Алматыда IV Қазақстандық философиялық конгресс өтті
07.11.2026
Көріністер: 29
7 қарашада Алматы қаласында «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылықтық бағдарлар және даму перспективалары» атты IV Қазақстандық философиялық конгресс өтті. Ауқымды ғылыми форумға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың, халықаралық және ұлттық философиялық қоғамдардың өкілдері, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Конгреске ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова қатысып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. Министр қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында философия ғылымының маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
«Ауқымды технологиялық, әлеуметтік және мәдени өзгерістер жағдайында болып жатқан үдерістерді философиялық тұрғыдан пайымдау болашақ дамудың бағдарларын айқындауға, қабылданатын шешімдердің салдарын бағалауға және ғылыми прогрестің гуманистік негіздерін сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде философияның ғылыммен, білім берумен және заманауи технологиялармен байланысын нығайту ерекше маңызға ие. IV Қазақстандық философиялық конгресс отандық философияның жетістіктерін саралауға, оның даму перспективаларын айқындауға және философиялық білімнің қоғам алдындағы міндеттерді шешудегі рөлін арттыруға ықпал етеді деп сенемін», - делінген министрдің құттықтау хатында.
Конгрестің негізгі мақсаты – жаһандық өзгерістер жағдайында философияның рөлін зерделеу, қазіргі Қазақстан қоғамының рухани-адамгершілік және құндылықтық бағдарларын қалыптастырудағы отандық және әлемдік философиялық ойдың маңызын айқындау.
Ғылыми форум барысында қатысушылар жаһандық геосаяси, технологиялық және әлеуметтік-мәдени өзгерістер жағдайындағы қоғам дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ұлттық бірегейлік, әлеуметтік әділеттілік, адам жауапкершілігі, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамдық санаға ықпалына ерекше назар аударылды.
Конгрестің негізгі бөлігін философия ғылымының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына арналған пленарлық отырыс құрады. Онда философияның заманауи қоғамдық үдерістерді түсіндірудегі, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттырудағы рөлі қарастырылды.
Сонымен қатар конгресс аясында төрт тақырыптық алаң жұмыс істеді: «Философиялық ойлау мәдениеті және оның білім беру жүйесіндегі орны» секциясы; «Түркі философиясы» секциясы; Философиялық журналдар редакторларының кездесуі; «Дала философиясы» пікірталас алаңы.
Тақырыптық секцияларда философиялық білім беруді жетілдіру, сыни ойлау мәдениетін дамыту, түркі халықтарының тарихи-философиялық мұрасын зерттеу және дала философиясының ерекшеліктері талқыланды. Сондай-ақ философияның ғылыммен және заманауи технологиялармен байланысы, ғылыми басылымдарды дамыту, академиялық коммуникация мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды. Ғылыми пікірталастарда саяси және құқық философиясының өзекті бағыттары, оның ішінде әділеттілік, еркіндік, адам құқықтары, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы мәселелері де қозғалды.
IV Қазақстандық философиялық конгресс отандық және халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына, философиялық зерттеулердің басым бағыттарын талқылауына және ғылыми байланыстарды нығайтуына мүмкіндік берді.
Форум Қазақстандағы философия ғылымын дамыту, ұлттық зияткерлік мұраны зерделеу, жас зерттеушілерді қолдау және қоғамның құндылықтық бағдарларын ғылыми тұрғыдан пайымдау бағытындағы маңызды алаңға айналды.