Жаңа Конституция және ғылымды дамыту: әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің стратегиялық бағдарлары
Конституция және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның дамуы
2026 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтында Ғылым қызметкерлері күніне орай «Ғылым және қоғам: әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді дамытудың стратегиялық басымдықтары» атты стратегиялық сессия өтті. Сессия жаңа конституциялық саясат аясында ұйымдастырылып, ғылым мен инновациялар мемлекеттік дамудың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалып, елдің өркендеуінің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылды.
Іс-шараны ашқан Институттың бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвокасовағылымның Конституцияда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде бекітілуі оның адами капиталды қалыптастырудағы, білімге негізделген экономиканы дамытудағы және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлінің арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституциялық негіз ғылымға қойылатын жауапкершілік деңгейін арттырып қана қоймай, оны талдау, болжау және шешімдер әзірлеудің маңызды құралы ретінде жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сессия барысында бас директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор Шолпан Джаманбалаева әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нәтижелерін таныстырды. Ол соңғы жылдары мемлекеттік ғылыми тапсырыстың айтарлықтай өзгергенін атап өтті: зерттеу тақырыптары кеңейіп, қолданбалы және пәнаралық бағыттар күшейді, нәтижелердің спектрі академиялық жарияланымдардан бастап модельдерге, стандарттарға, цифрлық платформалар мен аналитикалық жүйелерге дейін едәуір артты. Қазіргі таңда академиялық, қолданбалы, цифрлық-инфрақұрылымдық және қоғамға бағдарланған нәтижелерді қамтитын кешенді ғылыми нәтижелілік жүйесі қалыптасуда. Басым міндеттер ретінде «зерттеу - шешім - енгізу» тізбегін дамыту, салыстырмалы деректерді жинақтау, тұрақты зерттеу жүйелерін қалыптастыру, сондай-ақ ғылым, деректер және цифрлық технологиялар тоғысындағы мамандарды даярлау атап өтілді.
Халықаралық Scopus деректер базасындағы жарияланым белсенділігіне талдауды PhD докторлары Жанат Досхожина, Дамира Сихимбаева, Асылтай Тасболат, Шырын Тленчиева ұсынды. Қатысушылар жарияланымдар санының тұрақты өсуін және зерттеу тақырыптарының кеңеюін атап өтіп, бұл қазақстандық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістіктегі көріну деңгейінің артқанын және жаһандық ғылымға интеграциясының күшейгенін көрсетті. Алдағы міндеттер ретінде жарияланымдардың сапасы мен ғылыми ықпалын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және тұрақты ғылыми мектептерді нығайту белгіленді.
Зияткерлік меншік және халықаралық тәжірибе мәселелері жөнінде бас директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ермек Тоқтаров баяндама жасады. Ол әлеуметтік-гуманитарлық салада нәтижелердің әртүрлі форматтары - аналитикалық жүйелер, деректер базалары, цифрлық платформалар және білім беру өнімдері - қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты зияткерлік меншікті басқарудың тиімді тетіктерін дамыту, әлеуметтік-гуманитарлық нәтижелердің ерекшеліктерін ескеру және оларды практикаға енгізу үшін қолайлы жағдай жасау маңызды міндет ретінде айқындалды.
Цифрлық әлеуметтік ғылымдар орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин evidence-based policy - дәлелді саясат қағидатын таныстырды. Бұл тәсілде ғылыми деректер, талдау және болжамдар басқарушылық шешімдердің негізін құрайды. Сондай-ақ аналитикалық жазбалар, модельдер, болжамдар және сценарийлік шешімдер сияқты қолданбалы аналитиканы және нәтижелерді ұсынудың заманауи форматтарын дамыту ғылымды мемлекеттік басқару үдерістеріне тиімді енгізуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар келесі негізгі бағыттарды белгіледі: зерттеулердің әдіснамалық жаңғыруы (қайталанатын тәсілдерге басымдық беру); зерттеу инфрақұрылымы мен деректер жүйелерін нығайту; тұрақты зерттеу жүйелерін қалыптастыру және салыстырмалы деректер қорларын жинақтау; пәнаралық зерттеулерді күшейту. Сонымен қатар жобалар аяқталғаннан кейін нәтижелерді сүйемелдеу тетіктерін қалыптастыру, қолданбалы аналитиканы дамыту және ғылыми нәтижелерді басқарушылық шешімдерге тиімді енгізу қажеттілігі ерекше маңызды деп танылды.
Сессия Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық ғылымы тұрақты даму қарқынын көрсетіп, біртіндеп қолданбалы, цифрлық және институционалдық тұрғыда енгізілген модельге көшіп келе жатқанын көрсетті. Жаңа Конституция жағдайында ғылым стратегиялық басымдық қана емес, сонымен қатар тиімді мемлекеттік саясат пен қоғамдық дамуды қамтамасыз етудің маңызды ресурсы ретінде айқындалды.