралық ғылыми орталықтар алдындағы беделіміз көтеріле түседі. Еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен алдыңғы қатарлы университеттерінің халықаралық рецензияланатын журналдарға қол жеткізуі маңызды бағдар. Өзіміздің ғылыми басылымдарымыз сапалық түрғыда күшейген сайын, импакт факторлы журналдар тізіміне енген сайын көрші елдердің ғалымдары бізге қарай бет бұрады, Қазақстаннның Орталық Азиядағы зияткерлік кеңістікте беделі арта түседі және Еуразиялық кеңістікте лайықты орнымызды анықтаймыз.