Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

САЯСИ ЖҮЙЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢАРТАТЫН БАСТАМА
04.11.2022
Көріністер:  259

САЯСИ ЖҮЙЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢАРТАТЫН БАСТАМА

Нүркен Айтымбетов, ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы

Кезектен тыс Президенттік сайлау саяси жүйені түбегейлі жаңартатын бастама болғалы отыр. Осы бастамалар жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы саяси реформалардың бағыты қалай болатынын жылдың басында бірнеше мәрте өз сөзінде қадап-қадап айтты. Бұл дегеніміз, Қазақстанның саяси жүйесінде алдағы уақытта елеулі өзгерістер болатынын көрсетеді. Осыған орай азаматтық қоғамға тың идея мен сындарлы көзқарасқа толы, саяси жүйенің уақыт талабына сай бәсекеге қабілетін арттыратын, өздерінің жаңа сайлауалды бағдарламасын ұсына алатын жаңа саяси партиялар келеді деп күтілген болатын.

Еліміздегі белсенділер мен партиялар жұмысын жандандыруға сайлау науқанына дайындықтан артық ештеңе серпін бере алмасы анық. Халықаралық нормаларға сай өткізілген әділ сайлау демократияның нақты өлшемі, саяси жүйеге сенімнің нақты көрсеткіші екені белгілі. Шын мәнінде, жыл басынан бері қарай еліміздегі саяси өмір алаңына жан бітіп, қыза түскеніне бәріміз куәгер болдық. Партияларға қойылатын талаптар жеңілдетілгеннен кейін қоғамдық қозғалыстар саяси партияға айналуға бастама көтере бастады. Ал жекелеген танымал белсенді тұлғалар өз алдына жаңа партия жасақтауға тырысты.

Қоғамдық сенім – күрделі әлеуметтік құбылыс екені рас. Ал, сайлау – қоғамдық сенімнің деңгейін, халықтың саяси мәдениеті мен қоғамдық келісімнің ерекше үлгісін көрсететін саяси алаң деп айтуға болады. Халық өзі таңдап дауыс беретін кандидатқа сенім артады. Сондықтан әрбір қазақстандық сайлауға белсенді қатысып, өзінің азаматтық таңдауын жасайды деп ойлаймын. Дегенмен, халықтың сенім сайлаудың қалай өтетініне тікелей байланысты. Онсыз да соңғы отыз жылда халықтың сайлауға сенімі өте әлсіреп төмендеп кеткені анық.

Егер шын мәнінде «Жаңа Қазақстан» құрамыз десек, ескі сарқыншақтардан арылып, демократиялық қағидаттарға негізделген әділ сайлау өткізуге бір табан жақындау керек. Жалпы, кезектен тыс өткелі отырған Президент сайлауы – бүкіл қазақстандық қоғамды топтастыруға, жауапкершілік танытуға, демократия, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарына адал болуға, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігін паш етуге шақырады деп сенеміз.

https://zanmedia.kz/wp-content/uploads/2022/11/Zan-85-86-1-8.pdf


← Тізімге қайту