Кадр ішіндегі Философия: ФСДИ Дүниежүзілік философия күнін атап өтті
20.11.2025
Көріністер: 327
20 қараша күні Дүниежүзілік философия күніне орай Философия, саясаттану және дінтану институтында «Кино философиясы» атты кездесу өтті. Іс-шараны Институттың Әлемдік және қазақ философиясы орталығы ұйымдастырып, киномәдениет пен қоғамдық ой арасындағы байланыс туралы терең әңгімеге айналды. Кездесуді Орталық директоры Серік Нұрмұратов жүргізіп, философия мен өнердің өзара ықпалы жайында қысқаша кіріспе сөз сөйледі.
ФСДИ бас директоры Айгүл Садвокасова құттықтау сөзінде кинематографтың қоғамдағы әлеуметтік рөлін атап өтіп, кино шындыққа сай өмірді бейнелеп қана қоймай, көрерменді ойлануға, қоғамдағы түйткілдерге басқаша көзқараспен қарауға жетелейтінін атап өтті.
Кездесудің негізгі бөлімінде жас зерттеушілер киноны философиялық талдаудың жаңа қырларынан қарастырған түрлі ой-тұжырымдарын ұсынды. ФСДИ ғылыми қызметкері Джамиле Сатыбалдиева «Кино арқылы ойлау: кадрдағы философиялық сырлар» атты баяндамасында фильмнің тек көрініс қана емес, өз алдына ой тудыратын кеңістік екенін жеткізді. КазҰУ журналистика факультетінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, PhD Неля Рушанова қазіргі қазақ прозасы мен ұлттық кинодраматургияның өзара байланысын ашып, әдеби сюжеттердің кино тіліне қалай ауысатынын талдады. Институттың ғылыми қызметкері, Нархоз университетінің магистранты Айдана Серікбаева «Танылуға ұмтылыс: жылдам қоғам мен медиа дәуіріндегі адам» баяндамасында цифрлық ақпарат легі адамның болмысына қалай әсер ететінін көтерді. Ал КазҰУ магистранты Александра Нурмагамбетова «Кино және бейсаналық: постструктурализм» тақырыбында фильмдегі жасырын мағына, символдар мен психологиялық астарларға назар аудартты.
Кездесуге АҚШ-тың Канзас университетінің профессоры Джонатан Макхони арнайы қатысты.
Іс-шара соңында қатысушылар киноның қазіргі қоғамдағы орны, оның құндылық қалыптастырудағы ықпалы және экрандағы бейненің артында жасырын мағынаны «оқи» білу мәдениетінің неге маңызды екені жөнінде қызу пікір алмасты. Кездесу философияның тек академиялық пән емес, әлемді тереңірек көріп, оған ойлы көзқараспен қараудың жолы екенін тағы бір мәрте еске салды.