«Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды». Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. (Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінен).
Қазақ елінде бірқатар жаңаша өзгерістер орын алып жатыр. Жаңа һәм әділ қоғамға қарай бет бұрдық. Оң істер мен біршама жаңаша идея қолға алынды. Соның ішінде әлеумет пен әлеуетті түзейтін тың бастамалар іске асып келеді. Қазақстанда әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліне бастады. Бұл – Әділетті Қазақстан орнай түскенін аңғартса керек. Осы орайда Ұлттық Ғылым академиясының академигі, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН тілдескен едік.
– Сіз бір сөзіңізде Қазақстан өте бақуатты мемлекет деп едіңіз, ойыңызды тарқатып айтсаңыз... – Шынында да, Қазақстан өте дәулетті мемлекет. Біздің табиғи ресурстарымыз жетерлік. Елімізде жылына 100 миллион тоннаға дейін мұнай өндіріледі. Бізде Менделеевтің химиялық кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Барша металдың түрі кездеседі. Біз өте бай-бақуатты тұруға талпынуымыз қажет. Бір әңгіме айтып берейін. Бірде Ұлттық Ғылым академиясының академиктерін жинап алып, осы қазба байлықтың есебін жасатқанбыз. Ол кезде экономист, академик Кенжеғали Сағадиевтің көзі тірі еді. Сонда бәріміз қосылып санағанда металл өңдейтін 5 зауыт және мұнай өңдейтін 3 зауыттан түсетін пайда ел қазынасына құйылса, бізден бай мемлекет болмайды екен. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өзі 18 миллиард қарыз көрінеді. Ол қазынамызды көбейту үшін құрылған мекеме еді. Оның да жағдайын реттеу қажет. Экомикаға қажетті қаржының негізгі көзін содан түсетін ету керек. Жаңа Әділетті Қазақстан дегеніміз жемқорлықсыз қоғам деп білеміз. Жаңаша модельде жұмыс істей білгеніміз абзал. Қайтсек те, Қазақ елінің қазынасын толтыру қажет.
Жаңадан мұнай өңдейтін 2 зауыт салмасақ болмайды
– Қазақстанға мұнай өңдейтін заманауи зауыт салу керек пе?
– Әрине! Бұрынғы 3 зауытты қайта жөндеп қажет емес. Оның орнына жаңадан мұнай өңдейтін зауыт салсақ, құба-құп болар еді. Сонда сыртқа жанар-жағармай экспорттаймыз. Кем дегенде 2 зауыт салайық. Шетелде мұнайдың қалдығына дейін өңдеп сатады. Америка Құрама Штаттарында 95% мұнайды өңдеп, кәдеге жаратады. Біздің ескі мұнай өңдейтін зауыттарымыз 60–65%-дан әрі аспайды. Сол себепті де, жаңа технология, жаңа зауыт керек. Міне пайда қайда жатыр?! Қалайда жаңа зауыттар бой көтеруі шарт. Бұл – уақыт талабы. Біз шикізатқа тәуелділіктен айырыла алмай келеміз. Жердің астындағының бәрін экспорттап жатырмыз. Соның ішінде ең ойланатыны, ол – мұнай. Қазіргі таңда кеңестік кезеңнен қалған бұрынғы ескі 3 зауытқа 17 миллион тонна мұнайды бөліп өңдеген боламыз. Бұл ішкі нарықты да қамтамасыз етпейді, игілігі халыққа жетпейді. Егер де 25–30 миллион тонна мұнайды өңдейтін болсақ қана пайдаға кенелеміз. Қайтсек те, мұнай мен газды халықтың игілігіне беруіміз қажет. Германия, Ресей сынды елдерде мұнайды түк қалдырмай өңдейді. Біз де соған келуіміз қажет. Алда мұнайдың тағдыры не боларын кім білсін?! Сондықтан қазба байлықты дер уақытында пайдаланайық. Ертеңгі күні басқа бір балама ресурстар көзі табылса, өзекті болмай қалуы мүмкін.
