Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Қазақстан Президентінің Жолдауы бойынша сараптамалық кездесу
12.09.2025
Көріністер:  184

Қазақстан Президентінің Жолдауы бойынша сараптамалық кездесу
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жыл сайынғы Жолдауына арналған сараптамалық талқылау өтті.

Іс-шараны Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығы ұйымдастырды. Талқылаудың басты мақсаты - Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды іске асыруға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу болды. Атап айтқанда: цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті жедел ендіру, стратегиялық құжаттарды (Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект стратегиясы) қабылдау, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері талқыланды.

 Іс-шараны Институттың Бас директоры Айгүл Садвокасова ашып, Жолдауды макро және микро деңгейде жан-жақты пайымдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде цифрландырудың әлеуметтік-мәдени аспектілеріне, сондай-ақ Қазақстанның «цифрлық мемлекет» форматына көшуінің стратегиялық маңызына ерекше тоқталды.

 Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев өз баяндамасында Жолдаудың елімізді жаңа цифрлық кезеңге бастайтын стратегиялық бағыт екенін айтты. Ол әсіресе мемлекеттік басқару саласында цифрлық деректерді тиімді пайдалану қажеттігін атап өтіп, алдағы саяси маусымда, соның ішінде заң шығару саласында, белсенділіктің арта түсетінін жеткізді.

 Экономикалық аспектілерге қатысты баяндама жасаған институттың бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Жолдауда көтерілген криптоактивтер қорының құрылуы, инвестициялық ахуалды жақсарту және инфляциямен күрес мәселелеріне тоқталды. Ол орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін цифрлық трансформация жағдайында экономиканың рөлін жаңаша пайымдау қажет екенін атап өтті.

Саяси институттардың қызметіне тоқталған институттың бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев Парламентті реформаларды жүзеге асырудағы негізгі тетіктердің бірі ретінде сипаттап, цифрлық жаңару жағдайында оның өкілдік, заң шығару және бақылау функцияларының маңызын еске салды.

Институттың жас зерттеушілері де Жолдауға қатысты өздерінің ғылыми-талдамалық көзқарастарын ұсынды. Зерттеуші Марлен Тұрысбек «Ақылды қалалар» (Smart cities) тұжырымдамасын іске асыру барысындағы қауіпсіздік пен этикалық мәселелерге қатысты ықтимал тәуекелдерді сөз етті. Айдана Серікбаева мемлекеттің цифрлық формаға көшуін әлеуметтанулық тұрғыда талдап, бұл - ақпарат ағындары мен өзара сенім басты элементтерге айналатын «желілік мемлекетке» өтудің көрінісі екенін атап өтті.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның терең цифрлық трансформация кезеңінің алдында тұрғанын және Жолдаудағы міндеттерді іске асыру үшін пәнаралық көзқарас, жүйелі дайындық және ғылым, қоғам мен мемлекеттің өзара тығыз ықпалдастығы қажет екенін атап өтті.

← Тізімге қайту