Лаура Тоқтарбекова,
Философия, саясаттану және дінтану
институтының жетекші ғылыми қызметкері
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында өзінің бастамаларының жүзеге асырылып, жалғасын тауып жатқаны жайында толығырақ тоқталып өтті. Бұл - жыл сайынғы Президент жолдауларының тек қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, іс жүзінде орындалып жатқанының белгісі. Расымен де, соңғы жылдары қарапайым халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі сапасын көтеруге әсер еткен бірқатар іс-шаралардың атқарылғаны, әлеуметтік мәселелердің шешімін тапқаны анық.
Биылғы Жолдауда назарға алатын бірқатар міндеттер, еліміздің туристік әлеуетін көтеру үшін кемінде 15 ірі жоба дайындалуы, импортқа тәуелділіктен арылып, отандық өнімдердің үлесін арттырып, шағын шаруашылықтарды қолдау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жыл сайын 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттілігі, елді газбен қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржолата тоқтату және т.б. бірқатар іс-шаралар қарапайым халықтың әл-ауқатын жасқартып, жеке,орта кәсіпкерлердің өз ісін еш кедергісіз дамытуға көмектесетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайтынын және осы Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы үш жыл аралығында орындалуы тиіс екенін атап өтті.
Сондықтан Жолдауда елдің экономикалық, әлеуметтік әлеуетін арттыруға арналған міндеттердің ұзақ мерзімде емес, жақын арада жүзеге асырылатынына сеніммен қарауға әбден болады.