Өңдеуші өнеркәсіп орындары қажет
– Өңдеуші өнеркәсіпті қолға алатын ғылыми жетістіктер бар ма?
– Біздің металлургиялық зауыттардың бәрі жеке адамдарға сатылып кетті. Олар әбден байыды. Осыны мемлекетке қайтаратын уақыт жетті. Соның бірі – Өскемендегі титанмагний комбинаты. Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ жəне электрохимия институтының ғалымдары бір ғылыми жаңалық ашқан-тұғын. Бағыты – титанды өңдеу жайлы. Бұл ғылыми жетістікті Қытай Халық Республикасының атқамінерлері оқып, елшілік арқылы ұсыныс жасады. Яғни осы технологияны бизнеске енгізуді сұрап, қызығушылық танытты. Сонда Сиань деген қаланың маңында шағын қалашықта лекция оқыдым. Сол жерде дүниедегі ең үлкен титан зауыттары орналасқан. Ашқан жаңалығымызды көрсеттім. Дәп сол сәтте олар маған 3 миллион долларға келісім-шарт жасайық деді. Бірақ арада пандемия кедергі болды. Алда оны жүзеге асыратын болар. Өзіміздің Өскемендегі зауыттың басшылығына сол жұмысты ұсындым. Қытайлықтардың қызығып отырғанын да айттым. Бірақ өзіміздікілерде ешқандай қызығушылық жоқ. Титан гупка деген бар, соны АҚШ, Ресейге сатады. Оған одан басқа ешнәрсе керегі болмай тұр. Басын қатырғысы келмейді. Үлгілі зауытқа айналдырып, бас ауыртуды қаламайды. Осыған біраз қарнымыз ашты. Негізі титан-магний зауыттарын мемлекетке қайтарайық. Мемлекеттің меншігінде болса, оның алдына үлкен тапсырмалар қояды. Жауапкершілік жүктейді. Міндет артылған соң орындалар еді. Осындай жекеге өткен зауыттармен қайтіп оңамыз?! Балқаштағы алпауыт металл зауытын мемлекеттің иелігіне берейік. Ол сондай-ақ, металл ғана өндірмейді, алтын да береді. Жалпы, алтын шығаратын зауыттарды мемлекетке өткізейік. Жекенің қолындағы алпауыт зауыттардан бюджетке мол салық та түспейді. Қазақ жерінде орналасқан өндіріс орындары Қазақстанға жұмыс істесін. Ешкімнің әкесінен мұраға қалған зауыты емес. Бәрі халықтың пайдасына жараса дейміз. Осы аталған ойларды жүзеге асырып, ел қазынасын еселе сек, қаржыны қайда жіберетінімізді білмей қаламыз.
Жемқорлық барлығына кедергі келтіреді
– Біздегі әлеуметтік тауарлардың бағасы неге сонша қымбат?
– Бұл көптен толғандырып жүрген мәселе. Ең бірінші кезекте күнделікті тұтынатын азық-түлік арзандауы қажет. Нанның қымбат болуы өте ұят іс. Осыны қымбаттатқандар жауапқа тартылса екен. Біз дүние жүзіне ұн сатудан бірінші орында тұрмыз. Осыдан кейін неге нан бағасы шарықтауы керек?! Қайта арзандай түсу қажет. Осынша жерге бидай, күріш егіп отырып, осындай олқылық болмасын. Бұның баршасы ұрлықтың көрінісі. Біз дәнді-дақылдарды өңдейік. Кішкене болсын зауыт аша бастайық. Шағын және орта бизнеске мүмкіншілік берейік. Қайта қайта тексеріп, бизнесті тұралатпайық. Көптеген тексеріс бола берген соң кәсіпкер бизнеспен шұғылдануды тоқтатады. Осының бәріне жең ұшынан жалғасқан парақорлық кінәлі. Бұл әр салаға дендеп кіргенде, кәсіпкерлік демікпеге ұшырайды. Сосын дұрыс жұмыс істетпейді. Осы ретте Парламент таза, адал бизнеспен шұғылданатын жандарды қорғайтын заң қабылдаса дейміз. Жөнсіз кәсіпкерге тиіскендер жауапқа тартылатын болса, өркендейміз. Мына жанымызда тұрған Ташкентте қазақ кәсіпкерлері жұмыс орындарын ашып жүр. Оларда кәсіпкердің құқығы қатты қорғалған. Осының барлығын ойлай келе, жемқорлықтың түбіне балта шабатын кез жетті деп ойлаймыз.
