«Әділетті Қазақстанның конституциялық тұғыры ретінде заң мен тәртіп» дөңгелек үстел жұмысы
26.08.2025
Көріністер: 2404
2025 жылдың 26 тамызында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған іс-шаралар аясында «Әділетті Қазақстанның конституциялық тұғыры ретіндегі заң мен тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығы мен Жас ғалымдар кеңесі ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының өзегі болып табылатын «заң мен тәртіп» ұғымының мәнін құқықтық және құндылықтық тұрғыдан талдау. Бұл ұғым елді жаңғырту жолындағы стратегиялық бағыт ретінде қарастырылып отыр.
2022 жылғы конституциялық реформаның жүзеге асырылу аясында - заң үстемдігін, адам құқықтарын қорғауды және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістерді ескере отырып, қатысушылар заң мен тәртіп қағидасын тек құқықтық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың негізі ретінде қарастырды.
Дөңгелек үстел жұмысын Институттың Бас директоры Айгүл Садвокасова ашты. Өз сөзінде Конституцияның елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы іргелі рөлін атап өтіп, Мемлекет басшысы Негізгі заңның кепілі ретінде әділдік пен заңдылық институттарын нығайту бағытында жүйелі саясат жүргізіп отырғанын айтты. Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев өз баяндамасында «заң мен тәртіп» ұғымын Қазақстан идеологиясының негізі ретінде қарастыру қажет екенін жеткізді. Бұл қағидат - қоғамның заңдылыққа, әділеттілікке және сенімді басқаруға деген сұранысының көрінісі екенін атап өтті. Цифрлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар орталығының директоры Рүстем Мұстафин өз баяндамасында цифрландыру үдерістері мен жасанды интеллект технологияларын құқықтық ортаға енгізудің ықтимал салдарларына назар аударды. Ол технологиялық прогрестің адам құқықтарын қорғаумен үйлесімді жүруі үшін арнайы этикалық және құқықтық шеңберлерді қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Бас ғылыми қызметкер Асқар Шоманов Конституцияның тарихи маңызын айта келе, оны тәуелсіздіктің, құқықтық сабақтастық пен ұлттық бірегейліктің символы ретінде сипаттады. Оның пікірінше, қазіргі мемлекеттік құрылым мен азаматтық сана-сезім осы тарихи-құқықтық негіздерде қалыптасып келеді. Ғылыми қызметкер, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Сайлау конституционализмді салыстырмалы тұрғыдан зерттеудің жаңа тәсілдерін таныстырды. Саяси институттардың тиімділігін бағалау үшін заманауи әдіснамалық құралдарды енгізу қажеттігін атап көрсетті. Саясаттану магистрі Мәрлен Тұрысбек «Әділет саясаты: мораль, құқық және мемлекеттік тиімділіктің өзара байланысы» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық жүйені әділет пен адамгершілік қағидаттарына негіздей отырып жетілдіру қажет екенін атап өтті.
Талқылау барысында келесі өзекті бағыттар қамтылды:
* Әділетті Қазақстан идеологиясындағы заң мен тәртіп: саяси-құқықтық талдау;
* Конституциялық реформалардың нәтижелері мен өзекті мәселелері;
* Құқық, мораль және мемлекеттік тиімділік: әділет саясатының негіздері;
* Құқықтық мемлекет қалыптастыру және құқықтық мәдениетті дамыту;
* Азаматтық белсенділік, қоғамдық бақылау және құқықтық белсенділіктің жаңа формалары;
* Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру жолдары;
* Конституция - саяси-құқықтық жаңғырудың тірегі ретінде.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру және құқықтық мемлекетті қалыптастыру мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен ғылыми пайымдарын ортаға салды. Іс-шара сараптамалық және ғылыми пікір алмасуға арналған маңызды диалог алаңы ретінде қазіргі сын-қатерлерді саралауға және Әділетті Қазақстанды заңдылық, ашықтық және қоғамдық сенім негізінде құрудың жолдарын терең зерделеуге ықпал етті.