Креативті индустриялар мен тілтанымға арналған стенд-конференцияға қатысу
2025 жылғы 17 наурызда Астанада «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: зерттеулер мен әзірлемелер» атты стенд-конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті мен ҚР ҒЖБМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырды. Конференцияға ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Философия орталығы директорының орынбасары Кельдинова Айман қатысты.
Конференция гуманитарлық ғылымдар, цифрлық технологиялар және креативті индустриялар тоғысында жұмыс істейтін жетекші ғалымдар мен сарапшыларды жинады. Бағдарлама аясында «Ақылды мәтін түзеткіш», «Қазақ мәтінін автоматты тану жүйесі», «Ахметтану» цифрлық платформасы», «Тілтанымдық электрондық кітапхана», «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры», «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» сияқты жаңа зерттеулер мен әзірлемелер таныстырылды.
Сонымен қатар, қатысушылар ҚР ҒЖБМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2024 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Ұйымдастырушыларға мазмұнды бағдарлама мен пайдалы талқылаулар үшін алғысымызды білдіреміз!