Жас ғалымдарға жағдай жасайық
Шетелде ғалымдардың жағдайы жасалған. 10 мың доллардан артық жалақы алады. Дамыған державаларда ғалымның ашқан жаңалығын үкімет қарайды. Соған сай іс қылады. Өндіріске ғылыми жаңалықты енгізеді. Шетелде сізден ағылшын тілін біл деген талаптан гөрі, ғылыми негізіңе мән береді. Біздегідей ғылыми грантты әзер бермейді. Бізде осы ғылыми жоба бекітудің өзі бір азап. Оны ННС қарайды. Неше түрлі экспорттан өтеді. Зорға деп ұтасың, сосын бітпейтін тексеріс, есеп келе береді. Небәрі 2,5-3 жылдың ішінде ғылым жаса дейді. Кеңестік кезеңде ғылыми жобалар 5 жылға бекітілетін. Ашылған жаңалық сол кездің өзінде өндірісте қолданылатын. Ал қазір кімнің не жазып жатқандығына ешкім қызықпайды. Ағылшынша, орысша есеп сұратуды тоқтатайық. Одан да мемлекеттік тілде іс- қағаз жүргізу қажет. Дымға қажетсіз Scopus шетелдік журналына мақала шығар деп міндеттемейік. Қазір оның процентилі 35-тен асты. Жыл сайын процентиль көбейіп барады. Scopus немес Web of scince шетелдік журналда қазақ ғалымының 2 мақаласы болмаса, гранттық жобаға үміткер бола алмайды. Бұл не деген сұмдық! Мүйізі қарағайдай академиктердің монографиясы, том-том еңбегі сонда қайда қалды? Сондықтан шетелдік журналға мақала бер деп талап қою ақымақтық. Ол жағын ғалымның өз еркіне беру керек. Бұрынғы кандидаттық, докторлық жүйе болон системасымен қатар қолданылса екен. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын тездетіп шешіп, айлығын көбейтейік. Әйтпесе, шетелдің 4-5 мың доллар төлейтін жалақысына қазақтың білікті һәм білімді жастары кетіп қалады. Магистр дәрежесі үшін ғылымда, университетте жүрген жастардың айлығына 30 % үстемақы қосайық . PhD докторлар айлығын 2 есе көбейтейік. Сонда ғана оң нәтиже болады.
Қазақшаны қажеттілікке айналдырайық
– Ұлттық мемлекетке қарай қашан бет бұрамыз?
