Сарапшылық кездесу. Ботагөз Рақышева
27.03.2026
Көріністер: 196
27 наурыз күні Философия, саясаттану және дінтану институтында қазіргі әлемдегі бірегейлік мәселелеріне арналған сарапшылық кездесу өтті.
Кездесудің спикері - «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Еуропалық нарық пен қоғамдық пікірді зерттеу қоғамының (ESOMAR) мүшесі, Дүниежүзілік қоғамдық пікірді зерттеушілер қауымдастығының (WAPOR) Қазақстандағы ұлттық өкілі, сондай-ақ Қазақстандағы World Values Survey-7 жобасының жетекшісі Ботагөз Рақышева болды.
Оның «Қазақ диаспорасы мысалындағы көптік бірегейлік» тақырыбындағы баяндамасы қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. Презентация барысында әртүрлі елдерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің бірегейлігінің қалыптасуы мен трансформациясының ерекшеліктері қарастырылды. Ұлттық, мәдени, тілдік және азаматтық бірегейліктің өзара ықпалдасуына, сондай-ақ олардың үйлесуіне әсер ететін факторларға ерекше назар аударылды.
Баяндама барысында спикер халықаралық салыстырмалы жобалардың деректерін қоса алғанда, әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін ұсынып, жаһандану үдерістері мен көші-қон тәжірибелерінің шетелдегі қазақ қауымдастықтарының өзін-өзі айқындауына әсерін талдады. Сонымен қатар, көптік бірегейліктің қалыптасуындағы құндылықтық бағдарлардың, ұрпақаралық айырмашылықтардың және институционалдық ортаның рөліне ерекше мән берілді.
Шараға шақырылған қонақтар қатарында шығыстанушы ғалым, тарих докторы Клара Хафизова, сондай-ақ «Қоғамдық пікір» институтының талдаушы-әдіскері Қаламқас Есімова болды.
Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, қатысушылар мәдени бірегейлікті сақтау, диаспоралардың интеграциясы және осы бағыттағы зерттеулердің келешегі жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірегейлік мәселелерін зерттеуде пәнаралық тәсілдің маңыздылығы атап өтіліп, осы бағыттағы ғылыми диалогты жалғастыру қажеттігі көрсетілді.