Әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиум
06.11.2026
Көріністер: 26
2026 жылғы 6 қарашада Алматы қаласында көрнекті ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты «Әл-Фараби - 2026» халықаралық симпозиумы өтті.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды.
Ауқымды ғылыми іс-шара қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін, қазіргі заманғы өркениеттік сын-қатерлерді және болашақтың құндылықтық бағдарларын қалыптастырудағы философиялық білімнің рөлін талқылау мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, философтарды, академиялық қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Әл-Фараби мұрасына арналған симпозиумды тұрақты негізде өткізу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Биыл ғылыми форум Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.
Симпозиумның ашылу салтанатында Вице-Президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ оларды заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңыздылығын атап өтті.
Симпозиум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Вице-Президент әл-Фарабидің идеялары қазіргі жаһандану және технологиялық прогресс дәуірінде ерекше өзекті екенін мәлімдеді. Ерлан Қариннің айтуынша, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай сынды көрнекті ойшылдардың мұрасы ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық тудырады және қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.
Симпозиум аясында пленарлық отырыстар мен отандық және шетелдік жетекші ғалымдардың баяндамалары өтті. Оларда философияның өзекті мәселелері, әл-Фарабидің ғылыми мұрасы, жаһандық гуманитарлық диалог және жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Форум барысында қатысушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің қазіргі өркениеттік үдерістер контексіндегі маңызын, гуманистік идеялардың дамуына қосқан үлесін және заманауи қоғамның құндылықтық бағдарларын қалыптастырудағы рөлін талқылады.
Халықаралық симпозиумға отандық және шетелдік 150-ден астам ғалым, зерттеуші, сарапшы, сондай-ақ жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.