– Орталық Азиядағы бауырлас елдердің баршасы әлдеқашан бұл идеямен айналысып қойған. Соның ішінде Өзбекстанды алайық. Олар тәуелсіздікке шыққан бірінші күннен бастап осы мәселемен шұғылданды. Оны мен Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде ректор болып тұрғанда сездім. 1991 жылдан кейін жағдай қиын болды. Ғалымдар жоқ еді. Кадр жетіспейтін. Шымкенттің педагогикалық университетін қосып берді. Сонда Ташкентте бірден өзбек тіліне көшіп кетті. Орыс тілі ілуде біреулер үшін керек болып қалды. 10/1 топ қана орысша, қалғаны өзбекше оқыды. Кеңестік кезеңде орысша лекция оқитын көбіне ол жақта қазақтар еді. Сонымен, қазақтар жұмыстан босап қалды. Жүктеме қысқарған соң, оларды да қысқартады ғой. Соны мен пайдаланып, оқытушы-профессорларды елге алып келдім. Жұмыс, пәтермен қамтамасыз еттік. Жақында Қытайда үлкен конференцияға қатынастым. Өзбекстаннан Юлдашев деген ғалым келді. Екеуміз Мәскеуде бірге оқығанбыз. Ол физик. Сол кезден білемін. Қасындағы көмекшісі әңгіме үстіне келіп қосылды. Мен әлгі жас жігіт орысша білетін шығар деп сөйлеп едім. Ол «кешіріңіз, мен орысша білмеймін, мен өз ана тілім өзбекше және ағылшынша сөйлеймін» деді. Сүйсініп қалдық. Міне, олар қандай дәрежеге көтерілгенін бағамдай беріңіз. Ал бізде өз ана тілін білмейтіндер толып жүр. Парадокс! Айтуға да ыңғайсыз. Мемлекеттік тілде іс-қағазды талап етіп, жиынның бәрін түгел қазақшаласақ қана ұлттық мемлекетке айналамыз.
Ауылды сақтасақ – ұлтты сақтаймыз
– Ауылдың жағдайы не болмақ?
– Ауыл – түп негізіміз. Ол – қарашаңырағымыз. Ауылды сақтасақ – қазақты сақтаймыз. Бір кездері ауылдан қалаға жаппай көшті. Мұны урбанизацияға баладық. Шын мәнінде бұл – ішкі миграция. Содан бері жұрттың бәрі үдере қалаға көшуін әлі тоқтатпады. Ауылдық жерде түк болмағаннан кейін жұрт қалаға ағылып жатыр. 1932-1933 жылдары дәл осылай болған. Ашаршылықтан жүдеген халық қалаға көшкен-тұғын. Сөйтіп, шаһарларда жан сақтаған. Аяғы жетпегендер аштықтан көшеде, сай-сайда жан тапсырды. Урбанизация қызыл империя тұсында жүрді. Қалаға зауыт-фабрикалар салды. Оған ауылдықтарды көшірді. Үй мен жұмыс беріп, жағдайын жасады. Мінеки, бұл урбанизация еді. Ал қазір кім оларға үй салып беріп отыр. Ондай жағдай жоқ. Бұның айырмашылығы аспан мен жердей. Мен кеңес өкіметін аса жақсы көрмеймін. Қылышынан қан тамған қызыл империя ұлттық мемлекетті жоюға тырысты. Тіл, діл, мәдениетті ұмыттыруға асықты. Мақсаты – орыстандыру еді. Сондықтан да коммунизм дегені өтірік. Ол еш уақытта болмайды. Бұл – утопия. Бірақ қарапайым халықты, шопанды қолдаған болды. Олардың балаларын интернатта оқытты. Оқуға конкурссыз қабылдайтын болды. Әлгі бала ержетіп үйінен сыртқа кетсе, күн көріп кете алатын жағдай жасалды. Қазір ондай жағдайдың біреуі де қарастырылмаған. Бүгінде бір күн жұмыс істемесеңіз, аш қаласыз. Біз де сол кезде тудық. Әкем теміржолшы, анам үй шаруасында еді. Өзім ЖОО-ға түстім. Жоғары шәкіртақы алдым. Мәскеуде ғылыми дәрежені иелендік. Ол уақытта стипендия жоғары-тұғын. Шәкіртақымыз тұрмыс қажетін өтеп тұрды. Сонда жүріп жеңгеңмен табыстық. Балалы болдық. Дәп осындай жолмен өрледік. Елге белгілі азамат атандық. Осының бәріне мүмкіншілік бар болатын. Осылай дала мен қала жастарын қолдасақ, орнымызды басатын, нағыз отаншыл рухтағы тұлға пайда болады. Сонда ғана жоғарыда аталған игі ойларымызға жетеміз. Әділ қоғам орнайды, ұлттық мемлекет қалыптасады.
Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.
Газета «Almaty-Akshamy» №101 (6394) 24 тамыз, 2023 жыл