КОНСТИТУЦИЯ - ҚОҒАМ
ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ ДИНАМИКАСЫ
Нүсіпова Гүлнар
ҚР ҒЖБМ ҒК жетекші қызметкері, PhD
1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы жас егемен республиканың дамуына қуатты серпін берді, жүйелі (экономикалық, саяси және әлеуметтік) реформалар үшін қолайлы іргетас бола отырып, мемлекет пен қоғамда болып жатқан барлық процестерді жандандырды. Осылайша, ол Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының бастапқы кезеңіндегі барлық қайта құрулардың қорытындысы және бүкіл қазақстандық қоғамды жаңғыртудың саяси-құқықтық негізі болды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі заманғы проблемалар мен сын-қатерлерді, мемлекет алдына қойылған ұзақ мерзімді міндеттерді де шешуге қабілетті елеулі потенциалды көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу барысында «Конституция - мемлекеттіліктің мызғымастығын қамтамасыз ететін маңызды құжат. Заңның әділдігі мен үстемдігі оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалған кезде ғана орнығады, - деді.
Конституция қоғам өмірінде ерекше орын алады, елдің басты саяси-құқықтық құжаты ретінде әрекет етеді, саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің маңызды жақтарын бекітеді, сонымен қатар азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін анықтайды. Адам тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде ең жоғары құндылыққа, ал оның құқықтары мен бостандықтары тәуелсіз мемлекеттің мәні мен мақсатына айналатын жерде ғана қоғамның материалдық және рухани өркендеуі, азаматтық бейбітшілік пен келісімнің мүмкін болатындығын әрдайым есте ұстаған жөн. Сондықтан бірінше кезекте Конституция әр адамның құқығы мен еркіндігінің көрінісі, бүтін мемлекет идеологиясының келбеті. Ал қоғамның әрбір азаматы өз құқықтарын, міндеттерін және ережелерін сақтап, заңдарды құрметтеуге міндетті.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Конституциясы демократиялық институттарды жаңғырту, нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлемнің дамыған елдерінің қатарына ену жолында қоғамды шоғырландырудың қуатты факторы болып табылады.