II АЗИЯ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ
15.05.2026
Көріністер: 97
2026 жылғы 13–15 мамыр күндері Бухара қаласында (Өзбекстан Республикасы) II Азия әйелдер форумы өтті. Аталған халықаралық форум жұмысына Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвокасова қатысты.
Форумға 20-дан астам ел мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Халық қоныстануы қорының Атқарушы директоры, ШЫҰ өкілдері, халықаралық қаржы институттарының мүшелері, Азия елдерінің әйел-парламентшілері, үкімет және дипломатиялық корпус өкілдері болды.
Іс-шараға сондай-ақ әйел көшбасшылар, ғалымдар, саясаттанушылар, азаматтық қоғам және бизнес өкілдері, түрлі экономика салаларының мамандарын қамтыған 250-ге жуық қатысушы жиналды. Форум қатысушыларына Өзбекстан Республикасының Президенті Құттықтау жолдап, оны ашылу салтанатында Президент Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева оқып берді.
Форум аясында «Ғылымдағы әйелдер көшбасшылығы: заманауи сын-қатерлер, инновациялық шешімдер және ғылыми ынтымақтастық» тақырыбында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан әйел көшбасшылары диалогының отырысы өтті. Панельдік сессияда Айгүл Садвокасова «Ғылымды қаржыландыру және инновациялық экожүйе: қазақстандық модель және өңірлік инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Пікірталас барысында ғылым саласындағы әйелдер көшбасшылығын дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, инновациялық бастамаларды қолдау, сондай-ақ ғылымды қаржыландыру тетіктері мен өңірдегі тұрақты инновациялық экожүйені қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша Азия елдеріндегі әйелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және әлеуметтік-экономикалық өмірдегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Бұхара декларациясы қабылданды.