Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Қоғамдық ой-санаға сілкініс әкелетін жаңа реформалар
02.09.2023
Көріністер:  456

             Қоғамдық ой-санаға сілкініс әкелетін жаңа реформалар

Омарова Г.

ФСДИ Жетекші ғылыми қызметкер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазастан халқына кезекті жолдауын жариялап, қоғамдық ой-санаға сілкініс беріп, елдің дамуына серпін беретін жаңа әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірқатар бағыттарын айқындап берді. Президент өткен бір жарым жыл ішінде жасалған жұмыстардың халықтың тұрмысына оңтайлы әсер еткенін: шетелдерден инвестиция тартылып, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсіп, сыртқы сауда бұрын болмаған деңгейге дейін көтерілгені, мұғалімдер жалақысының өсуі т.б. тоқтала келіп, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны жайында айтты. Президент елді жан-жақты дамытуда саяси реформалармен шектеліп қалмай, бұл қайта құруларды елдің тұрмысын жақсарту мақсатындағы әлеуметтік реформаларға ұластыру керектігін айтты. Қазіргі кездегі жаһандық құбылыстар мен дүние жүзіндегі климаттың өзгеруі әлем елдерінің экономика саласын жан-жақты трансформациялауға мәжбүрлеп отырғаны белгілі. Бүкіл адамзат алдында аса күрделі сын-қатерлер тұрғандықтан осының алдын алу үшін барлық елдер жаңа әлеуметтік-экономикалық дамуға көшті. Адам мен қоғам заман талабына сай болуы керек. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев адамзат алдында бұрын болмаған сын қатерлер басталғаны жайында айта келіп, елді жаңа экономикалық дамуға көшіріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ден қойылуы керектігін айтты. Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық салаларды дамытуда бұрын болған қателіктерге жол берілмей, өз елімізден шыққан тауарларды тұтынып, өз жұмысшыларымызды жұмысқа тартып т.б. салаларды жаңаша даму деңгейіне көтеру керектігіне назарымызды аударды. Дүние жүзілік сауда-саттық ұйымдарының бақылауынша біздің елімізде сауда нашар дамуда екені белгілі болғандықтан Президент отандық өнімдерді өндіруді, ұлттық бизнесті барынша қолдау, ұлттық сауда жүйелерін жасқсарту т.б. мәселелерге аса мән берді.

        Президент тау-кен барлау жұмыстарын жаңғыртып, жаңа ашылулар мен зерттеулер болуы керектігін, оған жеке барлау компанияларын тартып, цифрлық жүйені дамыту керектігін ашып көрсетті. Жаһандық геосаяси жағдайлар, киберқауіпсіздікті сақтау әскери салаға да өзгерістер енгізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық армияны заманға сай техникамен жарақтандырып, қарулы күштеріміздің әлеуетін арттыру керектігіне тоқталды. Мемлекет басшысы қордаланған өзекті мәселелерді атап агроөнеркәсібін жоғары деңгейге көтеріп, ел-жұртты өнім өндіруге ынталандыру, өндірілген өнімдерді экспортқа шығару, тозып тұрған ауыл-шаруашылығы техникаларын жаңарту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, электр энергиясы саласын жаңғыртып, тұрмысқа қажетті өнімдерді шығару, су ресурстарын, логистика мен көлік қатынастарын жаңа бағытта дамыту туралы жан-жақты айшықтап көрсетті. Президент басымдық беріп отырған негізгі мәселелердің бірі елімізде үш ЖОО жасанды интеллекті зерттеумен айналысуы керектігін айта келіп, цифрландырудың кең өріс алуын дамыту жөнінде айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғаушылардың кәсіпкерлерді шектен тыс тексеруге алуын сынға алып, қаржылық сауаттылықты дамыту, сапалы білім беру салаларында жаңаша қарқынды жұмыс жүргізілуі, халықтың әл-ауқатын жақсартатын салалардың қызметін қайта құру арқылы елдің тұрмысын жақсартуға баса көңіл бөлді. Мемлекет басшысы әділетті Қазақстанды құруда ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз етіп, көшедегі вандализмге тосқауыл қойылып, азаматтарымыз адал-тәрибиелі болмай ұлт жаңа сапалы деңгейге көтеріле алмайтыны, адалдық жоқ жерде, әділеттілік пен адагершілік болмайтыны жайында қадап айтып, қоғамда мәдениеттілікті қалыптастыру керектігіне көпшіліктің назарын аударды.

Қоғамның дамуына жаңа серпін беретін бұл әлеуметтік-экономикалық жаңа реформаларды іске асырудың маңызы қоғамды заманнауи талаптарға сай дамуға бағыттау, жаһандық құбылыстар мен сын-қатерлерге адамның бейімділігін арттыру, еліміздің ресурстарын оңтайлы,үнемді пайдаланып, халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің тұрақты дамуына ықпал етіп, халықтың біртұтас дамуына мұрындық болу екені айқын.

 

 


← Тізімге қайту