Айдар ӘМРЕБАЕВ, Саяси зерттеулер орталығының директоры
Әділетті Қазақстан – саяси идеологемаға айналуда. Бұл – оң бастама. Әділеттілік – қазақ халқының ежелден тамыр тартатын ұғымы. Біздіңше айтқанда, халықтың үміті дер едік. Мұны бір жағынан дәстүрлі қоғамда дінмен астастырады. Бір қызығы, кездейсоқтық сияқты. Әрбіріміз жарық әлемде туыламыз, өсеміз, өнеміз, шамның шырағы сияқты сөнеміз. Осы әділеттілік пе? Әрине, парадокс. Түсіне білгенге, ол бір тылсым құпия!
Аталған терминді тарқатып көрелік. Мұның бірнеше түрі бар. Дәлірек, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және қарым-қатынастағы деп бөле аламыз. Тағы да басқа бірнеше интерпретацияға жіктеле береді. Бай болса, адам баршаға бірдей бола қоймайды. Билікке келсе де солай. Әркімнің философиялық көзқарасы болады. Ең негізгісі, ішкі жан-дүниесі таза, ойы нық болғаны абзал. Сонда өмірдегі толассыз сауалдардың жауабы табылып қалар.
Жаңарған қоғамды әп-сәтте құрып тастау қиын шығар. Әйткенмен, қол қусырып отыруға болмайды. Қолдан келгенше әрекет керек. Мәселен, болашақтың істерін қазірден бастау қажет. Оны ертеңге ысырмайық. Жастарға жол берейік. Оларды әлеуметтік, моральдік, рухани жағынан қолдайық. Біздің жастығымыз кеңестік кезеңмен байланысты. Сол шақта өстік, өндік. Оқудың бәрін сол уақытта оқыдық. Алайда, қазіргі заман басқа. Бәрі тез болып барады. Әсіресе, жастар мәселесін жылдамдатып шешкен дұрыс. Қолынан іс келетін азаматтар сыртқа кетпеуі тиіс. Мүмкіндігінше елге сапалы кадр алып қалайық. Қазақ жастары далада қаңғымауы керек.
Үлкен қалаларда ауылдан келіп тірлік қылады. Пәтер жалдап, азын-аулақ қаражатты табады. Бірден ешкім лақ еткізіп ақша бермесі анық. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр.
Пайымдауымша, жастардың баспаналы болуына жағдайды көбірек жасау керек. Небәрі бірнеше жылда үйлі болсын. Үйленіп, халықтың санын арттырсын. Далада қаңғып жүргендер қайдан үйлене алсын. Сол себепті де, жас азаматтарға мойын бұрып қарайтын дәуір туды. Әйтпесе, ХХІ ғасырдың ашық ақпарат заманында оларды қолда ұстап тұру мүмкін емес. Басы алтынға бергісіз мамандарымызды шет жақ өзіне тартуда. Өйткені, бар жағдайды жасап қойған. Ол басқа дүниеге бас қатырмайды. Өзіне берілген ісіне ынты-шынтысымен кіріседі. Мұның баршасын жәй айтып отырған жоқпыз. Ендігі заман – жастардың қолында. Отаншыл арда азаматтарды тәрбиелеу басты қағида болғай. Сонда ғана жаңа толқынның елді дамыту жолында бәсі артады.
Газета «Аlmaty-Аkshamy» №3 (6296) 10 қаңтар, 2023 жыл
https://almaty-akshamy.kz/uploads/files/2023/01/n3.pdf